БІЗДІҢ БАЛАЛАР ЖАҢА ЖАҒДАЙЛАРҒА БЕЙІМДЕЛЕДІ

0 163

Серік БӨПЕЖАНОВ, Астана қаласындағы балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің басшысы

– Сәлеметсіз бе, Серік Елемесұлы?! Біздің білуімізше, сіздердің мекемелеріңізде күндізгі және стационар бөлімдер жұмыс істейді екен. Бұлар қай жылдары ашылды және күндізгі бөлімнің стационар бөлімінен айырмашылығы қандай?
– Иә, біздің балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінде екі бөлім бар. Олар – әлгінде өзіңіз айтып өткендей, күндізгі және стационар бөлімдер. Стационар бөлімі мекеме ашылғаннан бері жұмыс жасаса, күндізгі бөлім 2006 жылы ашылған болатын. Күндізгі бөлімді ашудағы басты мақсат ата-анасы бар, отбасымен бірге тұратын мүмкіндігі шектеулі балалардың кешке дейінгі уақытын осында өткізуіне мүмкіндік тудыру еді. Яғни, былайша айтқанда, біздің мекеме мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақша іспеттес. Олар біздің мекемеде арнайы әлеуметтік қызмет алып, кешкісін ата-аналарына оралады. Бұл, бір жағынан, баланың дамуына септігін тигізсе, екінші жағынан, ата-аналарының жұмыс уақытын үнемдеуіне де үлкен көмек.

– Жартылай стационар­лық үлгідегі мекеменің негізгі міндеттері мен қызметтері қандай?
– Жартылай стационарлық үлгiдегi ұйымның негiзгi мiндеттерiне келсек, ол, ең алдымен, осы стандартта белгiленген көлемдерге сәйкес арнаулы әлеуметтiк қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қызмет алушылардың жеке қажеттiлiктерiн ескере отырып, олардың жеке даму деңгейiн арттыруға, әлеуметтендiруге және кiрiктiруге бағдарланған арнаулы әлеуметтiк қызметтiң сапасы мен тиiмдiлiгiне ұдайы назарда ұстау да біздің мекеменің негізгі міндеттері болып есептеледі.
Жартылай стационарлық үлгiдегi ұйымда, біріншіден, қызмет алушыларды қабылдағасын, олардың сырқатын, хал-ахуалының ауырлығын, жасын ескере отырып орналастырады, оларды жаңа жағдайға бейiмдеу жөнiнде iс-шаралар өткiзеді, екіншіден, қызмет алушылардың жеке басына қол сұғылмаушылық пен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етеді. Одан бөлек, қолайлы моральдық- психологиялық жағдай жасау, қызмет алушыларға осы стандартқа сәйкес сауықтыру және әлеуметтiк оңалту ем-шараларын ұсыну арқылы жан-жақты көмек көрсету де – мекеменің негізгі функцияларының бірі. Сонымен бірге, мүгедектерге әлеуметтiк, медициналық және кәсiптiк оңалту жүргiзіледі, қызмет алушылар мен олардың отбасы мүшелерi әлеуметтiк қызмет көрсетудiң көлемi мен түрлерi, iшкi тәртiп ережесi туралы хабардар етіледі. Оның сыртында еңбектi ұйымдастыруды жақсарту, персоналдың бiлiктiлiгiн арттыру және қаржы-шаруашылық қызметiн сауатты жүргізу сияқты күнделікті ағымдағы жұмыстары жетіп артылады.

– Мекемелеріңіздің көптен бері қызмет жасап келе жатқанынан хабардармыз. Біз осы мекеменің қызметін пайдаланатын ата-аналар атынан хабарласып тұрмыз. Ұжымдарыңызға шынайы қамқорлықтарыңыз бен мейірімділіктеріңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Естуімізше, 2016 жылы сіздер 35 жылдық мерейтойларыңызды атап өтпекшісіздер. Жыл сайын сіздерден емдеу, ортаға бейімдеу курсынан өтіп, отбасына оралған балалардың дамуында ілгерілеушілік байқала ма?
– Әрине, біздің жұмысымыздың нәтижесі байқалады, себебі ұжымымызда өз кәсібінің ой-қырын бес саусағындай білетін мамандар еңбек етеді.
Бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды бір-екі ауыз сөзбен түйіндеу мүмкін емес, тіптен соңғы үш жылды алатын болсақ, тәрбиеленушілеріміздің оқу үлгерімі де, спорттық көрсеткіштері де жоғары екендігін аңғаруға болады.
Биыл біздің тәрбиеле­нушілеріміз Кореяда ұйымдастырылған арнайы олимпиялық ойындарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алса, 2011 жылы Грекияда медаль тағынып қайтты.
Оқу үлгеріміне келетін болсақ, әріптерді айта алмайтын тәрбиеленушілеріміз қазіргі уақытта хат танып, сөздердің басын қосып айтатындай деңгейге жетті. Өздерінің сөздік қорларын молайтуда. Санауды үйреніп, түстерді ажырата алады, ең қызығы, сабақ барысында бір-бірлеріне және тәрбиешіге көмектесуге тырысады.
Сонымен қатар, тәрбиеленуші балалар мәдени-демалыс шараларына ұдайы қатысады, концерттерге барып тұрады. Түрлі көрмелерде қолтума бұйымдарын, суреттері мен кестелерін де көрсетеді.

– Мен – Біржан Есімовпын. Мынаны білгім келеді: сіздерде тәрбиеленушілердің дамуына үлкен септігін тигізетін қандай мамандар қызмет істейді?
– Біржан, жоғарыда айт­қа­нымдай, тәрбиелену­шілермен байланыс жасайтын әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандардан өзге тікелей қарым-қатынас
жасайтын мамандар – тәрбиешілер. Сонымен қатар, дефектолог мұғалім, логопед, психолог, массажшы, ән-күй, дене шынықтыру, еңбек мұғалімдері тәрбиеленушілердің дамуы және жетілу жолында жұмыс атқарып жүр.

– Қайырлы күн, Серік Елемесұлы! Сіздердің мекемелеріңіз қай жылдан бастап жұмыс істеп келеді және қай жас аралығындағы тәрбиеленушілерді қамтиды?
– Біздің мекеме 1981 жылдан бері абыройлы қызмет жасап келеді. Үш жас пен он сегіз жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған мекеме.
Тастанды немесе жетім бала болса, 18 жастан кейін Ақкөлде орналасқан ересектерге арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемеге орналастырылады. Ал ата-анасымен байланысы үзілмеген балаларды отбасына қайта оралтумен әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар айналысады.

– Жартылай стационар бөлімінде тәрбие­ле­нушілерге арнайы әлеуметтік көмек және олардың функционалдық дамуының жеке жоспары дайындалғанда жеке бастың қажеттіліктері ескеріле ме?
– Арнаулы әлеуметтiк қызметтiң қажеттiлiгiн, әлеуметтiк қызметкерлер, дәрiгерлер, педагогтар айқындайды.
Яғни, қызмет алушының қажеттiлiгiн бағалау негiзiнде әрі мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасын ескере отырып, ұзақ мерзімді жартылай стационарлық үлгiдегi ұйымға жіберілген қызмет алушыға бiр жылдан аспайтын мерзiмге, ал уақытша болуға арналған жартылай стационарлық үлгiдегi ұйымнан қызмет алушыға межелі мерзiмге лайықтап жеке жоспарлар әзiрлейдi.
Қызмет алушылардың жеке жоспарларын стационарға түскен күннен бастап мамандар хал-ахуалын тексергеннен кейін он жұмыс күн iшiнде немесе алдыңғы жеке жоспарының қолданыс мерзiмi аяқталған жағдайда үш жұмыс күнi iшiнде әзірлейді және оны жартылай стационарлық үлгідегі ұйым басшысы бекiтедi.
Ал, жартылай стационарлық үлгiдегi ұйымда қырық екi күннен артық болмайтын қызмет алушылардың жеке жоспарлары ем-шараға түскен күннен бастап екi жұмыс күні iшiнде әзiрленедi, кейiнгi бiр жұмыс күнi iшiнде толтырылып, ұйым басшысымен бекiтіледi.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =