БИЗНЕСКЕ ҚОЛДАУ ЖАН-ЖАҚТЫ

0 88

Экономиканың шикізат емес секторларында өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ, тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңаларын құру мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаның басты міндеті – жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру болып табылады.  

Астана қаласының үдемелі индустриалдық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің шешімімен биыл бірінші қыркүйекке дейін жалпы сомасы 13,2 млрд теңгені құрайтын 78 жоба мақұлданды, оның ішінде 76 жоба бойынша несиелердің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланса, 9 жобаның несиесі кепілдендіріліп, бір жобаның өндірістік инфрақұрылымы жақсартылмақ.
Жалпы, 2013 жылға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 3 894,6 млн теңге бөлінген. Мұның ішінде: банктердің несиелері бойынша пайыздық ставканы субсидиялауға – 3535,3 млн теңге, несиелерді ішінара кепілдендіруге – 70,0 млн теңге, сервистік қолдау бойынша қызметтерге 50,0 млн теңге, мемлекеттік грантты қаржыландыру мақсатында – 24,0 теңге, өндірістік инфрақұрылымды (индустриялық) дамытуға 215,3 млн теңге бөлінген.
– Былтырғы жылмен салыстырғанда, жобаларды қолдау 3-4 есеге өсті. Мақұлданған жобалардың 35 пайызы өнім өндіруге бағытталған. Қалған 65 пайызы қызмет көрсету саласын толықтырып отыр. Атап айтқанда, көлік-логистика – 28,2 па-йыз, қонақ үй бизнесі – 12,5 пайыз, білім беру – 6 пайызды құрайды. Әсіресе, мектепке дейінгі мекемелер жұмысын ұйымдастыруға айрықша басымдық беріліп отыр. Денсаулық сақтау ісі 8,8 пайызды құраса, басқалары 9,4 пайызды қамтиды.
Бағдарлама аясында астаналық кәсіпкерлерді тек қаржылай емес, басқалай қолдау да қарастырылған. Мысалы, консалтингтік және маркетингтік қызметтер көрсету­мен қатар, орталықтандырылған бухгалтерия, заң қызметі, ақпараттық технологиялар саласында қызмет көрсетіледі. Бизнесті жаңа бастағандардың шығарған өнімінің не қызметімен нарыққа кіру үшін маркетингтік зерттеулер жүргізуге қолдау білдіреміз, – дейді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы Жанар Бескемпірова.
Бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелер Кеңестің отырыстарында үнемі қарастырылады. Кәсіпкерлерден келіп түскен 25 өтінім бойынша электрмен қамтамасыз ету, жол жөндеу, сумен, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету, жылу тораптарын жеткізу сияқты жұмыстарға республикалық бюджеттен бағдарлама басталған кезеңнен бастап (2010 ж.) 1 577,6 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, Астана қаласының үдемелі индустриалдық даму жөніндегі үйлестіру кеңесі Астана қаласы үшін басым секторларды іріктеп алуға айрықша көңіл бөледі. Бүгінгі күнде қаламызда дами қоймаған бизнес түрлері бар. Бұл – жекеменшік балалар бақшасы, туризм, құрылыс заттары, тамақ өнімі өндірісі.
Кәсіпкерлерге де Кеңес тарапынан қойылатын талап тастай. Өнімдерінің сапасының артуы, бастапқы бағасының төмендеуі бірінші кезекте болуы тиіс. Сонымен қатар, жаңа ашылған жұмыс орындарына Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасында тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтарды қабылдаса құба-құп.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − three =