Блокбекеттен ақша беріп өте алмайсың

0 7

Нұр-Сұлтан қаласы жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғұсман Жакин блокбекеттерден кімдердің өте алатыны жайында айтты.– Елімізде 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Бірақ карантин режимі сақталады. Блокбекеттер алгоритм бойынша жұмыс істеуде. Осыған сәйкес қала сыртындағы 6 блокбекетте полиция мен әкімдік қызметкерлері және дәрігерлер санитарлық-карантиндік бақылауды жасауда. Блокбекеттерден өте алатындар қатарына қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін жұмысы қайта басталған ұйым қызметкерлері, саяжай учаскелеріне баратындар, медициналық көмек алатындар, егіс жұмысымен айналысатындар, Ақмола облысының төрт ауданы, яғни Целиноград, Аршалы, Шортанды және Қорғалжын аудандарының тұрғындары өте алады, – деді полиция қызметінің басшысы. Сондай-ақ ол басқа өңір тұрғындары қажетті құжаттарды толтыратынын ескертті. Жерлеу рәсіміне байланысты, шетел азаматтары, кәмелетке толмаған балаларына және сырқат туысына ұшақпен бара жатқандар, Түркістан облысына көмекке баратындар, азық-түлік пен басқа да тауарларды таситындар және транзит өте алады. Басқа мәселелер жеке қаралатынын жеткізді.
Сондай-ақ Ғұсман Жакин блокпосттардан ақша ұсынып өтіп кеткісі келетіндердің жолы кесілетінін мәлім етті. «Жалпы, карантин енгізілгелі бері 5 мыңға тарта азамат әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда азаматтар қазір жағдайға түсіністікпен қарай бастады. Сондай-ақ блокпосттан полиция қызметкерлеріне ақша беріп, ешқандай тіркеусіз, анықтамасыз өтіп кетпек болған адамдар да кездесті. Әлбетте, мұндай фактілердің бәрінің жолын кесеміз. Бізден бөлек, блокпостта әкімдіктің, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де кезекшілік атқарады. Сол себепті мұндайға жол берілмейтінін айтқымыз келеді» деді Ғұсман Жакин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × two =