«БІЗДІҢ ПРЕЗИДЕНТТІҢ» ТҰСАУКЕСЕРІ

0 202

DSC_5270

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы «Кемел ел» жастарды тәрбиелеу орталығының мүшелері Астана қаласындағы мектептердің белсенді оқушыларымен кездесті.

Ұйымдастырушылар басқосуға жоғары сыныптарда оқитын үздіктерді, зияткерлік сайыстар мен спорттық шаралардың жеңім­паздарын шақырған. Олар Елба­сының кітапханасы орналасқан, сәулет өнерінің бірегей туындысы болып табылатын жаңа ғимаратты алғашқылардың бірі болып тамашалады. Жасөспірімдер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасына және интерактивті экспозицияның мазмұнына ерекше қызығушылық білдірді. Балалармен кездесуге келген Қазақстан Республикасының Президенті кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы кітап­ханасының директоры міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков рухани орданың жұмысына ынта­лылығын танытып, ғылыммен айналысамын деген жеткіншектерді Елбасы кітапханасымен бірге жұмыс істеуге шақырды.

Жиын барысында М.Қасымбеков, А.Молдағаринов және Е.Хасенов Елбасы кітапханасымен бірлесе шығарған Н.Назарбаев туралы «Біздің Президент» атты кітап­­тың тұсауы кесілді. «Алматы кітап баспасынан» жарық көрген деректі повесть 2012 жылы ба­сылған «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты еңбектің негізін­де орта және жоғары сынып оқушы­­ларына арналып жазылған. Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапхана­сының директоры міндетін ат­қарушы, кітап авторларының же­тек­шісі Махмұд Қасымбеков бұл басылымның барлық облыстағы білім ошақтарына, кітапханаларға таратылатынын жеткізді. «Негізгі біздің идеямыз Елбасының өмірі мен қызмет жолын мектеп оқушыларына түсінікті тілмен жеткізу болды. Бұл кітап 23 мың данамен орыс тілінде шықты, қазір қазақ тіліндегі нұсқасы дайындалуда. Келесі жылдың басында қазақ тіліндегі нұсқасы 20-25 мың данамен шығарылады. Сондай-ақ, бұл кітаптар өңірлердегі мектептерге таратылып беріледі. Жақын арада Жамбыл облысына 1 мыңға тарта кітапты бергелі отырмыз» деді ол.

Оқырманға жол тартқан су жаңа еңбекте Тұңғыш Президенттің балалық шағынан ер жетіп есейген кезіне дейінгі өмірі, Теміртауда құрыштай шыңдалған уақыты, Ук­раи­нада алғашқы металлургиялық білім ала бастаған кезі, қызмет жолы, Қарағанды облысындағы алғашқы партиялық қызметте болған кезеңі, Президент болып, Қазақ­станның мүддесін қорғап, істеген үлкен қызметтері жайында мектеп оқушыларына түсінікті тіл­мен жазылған. Тұсаукесер рәсімін өткізген жастарды тәрбиелеу ор­талы­ғының мүшелері де кітаптың жеңіл, қарапайым тілмен жазыл­ғандығын ерекше атап өтті. Бұл шығарманы оңай оқып, терең ұғындырады. Деректі повесті ел, қоғам және жалпы әлем туралы білімді жоғарылатуда берері мол болғандықтан, Қазақстан тарихын зерттеудегі қосымша оқу құралы ретінде пайдалануға болады.

Кітаптың тұсаукесеріне келген оқушылар өз ризашылықтарын біл­дірді. «Ең басты құндылық – тәуел­сіздік. Осы жерде Елбасымыздың Жолдауынан дәйексөз келтіре кетсем: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын». Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіс­піз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Мен бұл кітаптан алған әсерім жүрегімнің төрінде орын алды, патриоттық сезімімді оятты, тәуел­сіздік пен бейбіт өмірдің қадірін жоғары бағалауға үйретті. Кітаптың авторларына үлкен алғысымды білдіремін» деді «Жас Ұлан» Рес­публикалық әскери мектебінің оқушысы Ақтөре Естаев.

«Біздің Президент» кітабының тұсаукесер рәсімінен кейін Махмұд Қасымбеков оқушыларға жаңа оқу жылында табыс тілеп, әр балаға өз атынан «Сенің ұдайы жақсы оқып, еліміздің білімді азаматы, халқы­мыз­дың мақтан тұтар перзенті болып өсуіңе шын жүректен тілектеспін» деген ақжарма тілегі жазылған кітап табыстады. Шара соңы естелікке суретке түсумен аяқталды және балалар үшін Елбасының кітапханасы бойынша экскурсия ұйымдастырылды.

Асхат Райқұл

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + ten =