Біздің міндет – билік пен халықтың арасын жақындату

0 140

Ақпан айында Астана қаласында Қоғамдық кеңес құрылған болатын. Осыған орай,  біз жаңа консультативті органның басшысы Сансызбай Есіловке  жолығып, жаңа  құрылымның  жұмысы жөнінде әңгімелестік.

00001

– Сансызбай Сейітжанұлы, алдымен қаладағы Қоғамдық ке­ңестің мақсаты мен міндеттеріне тоқталсаңыз.

– Өткен жылы 2 қарашада шыққан «Қоғамдық кеңестер туралы» заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап күшіне енді. Бұл – Мемлекет бас­шысының бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдар­ламасын орындау бойынша атқа­рылатын жұмыстардың заңды жалғасы. Осы Заң бойынша жергілікті орындар мен облыстарда, Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ орталық министрліктердің құрамында қоғамдық кеңестер құ­рылып, өткен аптада қалалық мәс­ли­хаттың 64-сессиясында Астана­дағы Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілді. Ол 25 адамнан тұрады.

Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқару мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында құрылған кеңес негізгінен консуль­тативтік-кеңестік бақылау органы болып табылады. Демек, әкімдік пен мәслихаттың қабылдап жатқан нормативтік құжаттары алдымен осы кеңесте қаралып, мақұлданғаннан кейін ғана Әділет департаментінде бекітіледі. Мәселен, бизнеске байланысты нормативтік құжаттар Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен өтетін кеңес отырысында қаралып, мақұлданады.

Қоғамдық кеңесті құрған кезде заң бойынша бүкіл процедурасын бұлжытпай орындауға тырыстық. Әуелі қалалық газеттер мен өзіміздің сайтқа осындай кеңестің құрылатыны жөнінде хабарландыру жарияланып, 9 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Бұл ретте қаладағы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өз ұсыныстарын білдірді. Солардың арасында өздері-өздерін ұсынғандар да болды. Осылайша, барлығы 61 кандидаттың ішінен жұмыс тобы конкурс жүйесінде 25 адамды сайлады. Олардың 30 пайызы жергілікті әкімдікте, мәслихатта, басқа да органдарда ұсынылған азаматтар болса, қалған он сегіз адам осы Астанада тіркеуден өткен саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Олар дауысқа салу арқылы сайланды.

– Қоғамдық кеңестің бірінші отырысында ашық дауыс беру арқылы Сіздің төраға болып сайланғаныңыздан хабардармыз. Ал, қоғамдық кеңестің құрамында кімдер бар?

– Қоғамдық кеңес мүшелерінің барлығы дерлік Астананың дамуы­на үлес қосқан, жерлестеріміздің құрметіне бөленген азаматтар. Олардың арасында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, С.Сейфуллин мұражайының директоры Несіпбек Айтов, «Қазақстан қала құрылысы одағы» астаналық филиалының атқарушы директоры Гүлнәр Құсайынова, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев, Астана Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов және Эконо­мика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нұрпейісов секілді Астананың қа­лыптасуына айрықша үлес қосқан жалпы саны 25 азамат бар. Жұмыс тобы кеңестің төрағасы етіп мені сайлады. Бұл ретте менің бүкіл өмір­баяным бас қаламен, Ақмола облысымен байланысты екені, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істегенім, Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланғаным ес­керілді. Осы отырыста Қоғамдық кеңес хатшысы лауазымына қалалық мәслихат аппаратының басшысы Вера Пытьева сайланды.

Сонымен бірге Қоғамдық кеңес комиссиясының жұмысын үйлес­тіретін, ұйымдастыратын және ақпараттық қолдауды қамтамасыз ететін төралқа құрамы бекітілді.

Меніңше, ең бастысы Қоғамдық кеңес жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде тиісті орнын таба біл­гені жөн. Себебі, ол бюджет жобасын, оның атқарылуы туралы есепті, қаланың даму жос­па­рын қарастыратын, атқарушы және өкілетті органдар енгізетін нор­ма­тивтік құқықтық актілер бойынша қорытынды беретін болады.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алғашқы отырысымыз өтті, төралқа мүшелері сайланды. Енді Қоғамдық кеңестің ережесі дайындалуда. Үкімет белгілеген ере­жені өзімізге қажетті көлемінде бекіткеннен кейін жұмысымызды жоспарлаймыз. Ол үш айға, жарты жылға және бір жылға бағытталып жасалады. Соны бекіткеннен кейін жұмысымызды бастаймыз. Жақын күндерде қала әкімдігінен түскен құжаттарды құптау үшін екінші отырысымызды өткізбекпіз.

Қоғамдық кеңестер жұмысының негізгі нысаны осындай отырыс­тар болып табылады. Қажет болған жағдайларда қоғамдық кеңестің отырысына оның шешімімен мем­лекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіптік және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен өзге де мамандар шақырылуы мүмкін. Кеңестің жұмысы бекітілген жоспарына сәйкес, тұрақты түрде жүзеге асырылады.

Жалпы, бұл – өте жауапты жұмыс. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіруде Қоғамдық кеңес халық пен билік арасын жа­қындастыруға ықпал ететін болады. Сондықтан біздің мақсатымыз көпшілік көңілінен шығып, әкімдік пен мәслихатпен бірлесіп, қоғам үшін, халық үшін жұмыс істеу. Бұл кеңес елімізде демократияны дамытудағы маңызды қадам дер едім. Ол жариялылық, ұстанымында жұмыс істеп, халық пен атқарушы билік арасын жақындата түседі деген сенімдемін.

Г. ӨКЕШҚЫЗЫ, astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 5 =