«Бизнес бастау» – тың табыс көзі

0 21

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан «Бизнес бастау» жобасы көпбалалы аналардың кәсіп ашуына және өз кәсіптерін жаңа деңгейге көтеруіне көп мүмкіндік берді.Райгүл Серікбаева осыдан 2 жыл бұрын «Білім ал» оқу-білім орталығын ашыпты. Алайда қаржының тапшылығынан 2 парта ғана сатып алған ол көпке дейін кәсібін кеңейтуге мүмкіндік таба алмапты. Сонымен жыл басында «Бизнес бастау» жобасына қатысып, өз білім орталығының филиалын ашудың қамына кірісіпті. «Орталығымның керегесін кеңейтуге мүмкіндік таппай, қала әкімдігінен көмек сұрадым. Олар маған «Бизнес бастау» жобасын ұсынды. Сол жоба бойынша қысқа мерзімдік оқуға қатысып, 500 мың теңге ақша алдым. Осы қаржы менің кәсібімнің деңгейін көтеруіме көп септігін тигізді. Бұйырса, жақында «Білім ал» орталығының филиалы ашылады» деді ол қуанышын жасырмай.
Ұлжан Құдайбергенқызы – «Бизнес бастау»-дың игілігін көрген көпбалалы аналардың бірі. Жоғары білімі бар оның мектептерде сабақ беретін ұстаздық кәсібін тастап, кәсіп ашуына да «Еңбек» бағдарламасының көмегі тиді. «Бағдарлама бойынша оқып, 500 мың теңге қаржылай көмек алып, «Ем шара» массаж орнын ашқаныма 3 айдан асты. Бір көпбалалы ананы жұмысқа алдым» деді Ұлжан талпынған адамға «Бизнес бастау»-дың көп мүмкіндік беретінін тілге тиек етіп.
6 баланың анасы Самал Болатқызы да – жоғарыдағы бағдарлама бойынша қаржылық қолдауға ие болып, кәсіп ашқан әйелдердің бірі. Қазір оның
«Мәдина» сұлулық салонының да сау­дасы жаман емес. Демек, ебін тауып, кәсіп ашамын деген адамға «Бизнес бастау» көп мүмкіндік береді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды