«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бізге қандай «БАҚ туралы» заң керек?

0 19

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еркіндігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлді. «Бұқаралық ақпарат құралдары  бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды» дей келе Президент мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажеттігін тапсырды. Қазақстанға «БАҚ туралы» жаңа заң қабылдау керек. Ол заңға «Журналистердің мәртебесі туралы» және «Қаламақы төлеу туралы» жаңа екі бапты енгізуді ұсынамын. Енді осыларға жеке-жеке тоқталайын.

2022_04_11_615299f8a270f027686240

 

Журналист –қауіпті мамандық

Қазақстанда сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігіне жол ашылған. Ата заңымыздың 20-бабының 1-тармағында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деп жазылған. Осыған қарамастан, қоғамдағы ащы шындықты бетке айтатын, ашық және өткір жазатын журналистерді қудалау, заңды қызметіне бөгет жасау, ақпаратқа қолжетімділігін шектеу әрекеттері әлі тыйылмай отыр. Мұндайда мемлекет ел алдындағы кәсіби міндетін адал атқаратын журналистердің еңбегін үнемі назарда ұстап, өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда заңмен қорғауы тиіс.

Осы жерде сөзіме дәлел ретінде мынадай статистиканы келтірейін. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры қаңтар трагедиясы кезінде Қазақстанда сөз еркіндігі құқығын бұзу және журналистердің қауіпсіздігін бұзуға қатысты бірнеше фактілерді тіркеген. Мәселен, қаңтардағы оқиғалар кезінде журналистерге шабуыл жасалған 34 факт тіркеліпті. Соның ішінде, нақты бір адамға жоспарлы шабуыл – 1 (Амангелді Батырбеков, Түркістан қаласы), кәсіби міндеттерін орындау барысындағы шабуыл – 19 (17-сінде шабуылдар журналистер алаңдардан ақпарат тарату кезінде жасалған), шабуыл кезінде 1 журналист қайтыс болды (Мұратхан Базарбаев, «Алматы» телеарнасының қызметкері). Бұдан бөлек, журналистердің тұратын үйіне, жұмыс бөлмесіне басып кірген 1 жағдай тіркелген (Ардақ Ерубаева, «Orda.kz», Ақтөбе қаласы), 13 журналист ұсталған. Журналистерге қоқан-лоқы жасау бойынша 25 оқиға болған. 3 әріптесіміз қылмыстық қудалауға, 8 әріптесіміз әкімшілік қудалауға ұшыраған. Соңғысында 4 журналисті заңсыз шерулерге қатысты деген айыппен 5-15 күнге уақытша абақтыға қамаған. 5 қаңтарда Алматыда бұзақылардың «Хабар», «Қазақстан», «МИР», «Еуразия», «КТК» телеарналарының кеңсесіне шабуыл жасағаны мәлім. 9-28 қаңтар аралығында 12 журналистер мен блогерлерді қарсылық акцияларына байланысты полиция бөлімшелеріне тергеуге шақырған.

Жоғарыдағы деректен байқағанымыздай, журналист әлемдегі ең қауіпті 5 мамандықтың (шахтер, өрт сөндіруші, апаттан құтқарушы, полиция және журналист) қатарына кіреді. Статистикалық мәліметтер бойынша, жыл сайын жер-жаһанда 100-ге жуық журналистер әртүрлі себептермен көз жұмады.
ЮНЕСКО-ның деректеріне сүйенсек, 2021 жылы әлемде 55 журналист пен БАҚ қызметкері өлтірілген. Бұл соңғы 10 жылдағы баспасөз өкілдерінің өлімінің азайғанына қатысты шынайы дерек. Алайда журналистер бұрынғыша зор қауіптермен бетпе-бет келіп, өз өмірлерін қатерге тігуде. Оларға қатысты қозғалған қылмыстық істердің көпшілігі ашылмай қалады. Мәселен, ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша, 2006 жылдан бүгінгі күнге дейін журналистердің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істердің 87 (!) пайызы ашылмаған күйінде қалған. Бүкіл әлемде журналистер өзінің кәсіби қызметін атқару кезінде, соның ішінде қарсылық акцияларынан ақпарат таратқаны үшін түрмеге қамалып, әртүрлі шабуылдарға, қоқан-лоқы жасалатын іс-қимылдарға тап болады.

«Репортеры без границ» халықаралық құқық қорғау ұйымының сарапшылары: «Қазақстандағы БАҚ қызметкерлеріне күш көрсетуге қатысты мәселе БҰҰ-ның және ЕҚЫҰ-ның алаңдарында талқылануы тиіс» деп дабыл қақты. Бұл туралы 13 қаңтарда «Репортеры без границ» ұйымының Берлиндегі филиалы: «Қазақстандағы бас көтерулер кезінде репортерлер полиция мен басқа да құрылымдардың тарапынан шабуылға ұшырады, журналистерге қоқан-лоқы көрсетілді, ұсталды, оларға автоматтың дүбімен қарсылық акциясынан ақпарат таратуға кедергі жасады» деп хабарлады. Осы ұйымның Германиядағы филиалының жетекшісі ­Кристиан Мир «жәбірлеу деңгейінің төмендегеніне қарамастан, Қазақстандағы БАҚ бастандығына төнген қауіп жойылған жоқ. Ең алдымен, ел Президенті Қ.Тоқаев «демагогшыл» деп таңбалаған ашық және еркін ақпарат тарататын БАҚ-тарды жала жапты деп айыптау, қылмыстық іс қозғаймыз деген желеумен қорқытып-үркіту қаупі ұлғаяды» деп мәлімдеді. Ол Қазақстан билігін елге шетелдік журналистердің кіруіне рұқсат беруге және репортаждардың кез келген түріне цензура жасау әрекетінен бас тартуға шақырды.

Журналистке мәртебе беру керек!

Біздің қоғамда да журналистерге әртүрлі қоқан-лоқы, қысым көрсету, соққыға жығу деген жағдайлардың болатынын баспасөз бетінде жазып жүрміз. Бұл – Қазақстанда журналистерді заң жүзінде қорғау механизмінің жоқтығын көрсетеді. Менің ойымша, жаңадан жазылатын «БАҚ туралы» заңға «журналистердің өзінің, отбасы мүшелерінің өмірі заңмен қорғалады» деген бап енгізуіміз керек. Өйткені журналистер де төтенше жағдай қызметкерлерімен бірдей өте қауіпті жерлерде (шеру, жер сілкінісі, өрт және т.с.с.) жүріп, басын қатерге тігеді. Бұл жерде адамның жүйкесіне, жүрегіне үлкен салмақ түседі. Кешегі пандемия кезінде өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамай, қоғамдық орындардан ақпарат таратқан кім? Бірақ олардың міндеттемелері көп те, құқықтары жоқ! Сондықтан құқықтық, қауіпсіздік, әлеуметтік жағынан кепілдіктер беру керек. Ол үшін журналис­терге мәртебе керек.

Заң қабылдау дегеніміз – міндеттеу. Әрине, міндеттеу үшін себеп керек. Бізде БАҚ туралы жаңа заң қабылдауға бірнеше себеп бар. Бірінші себеп– еліміздегі «БАҚ туралы» заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, «БАҚ туралы» заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз жоқ.

Екінші себеп – Қазақстанда журналистердің конституциялық құқықтары жиі бұзылады. Мысалы, бірнеше жыл оппозициялық БАҚ-та (газет, телеарна, ғаламтордағы сайт) жұмыс істеген әріптестерімізді мемлекеттік БАҚ-тар жұмысқа қабылдамайды. Бір өкініштісі, сол жұмыссыз жүрген журналистер газет редакциясына берген өтінішінің екінші данасын сотқа апаруды білмейді. Ал Еңбек кодексінде «Журналистердің еңбек ету құқықтары» деген бөлім жоқ. Тіпті, өзінің ұстанымы мен көзқарасы тұрғысынан жұмысынан қуылған журналисті ешқандай заң қорғамайды. Бұл – нонсенс.

Үшінші себеп – шетелдердегі сияқты қазақстандық журналистердің де жеке өмірі және жақындарының өміріне қауіп төнеді. Ондай кезде журналистерді қорғайтын заңдық негіз жоқ. Сондықтан қабылданатын заңда журналистің этикалық-құқықтық нормаларымен қатар оның жеке басын, отбасы мүшелерін қорғайтын арнайы бап болуы тиіс. Ата заңымыздағы «Адамның өмірі бәрінен қымбат. Ол заңмен қорғалады» деген сөйлемді «БАҚ туралы» заңымызға да енгізіп: «Журналистердің өмірі заңмен қорғалады» деген баппен толықтыруымыз керек. Ендеше, міндеттемесі көп, құқығы мен кепілдіктері жоқ журналиске мәртебе беру керек!

Жоғарыда біз журналистерге жасалған шабуылдар туралы дерек келтірдік. Енді посткеңестік елдердің бір-екеуінің заңнамасын өзіміздікімен салыстырып көрейік. Мысалы, Украинада «Журналистің қызметі туралы» заңның ішінде журналистің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту деген бөлім бар. «Журналистке қатысты жасалған қылмыс құқық қорғау органының өкіліне (полицияның) қатысты жасалған қылмыспен теңестірілген» – Украинаның «БАҚ-тарды мемлекеттік қолдау және журналистерді әлеуметтік жағынан қорғау» туралы заңының 17-бабының 1-тармағында осылай тайға таңба басқандай етіп жазылған.

Бұдан бөлек, Украинаның Қылмыстық кодексінде журналиске қатысты жасалған бірнеше арнайы құқық бұзушылықтар және сол үшін жауапкершілікке тарту нормалары қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, журналистің өміріне қауіп төндіру және зорлық-зомбылық көрсету (345-бап, 1-тармағы) (бұған журналисті, жақындарын өлтіремін деп қорқыту, мүлкіне зиян келтіру, ондай тұлғаларға жеңіл, орташа және ауыр дене жарақатын салу жатады) – еңбекпен түзеу жұмыстарына жіберу, я болмаса бас бостандығынан айыру арқылы жазаланады. Екіншіден, журналистің мүлкін қасақана бүлдірген және жойған (347-бап, 1-тармағы) адамға – айыппұл салынады, я болмаса тұтқындалады, бас бостандығынан айрылады, ал егер мұндай іс-әрекеттер жалпыға қауіпті тәсілмен жасалған болса (әдейі өртеу) – ол адам 6-дан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Үшіншіден, журналистің жеке өміріне, жақындарына қол сұғушылыққа барған (өлтіру немесе қастандық жасау) адам – 9-дан 15 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айрылады. Төртіншіден, журналисті кепіл ретінде ұстаған (349-бап, 1-тармағы) адам – 8-ден 15 жылға дейін түрмеге қамалады.

2010 жылы Ресей президенті жанындағы азаматтық қоғам мен адам құқықтары институттарын дамыту жөніндегі кеңес РФ Қылмыстық кодексінің 144-бабына («Журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру») жаңа бөлім қосуды ұсынды. Соның нәтижесінде, 2011 жылы заңнамаға өзгеріс (№420 Ф-3 07.12.2011. РФ федералдық заңының 3-тармағы) енгізіліп, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын болды. Борис Резник бастаған бір топ Мемлекеттік Думаның депутаттары журналистерді соққыға жыққаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қатайтатын заң жобасын ұсынды. Олар журналистерге қатаң шабуыл жасаған, ұрып-соғуға тапсырыс бергендерді 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ ресейлік депутаттар Қылмыстық кодекстің 277-бабына түзетулер енгізіп, журналистерді мемлекет және қоғам қайраткерлеріне теңестіру жөнінде бастама көтерді.

Яғни, Қазақстанда журналистің арнайы мәртебесі мен кепілдіктері заң жүзінде бекітілуі қажет. Сол кезде ғана журналиске сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беріледі. Ең алдымен, журналистің жеке мәртебесі туралы қағидаттарды анықтап алып, жаңа заңда нақтылап белгілеу керек. Мысалы, журналист деген кім? Заң бойынша, мемлекет оны қалай қорғайды? Оны қорғауға кім кепілдік береді? Яғни, жаңа заңның ішінде осындай кепілдіктер туралы бөлек баптар болғаны абзал. Кепілдік деген не?. Мысалы, журналист бір жоғары лауазымды тұлғаға сауал жолдаса, оның толық жауабы қашан, қалай берілуі керек? Егер жауап берілмесе, құзырлы мекеме мен лауазымды тұлға қандай жауапкершілікке тартылуы тиіс? Сондай-ақ құзырлы мекеме журналистің жолдаған сұрағына жауап беруі керек пе, әлде керек емес пе? Осылардың бәрі заңда нақты кепілдік ретінде жазылғаны жөн. Ондай кепілдік болмаса, журналистің құқықтары бұзылады. Өкініштісі сол, біздің әріптестеріміз өзінің құқықтарын қорғайтын өзге де заңдар барын білмейді. Мысалы, Қылмыстық іс жүргізу кодексінде куә, куәгерлерді қорғау туралы бөлім бар. Егер журналист өзінің қызметіне қатысты белгілі бір оқиғаларға куә не куәгер болса, онда ол мемлекеттің қорғауында болады.

Қаламақы төлеу туралы

«БАҚ туралы» жаңа заңға қаламақы төлеу туралы бап енгізгенде көп мәселе шешіледі. Еркін ойлы журналист еркін жаза алуы керек. Біздің бәсекелестікте көбіне ұтылып қалатынымыз да осы – еркін жаза алмау. Біреудің көңіліне тиіп кетермін деп немесе биліктен, бай адамдардан қорқу, жалтақтық, тәуелділік бар. Дамыған демократиялық мемлекеттерде де әлеуметтік желілер алға шығып кеткен. Бірақ, газет те өз биігінен түспеген. Неге? Себебі оларда азат ойлаумен қатар, еркін жазу бар және журналистерді қорғайтын заң бар, қаламақылары өте жоғары. Әділетті қаламақы саясаты жоқ жерде, даму да жоқ. Дұрыс қаламақы саясаты ұлттық журналистиканы биікке көтереді. Яғни, журналистикаға кездейсоқ адамдар емес, нағыз кәсіби шеберлері келеді. Осы мәселені өткенде Мәжіліс мінберінен әріптесіміз, депутат Мейрамбек Төлепберген ағамыз батыл көтерді. «Түрлі деңгейдегі мерзімді және электронды басылымдарға жылма-жыл беріліп келе жатқан мемлекеттік ақпараттық саясат жөніндегі тапсырыстары аясында журналистер мен тұрақты авторларға нарық жүйесіндегі талаптарды сақтай отырып, «қаламақы қоры» деген арнайы тармақша енгізу керек деп ұсынамыз» деген ұтқыр ұсыныс айтты. Яғни, осы ұсыныс заңға міндетті түрде кіруі керек.

Мықты және сұраныстағы медиа

Бәсекеге қабілетті медиа пайда болуы үшін мемлекет БАҚ саласындағы ахуалға дұрыс көңіл бөлуі тиіс. Мысалы, еліміздегі баспа БАҚ-тың барлығының жағдайы бірдей емес. Мемлекеттік газет-журналдардың бәріне бюджеттен қаражат бөлінсе, ал мемлекеттік емес газет-журналдардың жағдайы мүшкіл. Сол себептен, мемлекет отандық БАҚ-ты мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарап, қалыптасқан ахуалды өзгертуге ықпал етуі керек. Жекеменшік әрі тәуелсіз БАҚ-тарға қаржылай қолдау жасағанда ғана газет шығару, тарату, жаздыру, насихаттау сияқты өзекті мәселелер оң шешіледі.

