Бизнес бастауға грантты кім алады?

0 7

Елордада 563 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қала әкімдігінің грантын алуға өтініш берді. Байқаудың толық қорытындысы келесі аптада белгілі болады.

Қаланың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы Әділет Тілеповтің айтуынша, кеше бағдарлама аясында грант алуға үміткер жобаларды қарауының соңғы күні болды. Ол үшін арнайы байқау комиссиясы жұмыс істеген. Аптаның басынан бері 443 жоба қаралды. Байқауға жалпы 563 жоба қатысып жатыр. Қала тұрғындарынан барлығы 599 өтініш түскен. Бірақ оның 36-сы бағдарлама шарттарына сәйкес келмегендіктен қатысудан шеттетілді.
Жобалар байқауға қатысушылар дайындаған бейнероликтер мен бизнес-жоспарларға сәйкес бағаланады. Биыл конкурстық комиссияның барлық отырыстары онлайн режимде өтіп, YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Барлық жобаларды қарап шыққаннан кейін комиссия мүшелері ұпайларды есептейді. Қорытындысы мен грант иегерлерінің аты-жөні келесі апта ішінде белгілі болады.
Биыл «Бизнестің жол картасы» шеңберінде гранттық қаржыландыруға 260 миллион теңге бөлінді. Оның 60 миллионы 30 жасқа дейінгі кәсіпкерлерге арналған. Бұл ретте, грант мөлшері 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін белгіленді.
Жалпы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы Қазақстанда 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Оның бір бағытын әкімдіктер қадағалайды. Жергілікті атқарушы органдар бизнеске гранттар мен инфрақұрылымдық қолдау арқылы көмек көрсетеді. Грант беру конкурстарына кәсіпкерлер де, өз ісін ашқысы келетін қазақстандықтар да, оның ішінде әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен 50 жастан асқан адамдар да қатыса алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − ten =