«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Біз неге бас қаланы жатырқаймыз?

0 402

Астананың 20 жылдық тарихында оған арнап талай әндер шырқалды. Шырқала береді де. Несі бар, отанымыздың тағдыры шешіліп жататын бас қалаға өнер тұрғысынан тамсану әбестік емес қой. Бірақ Астана жайындағы әндерді неге әншілер ғана айтады? Сонда кім айту керек деген сұрақ көкей түкпірінен қылаң бере қалды, солай емес пе?

Әншінің шырқағаны жүректерге жетіп жатса, оны халық та жиын-тойларда айтып жүретін еді. Мәселен, «Сағынсам Көктөбені, жаныма от береді» деген Көктөбе хақындағы әнді дастарқан басында отырған барлық қазақ қосыла шырқауға бейілді. Көктөбе – Алматының бір ғана локациясы. Соның өзін жан-жүрегімен тебіреніп, «Музартқа» қосылып айтатындар арамыздан шығады. «Музарт» демекші, Астананың локациясы – Есіл өзенін осы топ әдемі әндеткен. Міне, бас шаһар жайындағы жүрекке жетіп, есте қаларлық, поэтикалық мазмұны да бай ән деп осы «Есіл ағадыны» айтуға болады. Ал Астана туралы үлкен сахналарда орындалып, елге кең тараған алғашқы ән деп Ербол Шәймерденұлының сөзіне жазылған Марат Омаровтың «Арман қала – Астана» әнін ерекше айта кету керек.

Жалпы, шынайылық деген ұғым бар. Шығармашылықтағы характер, болмыс деген қажетті фрагменттердің барлығы осы шынайылыққа басын иеді. Мен кейде ақын да, әнші де Астанаға арналған әнді жарыққа шығарар алдында осы шынайылық жайында көп ойланып отырмайды-ау деп түйемін. Мәселен, Төреғали Төреәлінің «Астанам» деген әні бар. Әншінің көп әні хит қой, бірақ бұл ән ондай мәртебе биігіне көтеріле алмады. Әннің қайырмасының өзінде біз айтқан шынайылық жоқ. Әрине, шынайылық болмаған соң, ол ешкімнің есінде қалмайды.

«Көркің баураған,

Жанды жаулаған.

Көркейе бер, гүлдене бер,

Әсем гүл-қалам.

Жұпар аңқыған,

Шаттық шалқыған,

Көркейе бер, гүлдене бер,

Әсем гүл-қалам». Егер әнші Алматыны гүл-қала деп әуелетсе, мен оған сенер едім. Сосын жоғарыда локация деген сөзді бекер қолданған жоқпын. Біздің әндер мен өлеңдерде Астананы кеңістік ретінде сезіну кемшін түсіп жатады. Қалаға сыртынан ғана назар салып, «гүлдей бер, көркейе бер» деген секілді нысанаға тыстан қарау бар да, қаламен бірге тыныстау жоқ. Ал оған қарағанда Роза Әлқожа орындайтын «Ару қалам – Астана» әнінде «Алқасындай Арқаның, Бұрымындай қалқаның» деп келетін нанымды теңеулер кездеседі. Р.Әлқожа демекші, әншінің «Арқада салған ән қандай!» деп аталатын Астана жайында соңғы пайда болған шығармалар қатарына кіретін әні бар. Міне, аталмыш әнде шынайылық, мінез, болмыс бар. Қайырмасында өнерпаз «Жетелеп кеткен арманға-ай, Арқада салған ән қандай, Жанымның шөлі қанғандай, Әніңе әсем салғанда-ай, Елітпей қалған жан бар ма-ай, Қалады-ау сол ән жалғанбай» деп шырқайды.

«Ән жүрегім – Астана» деп аталатын Серік Ибрагимовтің әні бар. Бұл әнде де жоғарыда айтқан «өркендей бер, көркейе бер» деген тілектер толып жүр.