Бұл жерде шетелдік тәжірибеге назар аударған жөн. Еуропа елдерінде пошта тарифтері өте жоғары, алайда олар жазылушыға арналған басылымның құнын көтермейді. Екіншіден, баспа БАҚ-ғы контент сапасын жақсарту үшін мемлекеттіқ тапсырыс жүйе­сін өзгертетін кез келді. Яғни, газет-журналдарға жаңалық тарату тәсілінен бас тартып, тек сараптама, журналистік зерттеу сияқты формалар бойынша ғана тапсырыс беру керек. Баспа БАҚ заманауи жаңа форматтарға көшуі үшін редакцияларға мультимедиялық форматты дамытуға талап қойылса, іс оңға басады.

БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі туралы

Баспа БАҚ-тардың онлайн форматқа белсенді түрде көшуі байқалады. Бұл ретте, цифрлық форматтың барлық мүмкіндіктері пайдаланылмай, көбінесе баспасөз нұсқаларының материалдары қайталанады.

Интернеттегі БАҚ-тың тара­пынан пайда болған бәсекелес­тіктің өсуіне орай баспа басы­лымдарға деген сұраныстың төмендеуі – күрделі мәселе. Әрине, бұл баспа БАҚ-тың таралымының күрт төмендеуі, оқырмандар көлемінің кемуі, жарнама берушілердің қысқаруы сияқты күрделі мәселелерді туындатып отыр. Мұны отандық БАҚ өкілдері де мойындайды. «Казахстанская правда» газетінің бұрынғы бас редакторы Асыл Сағымбековтің пікірінше, интернет дәуірінде баспа БАҚ бұрынғы позициясынан айрылуда. Мұны мойындауға тиіспіз. «Біріншіден, бұл интернеттің жылдам ақпарат таратуына байланысты. Адамдар газеттің келгенін күтпей, жаңалықтарды интернеттен оқитын болды. Бірақ газет оқу – мәдениет, ондай мәдениетті берік ұстанатын адамдар көп. Өкінішке қарай, Қазақстанда қазіргі кезде халықтың 50 пайызы теледидар көреді, 25 пайызы – интернеттегі ақпараттарды оқиды, 15 пайызы – радио тыңдайды, ал бар-жоғы 3 пайызы баспа БАҚ-тардан ақпарат алады. Әрине, мұны жай ғана нәрсе деп қабылдамауымыз керек. Меніңше, баспа БАҚ-та жұмыс істейтін мамандар оқырман санын көбейту үшін, әртүрлі әрекеттер жасауы тиіс» дейді ол.

 P.S:2019 жылы Ақордада өткен баспасөз мәслихатында Президентке: «Қазақстанда құқығы жиі бұзылатын, тиісті деңгейде заңмен қорғалмаған мамандық иелерінің бірі – журналистер. Олар ешбір әлеуметтік топтарға жатпайды. Бізде журналистердің мәртебесі туралы заң жоқ. Өзіңіз де журналистикаға етене жақын адамсыз. Ендеше, осындай жаңа заң қабылдауға көзқарасыңыз қалай? Осы іске бастамашы боласыз ба?» деген сұрақ қойып едім.  Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан жақсылап тұрып қарауымыз керек. Егер қажет болса, Үкіметке тиісті тапсырмалар беремін. Алдағы уақытта Қазақстанда журналистердің мәртебесі туралы заң қабылдаймыз. Я болмаса, мен өзім Президент ретінде Жарлығымды шығарамын» деп жауап берді. Сол Заңның я болмаса Президент Жарлығының шығатын күнін журналистер қауымы күтіп жүр.

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды