Бөгенбай батыр ескерткіші

0 18

Бұқар жырау бабамыз «Қазақтың қамал қорғаны» деп бағалаған, жоңғар шапқыншылығында қазақ әскерінің қолбасшысы болған Бөгенбай батырға бас қаладағы қойылған ескерткіш 2007 жылы 5 шілдеде ашылған. Ол даңқты тұлға есімімен аталған даңғылда орналасқан. Ескерткіште батыр ат үстінде бейнеленген. Бір қолын жоғары көтеріп, ел шетіне келген жауды бөгеп тұрғандай. Ал екінші қолындағы алдаспан сол кезеңнің алмастай қылпыған қауіп-қатерін аңғартып тұрғандай көрінеді. Ескерткіш тұғырының биіктігі 11,3 м болса, ат үстіндегі батыр мүсінінің биіктігі – 6,3 метр. Авторы – белгілі мүсінші Тоқтар Ермеков.
Біз сөзіміздің басында Бұқар бабамызды бекер айтқан жоқпыз, қазақ елінің тірегі болған баһадүр өмірден өткенде әруақты жырау, үш жүздің басын қосқан Абылай ханға батырдың өлімін:
– Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал-қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті – Бөгенбай!
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан,
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған,
Батырың өтті – Бөгенбай!, – деп жеткізіпті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 5 =