Бизнестің бүгінгі жағдайы қалай?

0 42

Қазақстанда төтенше жағдайлар мен карантиннің салдарынан екінші деңгейлі банктер алдындағы жеке кәсіпкерлердің қарызы 147 млрд теңгеге, орта бизнестің қарызы 365 млрд теңгеге, шағын бизнестің қарызы 2,1 трлн теңгеге жеткен. Жалпы саны 32 947 кәсіпкерлік субъектісінің мойнында 2,6 трлн теңге мерзімі өткен берешегі бар.– Үкімет шағын және орта бизнесті тоқыраудан шығарып, тамырына қан жүгірту үшін жергілікті билікпен, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының әкімдерімен тығыз жұмыс істеуі қажет, – деген болатын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссияның отырысында.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде ел алдында екі мәселе тұр: карантин режимін сақтау және жекелеген кәсіп­орындарға нақтылы қолдау көрсету.
«Әкімдіктер санитарлық-­эпидемиологиялық режимді қатаң сақтайтын, қашық­тықтан жұмыс іс­тейтін кәсіп­орындардың тізімін әзір­леуі керек» деді Президент.
Осыған орай дағдарысқа қарсы жергілікті штабтар кәсіпорындардың жұмыс режимін, еңбеккерлерін тасымалдау тәртібін және басқа да ұйымдастыру-техникалық мәселелерін белгілеуі тиіс. Аталған шара Мемлекеттік комиссияның қайсыбір кәсіпорындардың қызметін қайта іске қосу жөнінде шешім шығаруына мүмкіндік береді. Қалыптасқан жағдай өңірлердің экономикасын жандандыруда атқарушы билікке артылатын жауап­кершілікті бұрынғыдан бетер арта түседі.

Кәсіпкерлікке нақты қандай қолдау бар?

Қазіргі күні Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін тұлғалар үшін барлық мүмкіндіктер қарас­тырылып жатыр. Бизнес субъектілерінің төтенше жағдай өткеннен кейін қыз­метін жалғастырып әкетуіне мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетіледі деп, хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Соның бірі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан жүзеге асырылуда. Сол арқылы отандық тауар өндірушілердің аяғына нық тұрып кетуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бұрыннан келе жатқан жұмыс орындарының сақталуына демеу жасалады. Мемлекеттік және Қордың өз бағдарламалары шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті жеңілдікпен қаржыландыру шарттары қарастырылған. Яғни, төмен пайызбен, ұзақ мерзімге несие беріліп, пайыздық мөлшерлемелері субсидияланып, банк талап еткен кепілзат жетпеген жағдайда кепілдік ұсынылады.
– Бұған дейін экономиканың жекелеген салаларын несиелеуге басымдылық берілген болатын. Оған білім беру, медициналық қызметтер, IT бағыттары, қайта өңдеу өнеркәсібі – жалпы 14 сала белгіленген. Енді төтенше жағдайларға байланысты барша қазақстандық бизнес үшін жаңа проблемалар туындап отыр, сондықтан ол шектеулер алынып тасталды. Қазіргі күні Үкімет кәсіпкерлік субъектілері дағдарысқа дейінгі деңгейіне жетуі және одан әрі дамуы үшін жалпы барлық бизнес нысандарына қолдау көрсетуге әзір, – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрсұлтан Абдолла.
2010 жылдан бастап «Даму» Қоры «БЖК 2020» бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлердің несие­сіне кепілдік беру құралын енгізді. Бұл – кәсіпкерлерді қаржылай қолдау құралы және банк талап еткен кепілзат жетпеген жағдайда кепіл болады.
Қор, сондай-ақ банктер, микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар арқылы «Еңбек» бағдарламасы, ҚР Ұлттық қорынан өңдеу өнеркәсібі саласындағы ШОБ қолдау бағдарламалары бойынша, 17 өңірдегі аймақтық бағдарламалар бойынша жеңілдікпен несие беру бағдарламаларының операторы. Субсидиялау құралы бойынша ТЖ режимі кезеңінде Қор 72,4 млрд теңге сомасына 348 жаңа жобаны қолдады және 324 млрд теңге сомасына 2250 жоба бойынша қайта құрылымдау ұсынысын мақұлдады. Кепілдік беру бойынша 10,2 млрд теңге сомасына 173 жоба қолдау тапты, берілген кепілдік сомасы 4,3 млрд теңгені құрады. Қор кепілдік беру жобалары бойынша 2 637 жоба бойынша 80,2 млрд теңге несие сомасына қайта құрылымдауды мақұлдады, кепілдік сомасы – 36,3 млрд теңге.
Нұрсұлтан Абдолланың айтуынша, Қор бизнес субъекті­леріне қолдау көрсету бойынша елорда әкімдігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Қазіргі кезде жергілікті кәсіпкерлерге нақты қандай мемлекеттік көмектің керектігі, оларды алу жолдары түсіндіріліп, ақпараттандыру шаралары жүргізіліп жатыр.

Отандық өнеркәсіпті дамыту және жұмыспен қамту

Коронавирус індеті ел экономикасына және еңбек нарығына теріс әсер етті. Осыған орай Үкімет жаңа «Еңбекпен қамту жол картасын» жүзеге асыруды қолға алды.
5 мамыр күні өткен Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық жобаларды толық көлемде жүзеге асыру керектігін қадап айтқан болатын. Бұл жағдайда отандық кәсіпорындарды дамытуға назар аудару қажеттігін ескертті.
– Әкімдіктер инфра­құры­лымдық жобаларды жүзеге асыру барысында отандық тауарларды, қызметтерді және жұмыстарды сатып алуға басымдылық берілуі қажет. Бюджеттен бөлінген қаржы түгелдей ел экономикасын дамытуға жұмыс істеуі тиіс, – деді Үкімет басшысы.

1.Қарапайым заттар экономикасы»

Несие сомасына шектеу жоқ, Субсидияны есептегенде 6%, 10 жылға, басымдық берілген жобалар тізіміндегі салалар субсидияланады.

2.«Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысын қолдау бағдарламасы

Құрылыс компанияларының несиелері субсидияланады, несие сомасына шек жоқ. Субсидия көлемі – 7%, 3 жылға.

3.«Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» бағдарламасы

Қуат көзін үнемдеу, энерготиімді жобаларды жүзеге асырумен айналысатын, осы салада тәжірибесі мол кәсіпкерлердің несиесі субсидияланады. Несие сомасы 350 млн теңгеге дейін, мерзімі 6 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесінің 10% немесе негізгі қарыздың 40%-ына дейін.

4.«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы

7 млрд теңгеге дейін. Субсидияны есептегенде 6%. 5 жылға, салалық шектеусіз, сауда саласын қоспағанда.

Асқар Ұзақбайұлының айтуынша, өндірісте қолданылатын құрылыс материалдары мен қызмет түрлерінің 90%-ы, мердігерлердің ­50%-ы міндетті түрде отандық нысандар болуы маңызды. Сондай-ақ жастардың еңбекке жұмылдырылуына ерекше көңіл аударылады. Жол картасына қатысқан жастарға екі жалақы көлемінде көтермеақы беріледі.
Осыған орай, өткен аптада астаналық штабтың еріктілері тұрғындарды «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020-2021» бағдарламасына қатысуға шақыру акциясын ұйымдастырды. Олар халық көп шоғырланатын ірі сауда орталықтары мен базарларда, басқа да қоғамдық орындарда болып, көпшілікке аталған шараның артықшылықтарын түсіндірді, насихат жұмыстарын жүргізді.
– Екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың көпшілігі өздеріне жұмыс беретін, лайықты жалақы алатын бағдарламаның барын білмейді. Біз көмекке жүгінгендердің барлығына қол ұшын созуға дайынбыз. Бұл бір реттік акция емес, мұндай үгіт-насихат тұрақты түрде жүзеге асырылып тұратын болады, – дейді ерікті Бақтияр Есентаев.
Айта кетейік, жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы бойынша елордада 15 мыңнан астам адамды еңбекпен қамту жоспарланған. Қазіргі күні қалалық жұмыспен қамту орталығы нарықта сұранысқа ие мамандарды іріктеп, оларды жұмыс берушілермен әңгімелесуге жібереді. Жол картасы бойынша жалақы 85 мыңнан жоғары. Қазірдің өзінде осы бағдарлама бойынша астанада 1,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан.

Р.S: Күні кеше ғана Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдағанда инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көмек көрсету мәселелеріне баса назар аудартты. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде, мектептер мен оңалту орталығын салу, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, көшелерді, тұрғын үй алаптары мен қоғамдық орындарды абаттандыру сияқ­ты жұмыстарды сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Құрылыс секторының қарқындылығын арттыру, үш ауысымдағы мектептердің мәселесін шұғыл шешу, сондай-ақ қала тұрғындарын жұмыспен қамту жөнінде тапсырма берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × four =