©2020 Астана Ақшамы
БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІЛІМДЕ
Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын білім сапасының елдің қарқынды дамуынан қалыспауы мақсатында оқу орындарындағы білім беру қызметінің сапасын қадағалауды ұлттық деңгейде жүргізу үшін арнайы бақылау жүйесін құруды тапсырған болатын.
Нәтижесінде Үкімет қаулысымен Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің аймақтық департаменттері 2011 жылдың аяғынан бері өз қызметтерін бастады. Алғашында бұл жаңа құрылым аймақтардағы орталықсыздандыру саясатына қарсы шара ретінде бағаланғаны жасырын емес, ал бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар нәтижесі аймақтардағы білім сапасы алшақтығын жою, оған бірыңғай мемлекеттік талап орнату мәселесі уақыттың талабы екеніне көзімізді жеткізіп отыр. Білім басқармасы мен Бақылау департаменті арасында міндеттер заңды бөлінген, олар бірін-бірі қайталамайды.
Бақылау жүйесінің құрылуы жүйелі кемшіліктерді анықтау мен оларды жою жолдарын іздестіру, барлық деңгейдегі білім мекемелерінде білім беру қызметтерінің сапасына тұрақты қадағалау орнату, оқушылармен және ата-аналармен байланысты қалыптастыру, орталықты жүйелі түрде нақты, әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру сияқты нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жерде осыған дейін жергілікті атқарушы органдар тарапынан білім сапасын бақылау жұмысы жүргізілмеген бе деген ой тумауы керек. Олар өз деңгейлері мен құзыреті шегінде бұл жұмысты атқарып келді, алайда 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Білім басқармалары тарапынан жүргізілген тексеру шаралары мен осы жылдың екінші жарты жылдығында аймақтық бақылау департаменттері тарапынан жүргізілген тексеру шараларының қорытындысы бойынша бірден сандар алшақтығы орын алды. Бұл түсінікті де, кейбір объективті себептерге байланысты жергілікті атқарушы органдардың өздері ұйымдастырып отырған іске өздерінің баға беруі жүз пайыздық нәтижемен аяқталуы заңды құбылыс еді. Ендігі жерде бізге маңыздысы – осы алшақтықты көзге шұқу емес, жергілікті органдармен білім сапасын арттыру жолында бірлескен шаралар атқару. Бұл тұрғыда оңды нәтижелер де жоқ емес, Астана қалалық Білім басқармасы басшылығы біздің тарапымыздан атқарылған бақылау шаралары қорытындыларын түсіністікпен қабылдап, кемшіліктерді жою бойынша жүйелі істерге көшті, арамызда ортақ мәселе бойынша кері байланыс орнады.
Жалпы, Астана қаласындағы білім сапасының деңгейі оның елордалық дәрежесіне сай екенін айта кетуіміз керек. Бұл қала басшылығының білім саласына ерекше қамқорлық танытуының, сондай-ақ жекелеген білім ордалары басшылары мен ұстаз-дарының жүйелі, заман талабына сай, қажырлы еңбектерінің нәтижесі екені даусыз.
Қайрат ӘБДІБЕКОВ,
ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Астана қаласының Білім саласындағы бақылау департаментінің директоры