Біз күткен бақыт

1 173

Мәңгілік өмір

БиБиСи жаңалық таратты. Оңтүстік Кореяда «тірі мәйіт» дейтін ем жүргізіледі екен. Ем алушыларға кебін кигізіп, табытқа жатқызады. Бірнеше минуттан кейін қайта тірілт­кендей болады.
Ем алушы қарт кісі:
– Өмірдің қадірін осында келіп түсіндім. Бекер ғұмыр кешпеппін. Арғы бетке де дайындық керек, – дейді.
Бір жас жігіт ішкі сырын ақ­тарып:
– Бәсекеге қабілетті болу керек деп, досымызды қас, бауы­рымызды жат көре бас­тап­пыз. Ал мынау табыт бә­се­келестіктің бәсін жойды. Өмір­дің мәнін түсінгендеймін, өз-өз­імді бақытты сезінемін, – дейді.
Ал өз-өзіне қол жұмсағысы келген әйел бүй дейді:
– Өмірден күдер үзген күні осында келдім. Жүрегімде сенім қалмап еді. Бірақ өлім мен үшін үлкен сабақ болды. Арғы дүниені сезінгендей болдым. Мен мәңгілікке құштармын!
Адам деген қызық қой, кейде жастық шағына, бойындағы күш-қуатына, тіпті, істеген қызметіне де сенім артады. Соның барлығы аяқсыз-ақыр­сыз болып көрінеді. Жағдайы нашарласа да, дүние­ден айы­рылып қаламын деп қорықса да, өзінің ақыр-түбі о дүниелік екенін ойламайды, керек десеңіз, ол туралы сөз етуден бас тартады. Бір қадірлі жазушы ағамыздың биік мінбеде тұрып: «Қазіргі молдалар өлім туралы көп айта береді, өмір туралы көбірек айтсын!» дегеніндей.
Абай атамыз: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деп жырлайды. Иә, мәңгілікке құштар жан иесі бұ дүниеге қонақ екендігін естен шығармайды. Тіпті кез келген уақытта көшіп кетуге дайын тұрады. Өлімді еске алатыны содан шығар. «Насихат керек болса, өлім жетеді» деп, тағы бір ойшылдың айтқаны бар еді.
Осы орайда шығыс әде­биетінде Зұлпықар болып бейнеленетін Әзірет Әлі мәңгілік өмірдің мәнін аша түсетіндей сөз айтады: «Бұ дүниенің беті ары қарап кетіп барады. О дүние бері қарап келе жатыр. Сендер бергі беттің емес, арғы беттің перзенттері болыңдар! Өйткені бүгін амал бар, есеп жоқ, ал ертеңгі күні есеп бар, амал жоқ!»
Әлгі ем алып жүрген корея­лықтардың мәңгілік өмірге қалай сенгенін білмейміз. Ондай емді біз де күнделікті тіршілікте алып жүрген сияқтымыз. Бірақ, өрелі мақсатқа жететін өнегелі өмір сүру үшін де өлімді ұмытпау керек екені рас. Түрік ақыны Нежип Фазыл: «Өлім деген көркем ғой – бұл бізге жеткен ақпар, Көркем болмағанда ше, өлер ме еді пайғамбар?» деп, осыны аңғартса керек.

Тіл

Түрік ағайындардың жиі айтатын бір күлкілі әңгімесі бар:
Қара теңіздің жағалауында туған Темел бір күні Лондонда тұратын Жамал досына қонақ­­қа келіпті. Үйге кіріп, жай­ғасып болған соң, одан досы:
– Сен ағылшын тілін білме­йсің ғой, мұнда жеткенше қат­ты қиналған шығарсың? – деп сұрапты.
– Жоғ-ә, – депті сонда Темел. – Ұшақтан түскеннен осында жеткенше ағылшындардың өздері қиналды ғой…
Әзіл де болса, рас!
Түрік ағайындар өздерінің ана тілінде сөйлеп, бүкіл дүние жүзін аралап жүре береді. Керек болса, табыс та табады.
Ал біз ше, көршінің тілі, туысқанның тілі, қонақтың тілі (Құдай-ау, тағы қандай тіл бар еді?) деп, жалпақшешей болып, бәрін меңгеруге тыры­самыз. Шетелде өз тілімізде сөйлеуді былай қойғанда, өз елімізде шетелде жүргендей күй кешеміз.
Өзгенің тіліне алаңдамай, өз тілімізде сөйлеп өмір сүрсек қалай болар екен, а?..
Төрт тілді меңгерген, әрине, біз үшін де қызық…

Президент және психотерапевт
Түріктің көсемі Ататүрік бір күні психиатриялық аурухананың жұмысымен танысады. Қасына ертіп жүрген белгілі психотерапевт Мазхар Османнан:
– Осман Бей, осы ақыл-естен айырылғанды қалай түсінуге болады? – деп сұрайды.
– Шындығын айтқанда, Пашам, бұл ауру әр адамда кездеседі ғой, – деп жауап қатады дәрігер бірдеңені жасырып тұрғандай.
– Оны қалай түсінеміз? – деп Ататүрік аң-таң болады. – Сонда менде де есуастық бар деп ойлайсыз ба?
Осман Бей іркілмей:
– О, Пашам! Басқа біреуге қарағанда, сізде ол мың есе артығымен бар ғой, – дейді жиналған жұртты есінен тандыра жаздап.
– Сонда қалай?
– Елдің ішінде де, сыртында да жыл он екі ай шайқас жүргізу ақылды адамның ісіне ұқсай ма, айтыңызшы, – депті сонда Осман Бей әзілдеп.
Сол кезде Ататүрік дәрігер­дің сөз тапқанына риза болып, ішек-сілесі қатқанша күлген екен.

Мәжбүрлік

Елімізден жұмыс таба алмай, Канадаға көшіп кеткен досым өмірде болған бір оқиғаны айтып берді.
…Қалалық сотқа орна­лас­тым. Біз сияқты төрт тіл білетін маман жоқ екен ол жерде. Шетелден келгендердің істерін қарап, құжаттарын әзірлеп, сотқа тапсырамын. Кейде сот процесіне қатысамын. Әйтеуір, қызу жұмысқа кірісіп кеттім.
Бір күні ұрлықпен ұсталған қария кісінің соты жүріп жатты. Бар кінәсі – нан ұрлаған. Қария қайтсін, кінәсін мойындады. Соттың: «Неге ұрладыңыз?» деген сұрағына: «Аш едім. Қалтамда бір тиын қалмады. Амалсыз ұрладым» деді. Сондағы соттың әділдігін қарашы. Былай деді:
– Сіз ұрлық жасадым деп мойындап отырсыз. Мен сізге бес доллар көлемінде ақшалай өтемақы төлеуге үкім шығарамын. Ал бұл ақшаны қалай төлейсіз? Шамаңыз жоқ, оны білемін. Сол үшін сіздің орныңызға мен төлеймін.
Біз аң-таңбыз. Сот қал­тасынан ақшасын шығарып берді. Уәдесінде тұрды. Содан кейін орнынан түрегеліп:
– Шындығында, бұған сіздер кінәлісіздер! Мына қарияға ақша жинап беріңіздер. Өйткені сіздер аштықтың кесірінен ұрлық жасауға мәжбүр болған қоғамда өмір сүріп отырсыздар. Бұған бәріміз жауаптымыз! – деді залдағыларға қарап.
Отырған жұрт әлгі шалға лезде ақша жинап берді. Бұрын-соңды болмаған жағдай екен. Сөйтіп, сот:
– Егер мәдениетті адамдар тұратын қалада осындай кедей кісілер кездесетін болса, онда сол қаланың басшылары елдің ақшасын талан-таражға салып отыр деген сөз. Бұны естен шығармаңыздар! – деп әділ сөзін айтты.
Біздің қаладағы тіршілік
Біздің көше. Ұлт мақта­нышының атымен аталатын көше. Сол көшенің бойында екі тілді жарнама. Орысшасы – таза, қазақшасы – шала.
Біздің аялдама. