Бизнеске қандай қолдау жасалады?

0 61

Елордада тіркелген 130 мың шағын және орта бизнес субъектілерінде 380 мың адам еңбек етеді. Бұл сала өңірлік ішкі жалпы өнім кірісінің 55% үлесін құрады. Ол республика бойынша ең үздік көрсеткіш. Карантин режимі жарияланғаннан кейін кәсіпкерліктің басым бөлігінің жұмысы тоқтап қалды. Шектеуге байланысты олардың көпшілігі қызметтерін әлі күнге дейін қайта жалғастыра алмай отыр. Осыған орай, жеке бизнестің қазіргі жағдайы қалай, бұдан кейін қалай болады, тығырықтан шығатын жол қайсы деген сауалдарға жауап іздеген едік.Жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлік нысандарының дені сервистік қызмет көрсеткен. Одан былай, қала экономикасын өркендетуге құрылыс секторының үлесі үлкен болды, мұнда 100 мыңнан аса адам еңбек етеді. Оған қоса құрылыстың мультипликативтік әсері зор, ол жанама түрде біршама салалардың дамуына ықпал етті. Мәселен, құрылыс материал­дарын өндіру, көлік қызметі және басқа да қосалқы салалар. Өнеркәсіптің өңірлік ішкі жалпы өнім құрылымындағы үлесі 6%-дан аспайды.
– Құрылыстың қарқынды жүргізілуі, қала аумағының үздіксіз кеңейтіліп келе жатқанына байланысты инженерлік коммуникацияны тарту өте өзекті мәселеге айналды. Көптеген нысандарда инженерлік тораптар жоқ, ол кәсіпорындарды пайдалануға беруге кедергі келтірді. Сол үшін қосымша шығындар шығаруға тура келеді. Астанада Doing Business бойынша бизнесті жүргізу көрсеткішін жетілдіру қажет. Ол техникалық шарттарды алу, құрылыс салу жағдайында көрініс табуы керек. Осы бағытта қала әкімдігі тарапынан құрылған iQala қызмет орталығында «Бизнеске арналған үкімет» қанатқақты жобасын дамыту қажет, – деді кәсіпкерлер палатасының басшысы Алмат Жүнісов.
Жеке кәсібін ашқан бизнесмендер қажетті барлық рұқсат құжаттарын, келісімдерді, құрылыс салу, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, мемлекеттік қолдау, т.б мәселелер бойынша тиісті құжаттардың бәрін бір көзден алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Ол дүкен аша ма, қоғамдық тамақтану орнын аша ма, өндірістік кәсіпорын аша ма – бәріне ортақ шарт болуы керек. Қазіргі кезде кәсіпкерлер әлі күнге дейін барлық ақпарларын қағаз тасығышпен тасып жүр.
Дегенмен, iQalaда коммуналдық қызметтер процесі цифрландырылған. Бұл бизнеске қолайлы. Аталған шара астананың инвестициялық климатын жеңілдете түсетіні сөзсіз.
Айта кету керек, елорда билігі мен бизнес қауымдастығы арасында тиімді диалог орнатылған. Әкімдік көше саудасы нысандарын орналастыру бойынша қолайлы жағдай жасаған. Былтырдан бастап бұл жоба әлеуметтік осал топтарға арналған квотамен толықтырылған. Оның ішінде азық-түлік белдеуін қалыптастыру қарастырылған. Сол арқылы астанада азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қол жеткізілді.
2019 жылдан бастап отандық мектеп формасын тігушілер жалпыға бірдей білім беру бағдарламасына қатысатын болды. Олардың дүкендерінде аз қамтылған отбасылар үшін арнайы сертификат бойынша жеңілдікпен мектеп киімдерін сатып алуға болады.
Дегенмен, әкімдік назарына алатын мәселелер де жоқ емес. № 1 Индустриалдық паркте орналасқан кәсіпорындарды жылу жүйесімен қамту ісі толық шешілген жоқ, оларда әлі күнге дейін автономды жылу беру пайдаланылады. Көлік саласы бойынша жыл сайын автобус парктеріне әлеуметтік осал топтар үшін субсидия енгізу жайы айтылып келеді. Бизнес тарапынан мемлекеттік органдарға қатысты түрлі сұрақтар туындап тұрады. Қала әкімінің халықпен есеп беру кездесулерінде, палата жанынан құрылған Кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңесте, өңірлік кеңесте түйт­кілді мәселелер жүйелі түрде көтеріледі.
Карантин бизнеске жайсыз әсер етті. Жекеменшік ұйымдардың жұмыс орындарын сақтау, қызметкерлеріне тұрақты жалақы төлеп тұру және жалпы келісілген міндеттемелерді орындау қиынға соғуда. Оның ішінде жалға алу құнын төлеу, несиені өтеу проблемасы күн тәртібіне шықты.
Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары көп септігін тигізуде. «Еңбекпен қамтудың жол картасын» жүзеге асыру, жұмыссыз қалғандарға 42500 теңге жәрдемақы беру қарапайым халықтың өмір сүруіне септігін тигізді. Дегенмен, экономиканың белгілі бір секторларының жағдайы нашарлап кеткені жасырын емес. Қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, мейрамханалық бизнес, туризм, азық-түлікке жатпайтын сауда салалары айтарлықтай тоқырады. Карантин режимі босаңдатылған соң, сауда саласында кейінге қалдырылған сұраныс байқалған, алайда тұрғындардың төлем төлеу қабілеті көп төмендеп кеткен. Кейбір салалар әлі де толық қуатында жұмыс істемей жатыр. сондай-ақ санэпид шектеулерге байланысты көпшілігі әлі жұмысын бастаған жоқ. Мәселен, кинотеатрлар, балалардың көңіл көтеру орталықтары, компьютерлік клубтар.
— Карантин ел өміріне өз заңдылығын әкелді. Бизнестің жағдайы өзгерді. Алдын ала мәліметтерге қарағанда қала бюджеті биыл 60 млрд теңгеден қағылғалы тұр. Жұмыссыздық артатыны сөзсіз. Сауда-саттық бизнесі онлайн режиміне көшіп жатыр. Астананың экономикалық даму стратегиясын, аумақты дамыту жоспарын қайта қарастыруымыз керек,– деді Алмат Жүнісов.
Оның айтуынша, бұл жағдайда өндіріске қолдау қажет. Импорт алмастыру арқылы жергілікті үлесті көбейтіп, өндірісті ұлғайту мүмкіндігі ашылды. Қазіргі күні жаңа өндіріс орындарын ашуға және қолданыстағы бизнестің қуатын арттыруға арналған «Қарапайым заттар экономикасы» жұмыс істейді. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуларда жергілікті мазмұн үлесі ұлғайды. Кейбір нысандарды мемлекеттен жеке бизнестің қарамағына беру және бәсекелестік ортада жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылуда. Соның арқасында мемлекеттік шығындар азайтылады. Сондай-ақ нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлау бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өндірушілер инвестициялық мақсатта ұзақ мерзімге қаржыландырылады. Шілде айында «Еңбек» бағдарламасына қосымша «Бизнестің жол картасы -2025» шеңберінде шағын және орта бизнесті қаржыландыру шарттары өзгереді. Ол несиелік қаржыны алу жағдайын жеңілдетіп, «Даму» қоры бойынша алынатын соманың 85%-на дейін кепілдендіруге мүмкіндік береді.
50-ден асқан, бірақ зейнеткерлік жасына жетпегендер, сондай-ақ жұмыссыз жастар, аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасы мүшелері, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлер «Бастау бизнес» бағдарламасына қатыса алады. Сол арқылы 555 мың теңге грант алу мүмкіндігі бар. Бұған қоса «Бизнес-мектеп» онлайн-оқыту қолға алынды. Оған ісін жаңадан бастаған және бизнес жасап жатқан кәсіпкерлер қатысады. Үміткерлерді іріктеумен «Атамекен» Қолдау орталығы» еңбекпен қамту ұйымы айналысады. Оқыту орталығы қысқа мерзімді кәсіби оқытуды кәсіпорындар базасында ашуға да мүдделі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + seven =