«БОГЕМА» ПРЕМЬЕРАСЫ­ БОЛДЫ

0 99

header_Astana-Opera-La-Boheme-anounce

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында италиялық композитор Джакомо Пуч­чи­нидің «Богема» операсының премьерасы өтті. ХІХ ғасыр соңында Турин қаласында көрер­мен­дерге алғаш рет таныстырылған бұл туындыны елордалықтар да зор ықыласпен тамашалады.

Опера негізінен төрт актіден тұрады. Астана­лық­тардың назарына оның қысқартылған түрі – екі актісі ғана ұсынылды. Уақиға Париж қаласында, Рождество мерекесінің қарсаңында өрбиді. Пәтер жалдап тұрған төрт дос – ақын Рудольф, суретші Марсель, философ Коллен және музыкант Шонар суық үйде жаурап отырса да, тапқан-таянғандары өмір сүрулеріне әрең жетсе де, еш мұңаймайды. Аңғалдау пәтер иесі Бенуа пәтерақысын сұрап келгенде, оны алдап-сулап шығарып салады. Содан кейін көңіл көтеруге уағдаласып, кабакқа баруға келіседі. Рудольф үш досын жіберіп, сәл аялдап қалады. Сол кезде көршісі – Мими есімді ару есікті қағып, балауызды жағуға от сұрайды. Екеуінің арасында махаббат алауы тұтанып, ақыры кабакқа қыз бен жігіт қол ұстасып барады.

Екінші актіде көрермендер думандатқан халықты көреді. Мейрам қарсаңында қызып жатқан сауда… Кабакта тойлап отырған төрт дос пен Мими. Сол жерде Марсель өзінің ғашығы – еркетотай Мюзеттаны кездестіреді. Сауықшыл қыз онда қартаңдау жастағы, алайда, қалтасы қалың Альциндормен келеді. Жас қызға есі кеткен азамат оның барлық еркелігін көтереді. Соны пайдаланған Мюзетта Рудольфты қызғандырамын деп шолжаңдап бағады. Оған шыдамаған суретшінің жүрегіндегі сезім де атойлап шығады. Осыны көрген Мюзетта ебін тауып,  Альциндорды бір жерге жіберіп, ғашығымен табысады.

«Богема» операсы – жиырма жасар адамдар туралы және сол жастағы көрермендерге арналған туынды. «Астана Опера» театрында жас, дарынды солистермен операны қоюға мүмкіндік алдым. Бір жеңілдетілген жайт, опера бәлендей декорацияның қажет етпеді» дейді қойылым режиссері Юрий Александров.

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − thirteen =