Блокбекеттер алынды

0 8

Нұр-Сұлтан қаласында бақылау бекеттері алынды. Енді көліктер еркін қатынай алады.

Елордада 19 наурыздан бастап тос­қауыл бекеттер қойылды. Жеті тосқауыл бекеті жұмыс істеп, індеттің алдын алу жұмысына көп септігін тигізді. Тосқауыл бекеттердің алынуы карантиндік режим аяқталды деген сөз емес. Сондықтан жауапты мамандар жүргізушілер мен жолаушыларды сақтық шараларын әлі де сақтауға шақырып отыр.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, карантиндік режим кезінде елде 400-ге жуық блокбекет жұмыс істеді, оған 6000-ға жуық ІІО қызметкері қатысты. Барлық кезеңде 3,2 млн-нан астам көлік құралы мен 5 млн жолаушы тексерілді.
Сондай-ақ Қарағанды тасжолындағы «Жібек жолы» блокбекетінде Нұр-Сұлтанның Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов вируспен күресте алдыңғы шепте болған дәрігерлер, полицейлер мен еріктілерді марапаттады. Дәрігерлер, еріктілер мен полицейлер ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев, елорда әкімі Алтай Көлгінов және Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденовтің атынан грамота және алғыс хаттармен марапатталды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзін-өзі оқшаулау және шектеу тәртібі кезеңінде қабылданған шаралардың арқасында елдегі қылмыс 26 пайызға төмендегенін мәлімдеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 15 =