БОЙТҰМАР БӘЙГЕСІ БАСТАЛДЫ

0 153

e4b9fa71473164b113f573cd96828fd2

Кеше елімізде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме нышанына жаппай дауыс беру кезеңі басталды. Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын «ЭКСПО-2017» көрмесінің үздік маскот дизайны бойынша халықаралық байқау жарияланған болатын. Оған Бразилия, Мексика, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Германия, Швейцария, Ұлыбритания, Испания, Босния және Герцеговина, Бельгия, Литва, Румыния, Польша, Украина, Израиль, Үндістан, Индонезия, Ресей, Қазақстан және басқа да елдерден 80-нен аса жоба келіп түсті. Нәтижесінде Байқау комиссиясы көрме талисманы құқына таласатын 7 қатысушының  жұмысын іріктеп алды.

Байқау жобаларына қойылған басты талап – «Болашақ энергиясы» тақырыбын қамту. Сонымен қатар, еліміздің мәдени ерекшеліктерін айғақтауы тиіс. Іріктеп алынған жобалардың қатарында Қазақстан мен Украинаның түрлі жарнама агенттіктері мен жеке дизайнерлер жолдаған талисмандар бар.

– Байқау шарттарына сай, жеңімпаздар 2014 жылдың тамыз айының 4-і мен 18-і аралығында өтетін халықтық дауыс беру арқылы анықталады. Көп дауыс жинаған үш жобаның ішінен біреуі жеңімпаз болып танылады. Байқау нәтижесі 19 қыркүйекте жарияланбақ. Жеңімпаз атанған автор лайықты марапатпен қатар, көрменің маскот брендбугын жасау туралы келісімшартқа қол қояды.

– Біз ұсынылған жобалардың креативтілігіне таң қалдық. Маскот барша әлемге танымал болатын көрменің бейнесіне айналып, өздеріңіз таңдаған тұмар Қазақстанға сәттілік әкеледі деп сенемін, – дейді «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Маркетинг және жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры Әсел Қожақова.
Айта кеткен жөн, дауыс беруге қатысу үшін «Facebook», «Vkontakte», «Твиттер» немесе «Мой Мир» әлеуметтік желілерінде тіркелу қажет немесе электронды пошта арқылы арнайы код алып қана дауыс беруге болады. Тіркелген пайдаланушыға жеті дизайнның біреуіне ғана дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + seventeen =