БІЗГЕ КЕРЕГІ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ

0 182

Мүгедек балаларды өмірге бейімдеуге арналған оңалту орталықтары мен арнайы мамандандырылған мекемелер қажет пе? Осы мәселе төңірегіндегі қо­ғам­дық пікірлер екіге жарылған. Кей­біреу­лер қажет десе, енді біреулер «мүм­кін­дігі шектеулі балаларды бұлайша оқшаулау дұрыс емес, бұл онсыз да қам­көңіл жандардың жүрегіне қаяу түсі­ріп, психологиясы мен физиологиясына кері әсерін тигізеді» дегенді алға тартады. Ал осы мәселемен тікелей бет­­пе-бет келіп отырған «Сәби» мүгедек ба­ла­лар­дың аналары» қоғамдық қо­­ры­ның  директоры Хафиза Тілеуқабылова бейімдеу орта­лық­тары көптеп құ­рыл­­са, өспірімдерге де, оның аналары­на да үлкен көмек екендігін айтады.

Әр ата-ана бауыр еті-баласының  дені сау болып туып, қатарынан кем қалмай өсуін тілейді. Ал балалардың  өмірге мүгедек болып келуі кім-кімге де ауыр соққы. Осыдан болып шаңырағы шайқалған талай отбасы бар. Мұндайда көбіне әке шіркіндер бойларын ала қашып, аналар тағдыр тауқыметін жалғыз арқалайды. Баласы қандай күйге душар болса да жүрегі езіліп тұратын қайран ана жүрегі-ай дейсің мұндайда. Хафиза  Нығметқызы ашқан «Сәби» қоғамдық қорына тіркелген 70-тен астам ананың басым көпшілігі жал­ғыз­басты әйелдер. Олардың  ба­ла­ларына қойылған диагноз да жан дүниеңді езілтеді: Даун син­дро­мы, аутизм, психикалық даму­дың тежелуі, церебралды сал ауруы, басқа да невро­логиялық сыр­қат­тар. Дерт­тің ауыр түріне шал­­дыққан өскін­дердің көпшілігі арбаға таңылған, өздігінен қоз­ғалып жүре алмайды, сөйлеу, есту қабі­лет­тері нашар дамыған. Бала­лар­дың кішкентай кезінде тағы еште­ңе емес. Өскен сайын оларды көтеру, алып жүру жалғызбасты ана­­ларға қияметтің қиыны. Бейкүнә бала­сы­ның дертпен жалғыз арпалысып, өзімін-өзі өгейлік күйін кешуі – ана­­сы­ның жанын жегідей жейтіні тағы бар. Осындай психо­логиялық-мораль­­дық соққыға қарамастан байғұс әйелдер үміттерін үзбей, бала­­ла­рын оңалту қамымен қандай ауырт­­палық­қа да төтеп беруге бар. «Сәби» мүгедек баллардың аналары» қоғам­дық қорының  басты тілегі – балаларын оңалтуға септігін тигізетін орталық құру.

– Мүгедек балалардың ата-аналары көптеген әлеуметтік проб­лемалармен бетпе-бет келеді. Олар­дың ішінде әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын білім меке­мелерінің тапшылығы күрделі мәселе болып тұр. Мүгедек бала тәр­биелеп отырған отбасылардың көп­шілігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар.  Олардың қоғамдық орындарға, мәдени іс-шараларға баруға мүмкіндіктері аз. Сондықтан мұң-мұқтажы бір ата-аналардың ба­сын қосып, балаларын дамытуға жағ­дай жасайтын орталық аса қа­жет, – дейді қоғамдық қордың ди­рек­то­ры Хафиза Тілеуқабылова.
Әрине, Астана қаласында маман­дандырылған түзету білім, ден­саулық ұйымдары бар. Тіпті тiрек-қимыл аппараты функцияларының бұзылуынан болатын церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған еліміз бойынша жалғыз балабақша да елордада ашылған. «Бірақ бұл мекемелер Астанадай үлкен қалаға аздық етеді. Елордада кәмелеттік жасқа толмаған 2050 мүгедек бала ресми тіркелген десек, соның басым көпшілігі үйде отыр төрт қабырғаға қамалып», – дейді ол.
2005 жылы ашылған қоғамдық қордың белсенділері мүгедек бала­ларды қоғамға бейімдейтін, қимыл-қозғалысын дамытатын оңал­ту ор­­та­лығын өздері-ақ ашуға әзір. Тек лайық­ты ғимарат таппай жүр. «Біз­ге ар­найы орын берілсе болға­ны, қалғанын өзіміз-ақ реттеп алар едік. Ор­­та­лыққа қажетті құралжабдық­­тар­ды да таба аламыз. Түрлі үйір­­ме­лер ашуға да мүмкіндігіміз бар», – дей­ді қо­ғам­дық қордың директоры.

Әлемдік медицина туа бітті, ауыр дертке шалдыққан балалардың құлан-таза айығып кетпесе де оларды ортаға бейімдеуге болатынын алға тартады. Ол үшін логопед, дефектолог, невропатолог, педиатр сынды мамандардың жұмыла жұмыс істегені керек. Қоғамдық қор өкілдері балаларына қамқор болатын мұндай мамандарды табуды да өз мойындарына алып отыр. «Бізге қолғабыс етуге ниетті екендіктерін айтып, хабарласатын мамандар бар­шылық. Сондай жандардың көме­гіне сүйенбекпіз», – дейді олар.

Қамкөңіл жандар қашан да жү­регін жылытатын жұбаныш іздейді. Өздеріне мұңдас, сырлас іздейді. Аналар бір-бірімен әңгі­ме­лесіп, шер тарқатқысы келеді. Елор­дада аутизм, церебралды сал ау­руы се­кілді психоневрологиялық па­та­ло­гиялары бар балаларды оңал­туға ар­налған орталық құрыл­са, дәл осы сұ­ра­ныс­тар да өтелері сөз­сіз. Қо­ғам­­дық қордың да, оған тіркелген ата-аналардың да қалауы осы.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − nine =