Блогер болам десеңіз…

0 160

Көптің алдында жүру, күнделікті өміріңді stories-ке түсіру, сезімдерің мен ойларыңды post етіп жазу біз ойлағандай оңай емес. Әншілерден де танымал, кейбір бизнесмендерден де бай, саясаткерлерден де ақылды болғың келсе, блог жүргіз. Соңғы 15 жылда үлкен танымалдылыққа ие болған блогерлердің халі қандай?

Жұлдызды блогерлер

Есімдерін атай бастасаң елдің бәрі танитын, көптің көз алдында жүрген қазақстандық үздік бестікті анықтап көрейік. Оқырман саны бойынша көш басында Ерболат Жанабылов пен әйелі Эльмира Төлегенова тұр. Қарапайым елордалық жігіттің инстаграм желісіндегі оқырмандар саны 6,2 миллионнан астам. Ал Эльмираның парақшасына 5,5 миллион адам жазылған. Жас жұбайлардың қызыққа толы өмірін, қуанышты сәттері мен кішкентай балаларының тәтті қылықтарын еліміздің әрбір үшінші тұрғыны бақылап отыр. Олар «Абай жолын» кімнің жазғанын білмесе де, Жанабыловтар отбасының қайда қыдырғанынан, карантинде немен айналысқанынан, жазда қай елге демалуға барғанынан хабардар.
Қазақстандық «Жұлдызды блогер» атағы үшін күресте қола медальді 5,5 миллион оқырманы бар Ерке Есмахан мен Сека ретінде танымал вайнер Серғазы Тоқтарбек бөлісті. Сахнада он жыл жүріп, бір сәтте «Қайда?» әнімен танымал болған блогер-әнші әдемі суреттері мен сезімге толы жазба қалдырып, оқырман жүрегін жаулап жүр. Ал өзін қарапайым көше баласы деп атайтын Серғазы Тоқтарбек кішкентайынан өнер көрсетуді армандаса да, өмірде жиі жолы болмаған. Бірде ол инстаграм желісінде отырып, достарымен телефонға түсірген қысқа әзілдерін жүктейді. Өз ортасында көп адамға өтпейтін Секаның әзілдері инстадағы оқырмандардың назарын бірден аударған. Осылайша, өмірге Сека вайнер келді.
Төртінші орынды 5,4 миллион жанкүйермен Қайрат Нұртас толықтырды.
Бесінші орынды блогер Әлия Байтуғаева 5,3 миллион оқырманымен иеленді. Анығырақ айтсақ, шетелдік блок байқауларға «супер мамасита» есімімен қатысып, қазақ елінің атын шығарып жүрген үш баланың анасы.

Сан мен сапа сараланса…

Қаншама миллиондар көз алдыңда сайрап тұрса да, біздегі блогерлер мен вайнерлердің салған суреттерінің астында дәл сондай сандар кездеспейді. Мұны көзбояушылық дейін десең, өтірік оқырман жинау белең алып кеткен. Енді қайтсін, ақша табу үшін парақшаңның үстіндегі сандарға «0»дерді қосуды аяйсың ба? Оқырмандардың шынайылығын trendhero сайтына кіріп тексеріп көрдік. Содан бірнеше мысал келтірейік. Жұлдызды блогерлер тізімінде көш бастап тұрған Ерболат Жанабыловтың 6,2 миллион оқырманының 3,8 миллионы – белсенді аудитория. Шынайы оқырмандардың саны – 2,7 миллион, пікір қалдыратындар – 50 мың адам. Ал танымал вайнер Серғазы Тоқтарбектің 5,5 миллион оқырманының 2,6 миллионы – белсенді аудитория. Шынайы оқырмандар – 1,5 миллион, пікір қалдыратындар саны – 5 мың.
Иә, блогерлердің оқырмандар санының тең жартысы жалған аккаунттар болып шықты. Нарықта бір жазылушының құны 1 теңгеден басталады. Оқырман жинаудың гивке қатысу, таргет – жарнама жасату, ұтыс ойынын өткізу деп кете беретін бірнеше жолы бар. Соңғы кезде көп айтылып жүрген оқырман жинау тәсілі – гив. Ондаған, тіпті жүздеген блогерлер бірігіп, бағалы сыйлықтарға ұтыс ойынын өткізеді. Ал оқырмандар сол демеушілердің бәріне жазылып, байқау шарттарын толық орындауы керек. Осындай дүрмектің артынан ілескен қаншама адамнан бір машина немесе телефон ұтты деген хабарды естімеппіз. «Гивпен жиналған оқырмандар парақшаның статистикасын түсірмесе, еш пайда әкелмейді. Гивтен келген адамдар, сол ұтыс біткен күні-ақ тіркелген парақшаларынан шығып кетеді» деді жас блогер Айжан Алқабек. Ал Құндыз Қуанышбекова атты инстаграм қолданушысы 50-ге жуық осындай ұтыстарға қатысса да, бірде-бір рет жеңбепті.

Бизнес көзіне айналғанБлогерлер де желіде еріккеннен пост жазып жүрген жоқ. Әрқайсының жеке кәсіптері мен жарнама берушілерден келіп түсетін табыстары бар. «Блогерлікті мамандық ретінде қабылдай алмаймын. Блогер – әлеуметтік желіде жазба жүргізетін адам. Жеке блог жүргізудегі негізгі мақсатым – халыққа ақпарат беру, олардың ойын өзгерту. Бұрыннан қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, білім алыңдар, сауатты болыңдар деп айтып жүрдім. Кейіннен жазбаларым қаржылық сауат пен банктің тіліне қарай ойыса бастады. Оқырмандардан кейде алғыс алсаң, күні бойы көңілді жүресің. Ал өмірге өкпесі бар, фейк парақшалармен отырған адамдар негатив жазса, басында көңіліме жақын қабылдайтынмын. Кейін оқырмандарымның саны артқан сайын мән бермеуге тырысатын болдым. Бір жарнаманың құны миллионның айналасында» деді баспана алуға бағыт беріп жүрген блогер Дәулет Мұқаев.
Бүгінде блогерлерді де әртүрлі салаларға бөліп қарастыруға болады. Соның ішінде саяхатшы, бизнесмен блогерлер мен аспаздық, психологиялық блогтардың аудиториясына сұраныс ерекше. «Блогер боламын деп басында еш ойламағанмын. Тек суреттерімді жүктеп жүрдім. Кейін оқырмандардың сұранысы, өзімнің қызығушылықтарым бойынша түрлі посттар жаздым. Негізгі мамандығым – психолог болғаннан кейін психология, қоғамға маңызды әйел тағдыры, бала тәрбиесі, отбасы, саяхат, жарқын өмір салаларын қамтыдым. Әр блогер парақшасында көп оқырманның болғанын қалайды. Бірақ маған 5 жыл бойы өз еріктерімен жиналған оқырмандарым қымбат. Ешқандай гивке қатысып, оқырман санын көбейтуді ойламаймын. Жарнамадан табыс әртүрлі түседі. Бір айда осынша тапсырыс келеді деген кепілдік жоқ. Бір жарнама посттың бағасы – 100 мың теңге. Менің ойымша, қазақ блогерлеріне оқырман алдындағы жауапкершілік пен сауаттылық жетіспейді» деді көпшілікке саяхатшы блогер ретінде танылған Динара Болат.
Сылақшы­-блогер Эльмира Ешниязова инс­таграм желісі арқылы қайырымдылықпен айналысып, осы уақытқа дейін 50-ге жуық отбасының баспаналы болуына себепші болған. «2016 жылдан бастап инс­таграмда қайырымдылықпен айналысып келемін. Желіде оқырмандарымды «инста төркіндерім» деп атаймын. Осы уақытқа дейін инста төркіндерімнің арқасында талай жетім-жесірдің баспаналы болуына қызмет еттік. Сондай-ақ жеке кәсібімде де көп клиентті осы парақшамнан таптым» деді Эльмира Ешниязова.

Блогерлік – басқаша ағым

Жалпы интернет саласында 1998 жылдан бері, ал блогосферада 2007 жылдан бері келе жатқан белгілі блогер, Kerekinfo.kz блог-платформасының негізін қалаушы Аршат Ораздың айтуынша, блогер деген ұғым қазіргі қоғамда негізгі мағынасы мен міндетін жоғалтып алған. «Қазір классикалық блоггинг бар деп айту қиын. Бұрынғы блогосфера кезеңін әлеуметтік желі заманы жұтып қойды. Тіпті әлеуметтік желідегі белсенділерді блогер деп қате атай бастады. Негізінде оның блоггингпен қатысы жоқ. Блогер – жеке блог жүргізетін адам. Ал әлеуметтік желі белсенділерін «Қоғамдық пікір көшбасшылары» деп атаған дұрыс. Сондай-ақ соңғы кезде Инфлюенсер деген де атау бар. Сенімді, тұрақты, кең аудиториясы бар адамдар бұлар. Осындай белсенді және танымал қолданушылар әлбетте жарнамалық посттар да жазады әлеуметтік желіде. Қайталап айтамын, бұл блоггинг емес. Блогерлік – басқа ағым, интернеттегі субмәдениеттердің бірі. Әлбетте, блогер әлеуметтік желіде де танымал болуы мүмкін. Бірақ оның бөлек алаңы бар жазбаларын жариялайтын. Блоггинг – хобби. Интернеттегі шығармашылық бағыттың бір түрі. Ол адамға табыс әкелмеуі мүмкін. Егер жазатын дүниелері қызық болса, қоғамдық мәселе көтеретін болса, репортаждары тартымды болса, сараптамалары сапалы болса, олар да ақылы пост жазады, қаламақы да алады сайттардан немесе басылымдардан. Қазақстанда блоггинг 2007 жылдары басталды, 2010 жылдары дамыды, 2015 жылдардан кейін құлдырау кезеңі басталды. Қазір қазақша блоггинг жоқ деуге болады. Ал орыс тілді блог-платформаларда тіршілік бар әлі. Қазақ тілінде жақында Texter.kz атты платформа аштым. Өйткені әлі де мәтіндік контентке қызығатындар, оқитындар, жазатындар бар екеніне сенемін. Сондықтан осындай орта үшін блог-платформа керек, әрине. Блоггингті бір жағынан азаматтық журналистика деп те қарауға болады. Қоғамға ой салып отыруға, мәселелерді анықтауға, еркін пікір, түрлі рецензиялар үшін журналистиканың осындай тәуелсіз түрі де керек-ақ» деді Аршат Ораз.

Әлем кімді қарайды?

Бүгінде кино мен спортта, эстрада мен саясатта ұпай жинаған адамның әлеуметтік желідегі парақшасына жұрт ағылып келіп жатады. Себебі жұлдыз біткеннің күнделікті өмірдегі тыныс-тіршілігі кім-кімге де қызық. Солардың ішінде желідегі ең танымал адамдардың қатарында атақты футболшы Криштиану Роналду 255 миллион оқырман санымен көш бастап тұр. «Ювентус» клубының лидері өткен жылы Instagram-да ең көп табыс тапқан блогер. Ол 49 жарнамалық мәтіннен 47,8 миллион доллар пайда көрген. Танымал спорт жұлдызының парақшасын арнайы пиар компаниясы жүргізеді. Өйткені 255 миллион оқырманды белсенді ұстап тұру, бір мемлекетті басқарудан да қиын. Криштиану Роналдуға әлемнің мен деген ең ірі компаниялары жарнамаға тапсырыс береді. Бұл – спортшының футболдан бөлек, қосымша хоббиі. Ол спорттан қол үзген жағдайда да, инстаблогерліктен тапқан табысына өмір сүре алады.
Дегенмен, Роналду футболдағы бірінші ойыншы болса да, инстаграмда бірінші болу үшін көп тер төкті. Бірнеше жыл қатарынан ең көп оқырманы бар инста жұлдыз америкалық әнші, актриса Селена Гомес екінші орынға түскен. Өткен жылдың қазан айында олардың оқырмандар санындағы айырмашылық тек 200 мың болса, қазір 51 миллионға жетті. Бұл Шри-Ланка мен Македонияның халық санымен пара-пар. Селена Гоместің оқырмандары қазіргі таңда 204 миллион адам. Әнші парақшасында қайырымдылық істері мен шығармашылығы туралы жиі бөліседі. Ал әлемдегі ең көп оқырмандары бар үздік үштікке кіретін Ариана Гранденің жазылушылары әншінің жанжалдарынан кейін күрт артқан. Ол әлеуметтік желіде 2008 жылдан бері танымал.

Ұпай жинаудың төте жолы

Әлеуметтік желінің тағы бір қыры саясат пен қоғам белсенділері бұл жақта ерекше қарқынды. Әсіресе саяси науқан кезінде омартадағы бал арасындай қыза түседі. Осы жолғы АҚШ-тың сайлауында Трамп пен Байденнің қайсының бәсі жоғары түсерін, қайсының жақтастарының белсенді екенін әлем сарапшылары әлеуметтік желідегі белсенділіктері мен оқырмандарының пікірлеріне қарап баға беріп отырды. Мұндай үрдіс біздің елдің саясаткерлері мен шенеуніктерін де айналып өтпеген. Былтыр Президент «Әкім мен мемлекеттік қызметкерлер халықпен етене аралассын» дегені сол еді, жұрт қана қарайтын инстаграм мен фейсбукта аватарына креслодағы суретін қойған қалың шенеунік қаптап кетті. Блогер болмаса да, атқарып жатқан жұмыстарының есебін ара-тұра салып тұратын белсенді әкімдер бұл жақтан да ұпай жинап жатыр.
Қазақстандық желі қолданушыларының тағы бір қызыға оқитын блогерлері – қоғам белсенділері. Олар Динара Сатжан, Әлішер Елікбаев, Ержан Рашев, Сәкен Майғазиев, Өркен Кенжебек, Тимур Бектұр, Баян Алагөзова, Серік Абас-шах сынды әр саланың белді мамандары. Айтарлықтай көп оқырмандары болмаса да, желі қолданушыларына олардың әрбір жазбасы мен күнделікті өмірлері, отбасылары қызық. Өз кезегінде мұндай блогерлер қоғамдық пікірдің қалыптасуына әсер етіп отырғаны үшін тапсырысқа посттар жазады. Тіпті кейбір жазбаларындағы ойлары бір-біріне қарсы келіп жатса да, әкім мен шенеунік, жарнама беруші компаниялар төлеген ақша үшін жеке принциптерін бұзуға дайын.
Алдағы он бес жылда блог саласының әлі қалай өзгеретіні бәрімізге беймәлім. Бірақ әлеуметтік желі адам өмірін талай құбылтары анық.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 7 =