Блокбекеттер карантин аяқталғанша жұмыс істейді

0 6

Елордалықтар үшін ескеретін жайт – Нұр-Сұлтан қаласындағы блокпосттар карантин аяқталғанша жұмыс істейді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен арнайы түсінік берді. «Карантин аумақтарындағы блокпосттар төтенше жағдай мен карантин шаралары аяқталғанша жұмыс істеп тұрады. 11 мамырға дейін бұл сұрақ ашық күйінде қалады» деді Б.Мәкен Орталық коммуникациялар қызметінде.Осы орайда аталған блокпосттар тиісті қадағалау шаралары үшін қажет екенін атап өтті. «Білім беру мекемелерінің барлығы қашықтан оқыту тәртібінде жұмыс істеп жатыр. Әзірге балабақшалар да ашылмайды. Сән салондары, шаштараз секілді орындар үшінші кезең аясында қаралатын болады» деді әкім орынбасары.
Әзірге карантин ережелеріне бағынғысы келмейтіндердің қарасы азаймай тұр. Қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұр-Сұлтан қаласында карантин басталғалы 3347 азамат жауапқа тартылып, оның 226-сы қамауға алынған. Сондай-ақ 2348 адамға айыппұл салынып, 699 құқық бұзушыға ескерту жасалды. 74 іс сотта қаралуда. Әкімдіктің айып тұрағына 1160 көлік қойылды.
– Шектеу мен ескертуге қарамастан блокпосттарға тоқтамай, карантин аймағын кесіп өту жиі тіркелуде. Бүгінде 143 адам қамауға алынып, 44 адамға айып­пұл салынды. 24 материал сот қарауына жіберілді, – дейді баспасөз қызметі. «Қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, полицияның заңды талаптарын орындаңыз және оларға инфекцияның алдын алуға көмектесіңіз. Бұл шаралардың барлығы сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін жасалды» делінген хабарламада.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − fifteen =