БЛЮЗДІҢ ЖӨНІ БІР БӨЛЕК

0 128

Кеңестік идеологияның кесірінен қалың жұртшылыққа кең тарамаған өнердің бір түрі – блюз. Оны КСРО -да «буржуазиялық» десе, Еу­ропада «қара түстілердің» ән салу мәнері деп са­налды. Шынында да, блюздің қалыптасуында афроамерикандықтардың үлесі зор. АҚШ-тың оңтүстік шығысындағы мақта плантацияларын­да тер төккен негрлердің әндері мен сазды аспап­тарда ойнау шеберлігі блюздің негізін қалап, ХІХ ғасырдың басында Еуропаға тарай бастады. 

Кәрі құрлықты жаулап алған жаңа музыка ағымына ағылшын ақсүйектері де қарсы тұра алмады. Қоғамда қалыптасқан дәстүрге қарсылық ретінде пайда болған британ блюзінің өзіндік тари­хы бар. Алғашқы британ блюз топтарын ұйымдастырушы -»Blues Incorporated» осы өнердің көшін бастады. Ал, танымал әншілер Алексис Корнер мен Сирил Дэй­вис «ритм-энд-блюз» деп аталатын блюздің жаңа бағытының негізін қалады. Аты әлемге танымал Эрик Клэптон, Мик Джаггер, Джек Брюс и Джинджер Бейкер секілді жұлдыздардың бағы осы кезеңде жанған еді. «Rolling Stones», «Animals» и «Yardbirds» тобы да осы жұлдыздар қатарында жарқырады. Міне, осылайша британ блюзы өзіндік сипаты­мен саз әлемінен ойып тұрып орын алды.

Жақында Ұлыбританияның ең үздік блюз орындаушыларының бірі Дана Гилле­спи мен LONDON BLUES тобы Астанада өнер көрсетті.

Халықаралық блюз өнерінің тірі аңызына айналған Дана Гиллеспиді блюз елшісі деп те айтады. Дана өзі жайын­да «Менің ойымша, блюзді ақыл тоқтатып, кемеліне кел­ген кезде орындау керек. Адам тағдырының драма­сын жеткізу үшін сол өмірді сүріп, белестерінен асу ке­рек. Сонда сұлу саз жүректі тербеп, сезімді қозғайды» дейді. 1949 жылы Англия­да атақты музыкант Джон Биркс Гиллеспидің отбасын­да дүниеге келген Дана 45 жылдық өнер жолында 65-тен астам альбом шығарды.

-Мен Америкалық Фолк Блюз фестивалінен келгенде алғаш рет блюзді тыңдадым. Ол кезде 15 жаста болатын­мын және өмірімде осыған же­тер ештеңе естімеппін. Блюз -менің алғашқы махаббатым,-дейді әнші. Алғашқы әсерінің күштілігінен де болар, Дана алғашқы альбомын 15 жасын­да жазды.

Атақты әншінің лондондық Вестендегі шоу, Эдинбург фестивалі, бүкіл Еуропа, Таяу Шығыс, Ин­дия фестивальдарының сыйлықтары бар. 1992-1996 жылдары Британдық Блюз ассоциациясы мен «Bluepraint magazine» журналы «Британдық ең үздік блюз орындаушы­сы» деп бағалайды. Кариб аралдарындағы Мустик музыкалық фестивальді Дана Гиллеспи мен Бэзил Чарльз осыдан он бес жыл бұрын ұйымдастырған болатын. Қайырымдылық мақсаттағы блюз фестивалі бүгінде өркен жайды.

Дана музыка фестивальдеріне қатысып қана қоймай, блюзклубтарда өнер көрсетіп, радиошоу жүргізеді. Бірнеше рет киноға түсті. Ол «Ии­сус Христос – супер жұлдыз» рок-операсындағы Мария Магдалена ариясының алғашқы орындаушысы. Атақты блюз-әнші Дана үнді музыкасының да насихатшысы.Ол бір сұхбатында былай деген еді: «Менің жас кезімде үнді музыкасының біздің елде көп таралмаған кезі болатын. Өзге мәдениетке жатырқай қарайтын еуропалықтарға шығыс мәдениетінің жауһарын жеткізудің қажеттілігін сезіндім». Дана Гиллеспидің өзге еуропалық блюз орындау­шыларынан артықшылығы үндінің хаджанын аранжи­ровка жасап айтып жүр.Ол шығармашылығында рухани үндестікке басымдық береді.

Дана Гиллеспи Еуропадан алып келген ыстық сәлемін өзінің «Salaam Aleikum» әнімен жеткізді. Сол күні Бейбітшілік пен келісім сарайының сахна төрінде блюздің сыршыл әуендері орындалды. Адамзаттың рухани қазынасын байы­тып, Жаратқанға бір табан жақындататын бір құдірет -өнер болса, Дана Гиллеспи бар талантымен астаналық тыңдармандарды тәнті етті.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × two =