БИЗНЕСТІ ӨРКЕНДЕТУ – ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН АРТТЫРУ

0 126

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысы өтті. Онда отандық кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиынды ашқан Елбасы елімізде бизнес саласын өркендету үшін көптеген шаруалар жасалып жатқанынан хабардар етті. Кәсіпкерлік нысандарына тексеру шектеліп, бірнеше рет мораторий жарияланғанын айтқан Президент бизнесті өркендетпейінше, экономиканы алға жылжыту мүмкін еместігін атап өтті.

Жиынды ашқан Елбасы елімізде бизнес саласын өркендету үшін көптеген шаруалар жасалып жатқанынан хабардар етті. Кәсіпкерлік нысандарына тексеру шектеліп, бірнеше рет мораторий жарияланғанын айтқан Президент бизнесті өркендетпейінше, экономиканы алға жылжыту мүмкін еместігін атап өтті.

Кез келген істің көзін тауып, оны алға қарай өркендете білген адам өзін-өзі асыраумен бірге, өзгені де жұмыспен қамтамасыз ете алады. Кәсіпкер болу дегеніміз – бай-ауқатты болу деген сөз. Бизнеске қолдау көп болса, халықтың да өмір сүру сапасы артпақ. Демек, кәсіпкерлікті дамытуға кез келген адам мүдделі болуға тиіс. Осы орайда Президент кәсібін дөңгелетіп жүрген қалталы азаматтарға ішкі инвестициялар есебінен елге демеу көрсетуге, бизнесмендер қатарын көбейтуге атсалысуға шақырды.

Бұдан кейін сөз алған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев елдегі кәсіпкерліктің жай-күйі туралы баяндады. Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бүгінде республикадағы барлық ірі және моноқалаларда кәсіпкерлікке қызмет көрсету және қолдау көрсету орталықтары құрылып, жұмыстарын белсенді жүргізе бастаған. Биыл 1 шілдеге  дейін мұндай құрылымдар барлық аудан орталықтары мен шағын қалаларды қамтымақ.  Келешекте жеткіншектеріміз де балалық шақтан кәсіпкерліктің қыр-сырына қаныға бастайтын болады. Ол үшін жер-жерде жас кәсіпкерлер мектебінің желісін ашу жоспарланып отыр.

Экономиканың басты салаларына инвестицияны неғұрлым көбірек тарту мақсатында индустриалдық аймақтарды дамыту мәселесі қолға алынғанын атап өткен Бақытжан Сағынтаев осыған байланысты биыл «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 15 индустриялық аймақтың сыртқы инфрақұрылымдарын жүргізуге қаражат жағы қарастырыла бастағанын жеткізді.

Кеңес отырысында орта және шағын бизнесті дамыту жауапкершілігін Елбасы осы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктеді.  «Ол Үкімет тарапынан шағын және орта бизнестің даму мәселелерімен айналысатын басты адам болады. Оның бұл істе тәжірибесі мол», – деп Бақытжан Әбдірұлына үлкен сенім білдірді.

Президент  өз сөзінде бизнеске қолдау көрсету барысында ауылдық жерлерде шағын несиелер беру, жобалар бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау, «Жұмыспен қамту» бғдарламасы аясында мемлекет қаржысы есебінен кадрлар даярлау сынды сан қилы шаруалар атқарылып жатқанын, оның түп-тамырында ел азаматтарының әл-ауқатын көтеру мүддесі жатқанын айтты. «Елімізде еңбек етіп, жақсы өмір сүргісі келген кез келген адамға жұмыс табылады. Ал, екі қолын қусырып, бос жүретіндерге  жұмыс жоқ. Біздің мақсатымыз – жағдайы жақсы, дәулетті адамдардың қатарын көбейту. Кәсіпкерлікті осылай қолдау арқылы біз ұлттық экономикамыздың табысты болуына қол жеткізе аламыз» деді Елбасы.

Биыл 2 сәуірден бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін орта және шағын кәсіпкерлік субьектілерін тексеруге мораторий жарияланғаны белгілі. «Енді полицейлер, өрт сөндірушілер, санитарлық  мамандар немен айналысып жүр екен, тексеретін ештеңесі жоқ…», –  деп қит етсе, кәсіпкерлерді тексере жөнелетін мемлекеттік орган өкілдерін түйрей өткен Елбасы мораторий біткеннен кейін де жөнсіз тексеріске жол берілмеуге тиіс екендігін қадап айтты.

Бұл – бірінші рет жарияланып отырған мораторий емес. Ол аяқталысымен тиісті мекеме өкілдері кәсіпкерлерді тексеруге лап қоятыны белгілі жайт. Мұндай енді қайталанбауы керек. Сондықтан Мемлекет басшысы мәселені аяғына дейін қадағалауды Үкіметке жүктеді.

Ал, отандық бизнесмендердің құқығы мен мүддесін қорғауға тиіс Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз міндетіне белсенді кірісуі керек. «Біз «Бизнесті президенттік қорғау» деген сайт аштық. Бұған республикамыздың түпкір-түпкіріндегі кәсіпкерлердің арыз-шағымдары тікелей келіп түседі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы арыз-шағымдарды қарауға қатысып, бизнесмендердің мәселесін шешуге көмектесуге тиіс. Үкіметке жергілікті органдармен бірлесіп, кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимылдар регламентін  бекітуді тапсырамын», – деді Елбасы.

Сөзін түйіндей келе Мемлекет басшысы Үкімет пен Кәсіпкерлер палатасының жүргізіп жатқан бүкіл жұмысы Дүниежүзілік банктің «Бизнесті жүргізу» рейтингісі бойынша бағаланатынын, осы орайда олардың жұмысы  «Бизнесті жүргізу» рейтингісі бойынша 2016 жылы алғашқы отыздыққа кіре алатындай деңгейге жету міндетін қойды.

Қымбат Тоқтамұрат

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + three =