БИЗНЕС ЖОБАЛАР­ БАЙҚАУЫ ЖАЛҒАСУДА

0 114

Астана Иннловейшнс

«Астана Innovations» Акционерлік қоғамы өнертапқыштар арасында инновациялық жобаларға технологиялық бизнес-инкубациялаудың кезекті байқауын жариялады. Сейсенбі күнгі өткен баспасөз мәслихатында компания жаңа, тың инновациялық жобаларды қабылдауға әзір екендігін мәлімдеді.

Айта кетейік, «Астана Innovations» 2011 жылдан бері Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бизнес-инкубациялау бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Компания жұмысы шағын инновациялық кәсіпорындарды қолдауға, ғылыми және инновациялық белсенді компанияларды құруға, жобаның отандық нарықта қалыптасуы және табысты болуы үшін бастапқы қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл бастама Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасынан бастау алып, республикалық деңгейде жүзеге асырылып отыр.

Бизнес-инкубациялау екі кезеңнен тұрады. Бірінші индустриалды-инновациялық жобалар жиналып, Сараптау кеңесінің қарауына жіберіледі. Тиімді деп саналған жобаға сол салада тәжірибесі бар мекемелер тәуелсіз сараптау жұмыстарын жүргізеді. Осы сүзгіден өткен жобалар ғана компанияның қаржыландыруына ие болады.

Екінші кезеңде жоба толықтай жүзеге асырылуы үшін «Астана Innovations» тарапынан бухгалтерлік, құқықтық, инфрақұрылымдық көмек ұсынылады. Сонымен қатар, өнертапқыштар компания аумағындағы компьютерлік техника, интернет және басқа да қажетті техникалармен жабдықталған бизнес-инкубаторда өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Былтыр компанияға 300 жоба ұсынылып, оның сегізі таңдалып алынған екен. Іріктелген сегіз жоба бұрын-соңды болмаған қызмет, тауар ұсыну жолында ізденіс үстінде: «FINOTEK» ЖШС бухгалтерлік қызмет көрсету жүйесін құруды, «АстанаЛюм» жол және навигациялық белгілерді бояуға арналған полимерлік материалдарды шығаруды, «RE-BIOMED» Ғылыми-тәжірибелік орталығы» REGENEREZEN композиттерімен түрлі ауруларды емдеуді, «Мульти Тач Лабс» компаниясы мультисенсорлық интерактивті конструкциясын жасауды, «ПрофРемонт.КЗ» сайт ашу арқылы құрылыс-жөндеу саласындағы қызметтерді ұсынуды және іздестіру жұмысын жетілдіруді, «SMIPE» жобасы масс-медиа саласы мамандарына бірегей жүйелендірілген виртуальды кеңсе құруды, «Astana Technology Group» ЖШС «Android iOS Windows Mobile» базасында Астана тұрғындары мен қонақтарын қызықтыратын нысандар туралы ақпаратқа жылдам қол жеткізу үшін мобильді телефонда «i-Astana» арнайы бағдарламасын құруды, ТОО «BUM SISTEMS» ғылыми барлау-іздестіру арқылы аумақты кеңінен қамтып бақылайтын түрлі мақсаттағы мониторлық құрылғы құрастыруды көздеп отыр. Компания басшылығының айтуынша, қазіргі таңда бұл жобалардың төртеуі толықтай жүзеге асырыла бастады.

Шынар ШӘКЕН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 3 =