БІЗДІҢ НҰРЛЫ «БОЛАШАҚ»

0 370

Азаттықтың алғашқы жылдарынан-ақ Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жарқын болашақ ісіне – елдің ертеңгі тізгінін қолға алар жастарды тәрбиелеу қажеттігіне ден қойды. Қазақ елінің жастары шет елдерге барып, білімін шыңдасын, әлемдік бәсекеге қабілетті болуымыз үшін өркениетті елдердің озық жетістіктерін меңгерсін деген мақсатпен «Болашақ» халықаралық бағдарламасын дайындатып, жастарды алыс-жақын шет мемлекеттерге оқуға жіберуді қолға алған еді. Президент осы шара арқылы ел жастары қай салада да өркендеуге үлес қосады деп үміттенді. Бүгінде бұл үміт үдесінен шықты, ақталды деуге толық негіз бар.

Безымянный-1Рисунок2

Заманауи жетістіктерді меңгерген жастар қазір мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап, тәжірибелерін шыңдай түсуде. Әрқайсысы әр саланың білікті маманына айналған. Солардың бірі – Мақсат Жабағин, Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы университеттен білім алып келген.
Бала күнінен жаратылыстану пәніне қызыққан ол бүгінде алған білімі мен тәжірбиесін өз елінің өркендеуіне жұмсап жүр. Биотехнология ма­ман­дығын меңгерген Мақсат оқуды бітірген соң  бірден  жұмысқа  орналас­ты. Қазір Назарбаев университетінің «Өмір туралы ғылым» орталығында адам генетикасын зерттеумен айналысуда.

Жас маман ДНК-ның өзгеріске ұшырау себебін анықтап, даун синдромы сынды аурулардың ем жолдарын қарастырған. Бүгінде қазақ халқының толық геномын зерттеуде. Ол «Болашақ» бағдарламасы туралы былай дейді: «Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарлама арқылы біз сапалы білім алдық. Отандық және шетелдік ғылымды байланыстырып, қалай зерттеулер жүргізу қажет екендігін білдік. Менің мақсатым – еліміздегі ғылымды дамытуға үлес қосу, қазақ мемлекетін әлемдік өр­кениетті елдер қатарына енгізу».

Map

Балжан Жартыбаева да «Бола­шақтың» түлегі. АҚШ-тағы беделді оқу орындарының бірі Тhe George Washington университетінің магис­тратурасын тәмамдап келді елге. Кейін Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде еңбек етті. Қазір Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде жұмыс істеп жүр. «Мен үшін, менің Отаным үшін «Болашақ» бағдарламасының берері өте көп деген сенімдемін. Бұл бағдарлама жалындаған жастарға өз мамандығын озық оқу орындарында жоғары технология мен ең үздік әдістемелер арқылы терең меңгеруге жол ашады. Әрбір студенттің білімін жоғарылатып қана қоймай, пат­риот­тық сезімін оятып, елге, жерге деген махаббатын арттыра түседі. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі біздің замандастарымыз Қазақстан жастарына шетелдің жоғары оқу орындарында дәріс алуға мүмкіндік беріп, айрықша жағдай жасап отырған ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігіне қызыға қарайды» дейді жас маман.

Ал, Сәкен Нұртазаев Ұлыбри­та­нияда оқып қайтқан. Бірнеше жыл алған білімін ауылдың өркендеуіне жұмсап келеді. Ол Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр. «Болашақтық» жастардың ауылды жерге барып қызметке араласуы – бағдарламада көрсетілген міндеттердің негізгі бағытының бірі. Оның үстіне жастар мен жергілікті биліктегі аға буын өкілдерінің қарым-қатынасы ел игілігі үшін атқарылатын жұмыстардың жемісті болуына ықпалын тигізеді» дейді Сәкен. Оның пікірінше, елдің өркендеуіне, өсуіне ауылдық аймақ­тардың қосар үлесі шексіз. «Біз дамуымызды жалғастырамыз, тасымызды тағы өрге домалата береміз десек, ауылдарды, елдімекендерді қолдауды, демеуді әлі де болса жандандыруымыз қажет» деген ойын да жеткізді аудан әкімінің орынбасары.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте жүріп, кәсіби біліктілігімен көзге түскен «болашақтықтар» жетіп артылады. Олардың біразы жоғары лауазымды қызметтерде еңбек етуде. Мәселен, «Нұр Отан» партия­сы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Герман Фе­деративтік Республикасының Лю­бендегі Жоғары мектебін бітірген. Үш педагогикалық, музыкалық және эко­номикалық жоғары білімі бар. Майндағы Франкфурт қаласында Қазақстанның Бас консулдығында атташе, Берлин қаласындағы Қазақ­стан Республикасының Елшілігі эко­номикалық бөлімінің үшінші хатшысы болған. Президент Әкімшілігінде түрлі лауазымдарды да абыроймен
атқарды. Бауыржанның еңбек жолы жүйелі зерттеу орталығының экс­перті, ақпарат және талдау сек­торы­ның меңгерушісі, Президент әкім­шілігі басшысының орынбасары болып жалғаса береді.

«Болашақтың» тағы бір түлегі – Қуандық Бишімбев бүгінде «Бәй­терек» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары. Ол
АҚШ-та білім алған. Бишімбаевтың білім жолы мұнымен тоқтамайды. Қазақ мемлекеттік басқару академиясында  «Халықаралық  экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша білімін үстеп, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойын­ша, Дж. Вашингтон атындағы уни­верситеттің жанындағы Менеджмент және бизнес мектебін аяқтады. Бизнесті басқару магистрі дәрежесіне ие, экономика ғылымдарының кандидаты.

Арын Өрсариев те өзінің нағыз «болашақтық» екенін дәлелдеуде. Орыс, француз, ағылшын, испан тілдерінде еркін сөйлейтін Арын қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүргенді жөн көреді. Жас­тарға есімі қазақстандық Көңілді тапқырлар клубының алғашқы не­гізін салушылардың бірі ретінде таныс. Бүгінде ол Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет етеді. «Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі Арын Өрсариев әр жылдарда Президент Әкімшілігінде, Сыртқы істер министр­лігінде, Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Астана әкімдігінде еңбек еткен. Осыдан-ақ, «болашақтықтар» әлеуеті зор үлкен кадрлық резерв екенін байқау қиын емес. Бұлар – Елбасының «болашақ» бағдарламасының жемісі һәм жеңісі.

Бүгінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шетелде білім алған 6 мыңнан астам түлек  елімізде әр салада еңбек етіп жүр. Олар физика, ақпараттық технология, маркетология бағытындағы тың мамандықтарды игерген. Биыл бұл ауқымды жобаға жиырма жыл толды. Бүгінде бұл бағдарлама бо­йынша, 10 мың студент озық білім алды. Олардың 25 пайызы Астана қаласының тұрғындары болса, 32 пайызы – алматылықтар. Ал 43 пайы­зы – еліміздің әр аймағынан.

Қорыта айтқанда, «Болашақ» – біздің мемлекетіміздің болашағы. «Болашақтан» білім алған зиялы жастар ел ертеңі үшін аянбай тер төге беретіні анық. Бұл жастар қазірдің өзінде түрлі өндіріс орындарында, әлеуметтік нысандарда еңбек етіп, жаңа технологияларды енгізуге мұрындық бола бастады. Шетелден үйреніп келген тәжірибелерімен, білімдерімен бөлісіп, әріптестеріне үлгі болуда. Сондықтан Қазақстан озық дамыған отыз елдің қатарына қосылатын күн де алыс емес секілді.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 10 =