«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бизнестің жол картасы – берекелі істің басы

0 300

Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамыту үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы.

5300 жұмыс орны ашылған

Аталмыш бағдарлама «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Президенттің 2010 жылғы 29 қаңтардағы Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегия­лық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген болатын. Сондай-ақ осы бағдарлама Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2030» стратегиясы» және «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы Жолдауларының мақсаттарына да қол жеткізуге бағытталған.
Жалпы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 9231 адам қаладағы шағын және орта кәсіпкерліктің қатарын толықтырыпты. Жалпы, елордада 157 481 кәсіпкер тіркелген екен. Оның 62689-ы заңды тұлғалар болса, 94587-сі – жеке кәсіпкерлер, ал 205-і – шаруа қожалықтары. Бұлардың көбісі түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша субсидия алып отырған көрінеді. Мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 120 жобаны жүзеге асыру үшін қазынадан
31 млрд 24 млн 400 мың теңге қаржы бөлініпті. Ал жалпы, осы бағдарлама іске қосылғалы бері 1 трлн 760 млрд 21 млн 300 мың теңгенің 1016 жобасы қолға алынған екен. Нәтижесінде 9 мың бұрынғы жұмыс орны сақталып, 5300 жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ осы кәсіп­орындар есебінен салық төлемдері арқылы мемлекет бюджетіне 21,5 млрд теңге кіріс кірген.
– Кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы зор. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қоса, елордалықтарға «Астана бизнес», «Astana – ZhasStarT», «Startup», «Astana Retail», «Астана Сервис» сияқты жергілікті бағдарламаларды да ұсынып отырмыз. Мысалы, кәсібін енді бастап жатқандарға арналған «Startup» бағдарламасы бойын­ша 7 жобаның құны 316 млн теңге болса, «Астана Сервис» бағдарламасы арқылы 441 млн теңгенің 6 жобасы жүзеге асырылмақ, – дейді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.

Тегін курс, тегін қызмет

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Данияр Монтаевтың сөзінше, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шарапаты мол. Мысалы, осы бағдарламаның төртінші, қаржылық емес қолдау көрсету бағыты бойынша кәсіпкерлер бухгалтерлік, заң, кедендік, маркетингтік қызмет, бизнес жоспар құру сияқты 8 қызметті тегін пайдалана алады екен.
– Ал консалтингтік компания­ларда мұндай қызмет түрлері – ақылы. Мысалы, салық кодексі бойынша есеп беру жөнінде бір рет кеңес алудың өзі 2-3 мың теңге тұрады. Жыл басынан қыркүйектің соңына дейінгі аралықта 3478 кәсіпкерге 4213 тегін қызмет көрсетілді. Яғни бір кәсіпкердің бухгалтерлік немесе келісімшартты әзірлеу, оны талдау сияқты бір емес, бірнеше қызмет түрін пайдалануға мүмкіндігі бар, – дейді ол.
Сонымен қатар бөлім басшысының мәліметінше, төртінші бағыттың өзі тармақ-тармаққа бөлінеді. Онда «Бизнес мектеп», «Бизнестің өсуі», «Бизнес кеңесші», «Жобалық оқыту» сияқты бірқатар кіші бағдарламалар қарастырылған.
– Егер сіз кәсібіңізді бастағалы жүрсеңіз, «Бизнес мектеп» бойынша екі күндік курстан өтуіңізге болады. Топтық курс­тарда бизнес-тренерлер, кәсіби тәлімгерлер сабақ береді. Олар кәсіп бастау үшін қайда барып, не істеп, қалай табыс табу керектігін, қолданыстағы бизнесті әрі қарай қалай жетілдіруге болатынын түсіндіреді. Бұл жерден алған сертификатпен «Еңбек» бағдарламасы арқылы 3 миллионнан 19 миллион теңгеге дейін 6 пайыздық үстемеақымен кредит алуыңызға, грант ұтуыңызға болады. Осы бойынша банктен несие рәсімдегенде «Даму» қоры алатын соманың 85 пайызына кепілдік береді, – дейді Данияр Монтаев. – Кәсіпкерлер палатасында бір жылда 800 адамды екі күндік курстан өткізу жоспарланған болатын. Бірақ жоспар екі есеге артық орындалды. Яғни жыл басынан бері қыркүйектің соңына дейін курстан өткендер саны 1440-тан асты.
Ал «Бизнестің өсуі» – 5 күндік бағдарлама. Ол кәсіпкердің табысын ұлғайту жолдарын қарас­тырады. «Бизнес жоспар» – екі айлық курс.

Шетелмен тәжірибе алмасуға мүмкіндік

Бұдан бөлек, «Іскерлік байланыс» деген бағдарлама тағы бар. Бұл арқылы кәсіпкерлер шетелге шығып, басқа елдердегі бизнесмендердің кәсіпорындарын аралап, олардың жұмысымен танысуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік алады. Биыл Қазақстан бойынша 500-ге жуық кәсіпкер осындай оқытудан өтіпті. Оның 94-і – астаналық. Бұл курс Қазақстан – Британ университе­тінің тәлімгерлерімен бір ай көлемінде өткізіледі. Содан соң олар бизнес жоспарларын жазып, шетелге барады. Ондағы кәсіпорындармен келісімшартқа отырып, қажетті құрал-жабдық сатып алуға болады. Осы бағдарлама аясында шетелге барып-қайту шығыны мен ол жақта көрсетілетін қызмет түрлерінің барлығы кәсіпкер үшін тегін, яғни мемлекет есебінен жүргізіледі екен. Тек тамақтану ғана әркімнің өз қалтасынан жұмсалатын көрінеді. Сондай-ақ төртінші бағыттың құзырында «Аға сеньор» атты бағдарламаның да бар екенін айта кетпесе болмас. Бұл бағдарлама бойынша елміздегі кәсіп­орындарға шетелдік сарапшылар шақырылады. Биыл Астанаға осындай 4 шетелдік сарапшы келген. Бар тәжірибелерімен бөлісуге екі аптаға ат басын тірейтін жоғары білікті сарапшылар мұндағы кәсіпорын жұмысын одан әрі жандандыруға бар күштерін салатынын айтады мамандар. Мұнда да шығындар мемлекет құзырында көрінеді. Осы бағдарлама бойынша шетелден сарапшы шақыртқан елордалық компаниялардың бірі – торт пісіріп сатумен айналысатын Happy Cake кәсіпорны. Шаһарда 3-4 бөлімшесі жұмыс істейтін компания жыл басында шетелдік сарапшыны шақырту жөнінде кәсіпкерлер палатасына өтініш берген екен. Жақында Түркиядан арнайы келген кондитер маман санитарлық қауіпсіздікті сақтау, жаңа торт түрлерін енгізу бойынша біршама бағыт-бағдар беріпті. Бизнестерін жандандыра түсуге септігін тигізген мемлекеттік бағдарламаға Happy Cake ұжымы дән риза.
Енді жақын күндері елордадағы ірімшік пісіретін өндіріс орындарының біріне италия­лық сарапшы келеді деп күтілуде. Нәтижесінде өндіріс орны ірімшіктің жаңа сұрыптарын шығаруды жоспарлап отырса керек.
«Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді» деген болатын Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында. Президент Жолдауын сарапшылар аталмыш мемлекеттік бағдарлама сәтті жүзеге асса, орта және шағын кәсіпкерліктің алға басатынын айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды