Біздің Валя

0 110

Айтар әңгіме, шертер сырымыз­ ана тілімізді ардақтап, бес жыл бұрын республикалық «Мем­ле­кеттік тіл – менің тілім» атты байқауда топ жарған, «Жүз­ден­ жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған украин қызы, ауылдас­та­ры «Валя» деп еркелеткен Вален­тина­ Савчук жайлы болмақ.

Ұлты украин Юрий Савчук отбасы үшін ит арқасы қияннан келіп қоныс тепкен Жайылма ауылы құт мекенге айналды. Құдығынан су ішіп, дастарқанынан дәмін татқан қасиетті қазақ жерінде төрт ұл, үш қызы өмірге келді. Бәрінен де сүт кен­жесі Валентинаның жөні бөлек болды. Валентинаның былдыраған тілі қазақ­ша­ шықты. Қазақ тілінде ертегі тыңдап, өлең жаттап, ән шырқады.

Валентина жеті жасқа толғанда қазақ мектебінің табалдырығын аттады. Қазақ балаларымен бірге әліппе бетін ашты. Мектептегі мыңға тарта қазақ оқушыларының ішінде жалғыз өзге ұлт өкілі осы Валентина еді. Бірінші сынып­ты мақтау қағазымен тәмамдады.

Өткінші жауындай он жыл да өте шықты. Валя қазақ мектебін үздік аттес­тат­пен бітірді. Үлкен өмірге жолдама алды. Юрий мен Любовь кенже қызы­нан үлкен үміт күтті. Жоғары оқу орны­на барады деп ойлады. Бірақ Вален­тина тосын мінез танытты. «Еңбек еткім, өмір көргім келеді» деді. Ата-анасы оң-солын таныған қызына қарсы болған жоқ. Валентина әке-шешесінің жолын қуды. Қарапайым құрылысшы маман­ды­ғы­мен еңбек жолын бастады.

Арада жыл өткенде Валентина көрші Өндіріс ауылының Хамит есімді жігі­ті­не тұрмысқа шықты. Ауылдағы Бай­қа­дам орта мектебінің директоры Лаура Асанова қазақ ұлтының ұрпағын өсірген украин қызын лаборант етіп жұмысқа қабылдады. «Болашақ» педа­го­ги­калық колледжінде сырттай оқуға көмек көрсетті.

2008 жылдың көктемі мен жазы, күзі Валентина үшін өмірдегі ең елеулі кезең болды. Лаура ұжымдағы жалғыз өзге ұлт өкілін «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауға қатысуға қолқа салды. Мектеп директорының орынба­са­ры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лі­мі Ханшайым Иманәлиева Ва­лен­­­ти­на­ны байқауға балапандай бау­лып,­­ үкілеп қосты.

Тілі қазақ тілінде шығып, қазақ ұлты­ның ұрпағын өсірген украин қызы бабы келген бәйге атындай шашасына шаң жұқтырмады. Облыстық байқауға жалғыз жолдаманы қанжығаға байлады.­ Арада айға жуық уақыт өткенде ұстаз бен шәкірт Таразға жол тартты. Әр аудан­нан келген үміткерлер сайысында Валя тағы топ жарды. Жиналған көпті, қазы­лар алқасын таң қалдырып, бас бәй­ге­ні иеленді.

…Жадыраған жаз өтті. Қоңыр күз келді. Елордадан байқауға арнайы шақыр­ған хабар жетті. Валентинаның жүрегі алып ұшты. Тұла бойын ерекше сезім биледі. Өзіне осыншама құрмет пен­ сенім көрсетілер деп еш ойламапты. Валентина оймақтай ой түйді. Бәрі де қазақ тілін ардақтаған украин қызы­на деген шынайы пейіл, ыстық ықы­лас, қошемет екенін терең түйсінді. Ұстаз бен шәкірт әлем таныған тәуелсіз Қазақ­стан ас­та­на­сын бетке алып, ұзақ жолға шықты. Республикалық бай­қау­ Кү­ләш Байсейтова атындағы Ұлттық Опера және балет театрында өткен. Зәу­лім ғимаратта ине шаншар орын жоқ. Жиналған көпшілік еліміздің әр түп­кі­рі­нен келген он жеті үміткердің сайы­сын­ қы­зық­тап, рухани ләззат алмақ. Жанары – отты, сөзі – мірдің оғын­дай, қазақ тілінде бұлбұлдай сай­ра­ған украин қызына көрермендер сүй­сі­не көз салды. Ойы – орамды, көзі – қарақты кейбір көрермен «бас жүл­де­нің иесі осы қыз болар» деп, тон пішіп те үлгерді. Бәсекелестерін бірі­нен соң бірін қапы қалдырған Валя үштің бірі болып финалға жетті. Соңғы бәсе­ке­лесі Астана қаласының намысын қорғаған әскери орыс жігіті Николай да оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Қазақ­шаға судай ағып тұр. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына жетік. Тек осал тұсы – мақал-мәтелдерді онша біл­мей­ді. Николайдың сүрінген, өкін­ген­ жері де – осы тұс. Байқау мәресіне жетті. Қазылар алқасы байқау қоры­тын­ды­сын салтанатпен жариялады: «Бас жүлде Жамбыл облысынан кел­ген­ Валентина Савчукке беріледі!». Қол шапалақтаудан құлақ тұнды. Валя­ның­ қуаныштан дүрсілдеген жүрегі кеудесіне сыймай кетті. Тұла бойын баураған сезім толқынына шыдай алмады. Жылап жіберді. Құшағы гүлге толды. Анасындай болған ұстазы Ханшайым кеудесіне қысып, бетінен өпті.

Сол күні кешкісін «Хабар» арна­сы­ның­ қорытынды жаңалығында жарыс жеңімпаздары эфирге шықты. Анасын теледидар бетінен көріп қалған ауыл­дағы сегіз жасар қызы Айжан әкесіне: «Апам жылап тұр» деді мұңайып. Сабырлы Хамит: «Анаң бас жүлде алып, қуанғаннан жылап тұр, қызым» деді күлім қаға жауап қатып.

Темірлан ӘБІЛДАЕВ,
журналист,
Жамбыл облысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + four =