«Бар әлемді таңдандырған, жаңа өмірді жандандырған, ынтымаққа елді бастаған, Азияда бас қала бар, ән жырымен салған думан, жасай бергін, ару Астана» деп келетін шумақтары бар. Поэтикалық, лирикалық бітімі бөлекше ән деп айтуға келмейтіні әннің тақырыбынан-ақ байқалып тұрған болар. Кейде Астана туралы әндер науқандық желеумен жазылған ба деген ойға қаласың. Қалай болғанда да, орындаушыда музыкалық біліммен қоса, поэтикаға, әдебиетке деген қызығушылық болғаны дұрыс. Тіпті бір адамның бойынан бірнеше қасиетті көргім келген мені кінәлай бастасаңыз, тым құрығанда мамандар кеңесіне құлақ асып, сазды ғана емес, сөзді де пысықтап барып халыққа ұсыну керек екенін айтар едім. Халықтың құлағының еті әлі де тірі. Бірақ жақсы ән тыңдап, құрышы қанбаған қазақ құлағының ұлттық дыбыс пен сазды естуге құлқы қашатын жағдайға жетеміз бе деп қорқамын.

Астана туралы қандай ән білесің деген сұрақты тұп-тура он адамға қойдым. Соның жетеуі Алтынай Жорабаеваның «Астана көп қараймын мен келбетіңе» деген әні деп жауап қайырды. Ол әннің ресми атауы – «Елімнің жүрегі – Астана». Мұнда да жарқырап, жайнай бер деген тілек бар. «Тілегім сен, әнім сен, Астана» деген сөздер кездеседі. Аңдап бақсақ, елордаға барлығы тілекші. Кіл тілектен тұратын Астана туралы әндер. Әрине, қапелімде Астанаға арналған әндердің фестивалі өтер болса, мамандар әншілердің орындаушылық қабілетіне мән берер еді де, әннің сөзіндегі осындай ұқсастықтарға онша назар аудармас еді. Ал енді сұрақ, неге Астана жайындағы әндер тілектер мен баталардан тұрады? Қаланың ішінде жүріп біреуді сағыну, мұңаю, кездесу секілді шынайы өмірдің фрагменттері неге кемшін түсіп жатыр? Өлең мен әннен халықтың белгілі бір ұғым мен нысанаға деген көзқарас-танымын аңғаруға болады. Парсылардың «Авестасын» оқып отырып, тұрандықтарға, нақтырақ айтсақ, сақтарға деген жаугершілік көзқарасты әбден-ақ байқап отырасың. Тіпті онда «тұр даласының адамын құдай жолына құрбандыққа шал» деген жолдар бар. Сол кездегі парсылардың танымы. Ал қазіргі қазақ Астананы неге жатырқайды? Қалаға сыртынан ғана тілек айтып, ішкі тынысын неге жасырады? Бәлкім, бұған әлеуметтік жағдай себеп болған шығар? Мүмкін, көшпелі өркениет қанына әбден сіңген қазақтың поэтикалық тілі қалалануға илікпей жатқан болар. Астанаға тыстан қарап, тілек айтуды тек қана әншілердің кемшілігі деп есептемеймін. Сондықтан поэтикалық тіл деген сөзді қолдандым. Әлбетте, аталған тілдің тізгіні сөз зергерлерінің қолында екені дау тудырмайды. Сондықтан қала поэзиясы туралы сөз қозғайтын шақ жеткен. Қалай болғанда да, Алаштың ендігі тағдыры осы Астана қаласында шешіледі, маңызды құжаттарға осы қалада қол қойылып жатқалы да 20 жыл болды. Ресми тұрғыдан емес, қалаға бір нәзік лирикамен, әдемі сазбен қарайтын кез келген секілді. Сондықтан қаланың мерейлі жылында оның ресмилігі, жарқырап, жайнап қатқаны емес, тосын бір шығармалар пайда болса екен деген ұсынысым бар.

Айнұр ТӨЛЕУ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды