БІЗГЕ ДЕ БІРЕГЕЙ БРЕНДТЕР КЕРЕК

0 201

Well-Known World Brand Logotypes

«Forbes» журналы әлемдегі ең бай әрі танымал брендтердің тізімін жариялады. Көш басында Apple тұр. Бұл брендтің құны 104,3 миллиард АҚШ долларын құрапты. Ал екінші орында – Microsoft бренды. Оның құны 56,7 миллиард АҚШ долларына жеткен. Төрт жыл қатарынан өз рейтингін тұрақты сақтап келе жатқан брендтің жылдық табысы 4 пайызға өсіп отырған. Содан кейінгі орынды Кока-кола иеленген.

Айтайын дегенім бұл емес. Өзгелердің бренды оза шауып, рейтингтің алдын бермей тұрғанда, өзімізде мұндай брендтер неге жоқ деген ой туындайды екен. Біз кімнен кембіз? Мейлі, «Apple» компаниясындай атымыз асқақтап кетпесе де қолымызда барды ұқсатып, әлемге танытуға мүмкіндігіміз бар. Бренд – бұл сол елді әлемге танытатын, атақ-абыройын асқақтататын нышан. Бұл бизнеске ғана қатысты емес. Қалауын тапса, кез келген саладан бренд шығаруға болады. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Франция сынды дамыған елдер біртуар тұлғаларын аспанға көтеріп, олардан бренд жасағыш-ақ. Айталық, америкалықтардың Стив Джобсын бүгінде есі кірген балаға дейін жақсы біледі. Жақында АҚШ осы аңызға айналған кәсіпкері туралы тағы бір атышулы фильмді әлемге көрсетіп тастады. Жылт еткен жаңалығынан бренд жасауға әзір тұратын елдерден неміз кем?! Өзіміз құнттамай жүргеніміз болмаса, қазақта да брендке айналдыруға лайық тұлғалар жетерлік. Заманымыздың біртуарларын дүние жүзіне әйгілі етудің бір жолы – шетелдік меймандар көп келетін салтанатты сарайларымызға танымал тұлғаларымыздың атын беру. Айталық, бүгінде «Астана опера» опера және балет театрының аты дүрілдеп тұр. Әлемдік тұсаукесерін «Атилламен» жасаған театрға сырттан келушілердің қарасы да молынан. Осы өнер ордасы Күләш Бәйсейітованың атына сұранып-ақ тұр емес пе?!
Елімізде өндірілетін өнімдердің сапасы да ешкімнен кем емес. Ұлыбританияда оқитын бір танысым ондағы нанның өзі біздегі жүгері таяқшалары сияқты ауызда еріп кететінін айтқан еді. «Оның қасында біздің өнімдер ешқандай консервант қосылмаған, экологиялық таза өнім» деген еді ол. Қазақстандық ұнды ала шапанды көрші ағайындар да, айыр қалпақтылар да «қырылып» алатын көрінеді. Ендеше, неге ұн өнімдерімізді әлемге танымал етпеске?!
Жақында «Даму» қоры франчайзингтің Еура­зиялық қауымдастығымен бірлесіп, қазақ­стандық брендтерді әлемге таныту мәселесін қолға ала бастағанын естіп, жақсылыққа жорыдық. Ендеше, басталған іс аяғына дейін жеткізілсе дейміз.

Қымбат Тоқтамұрат

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =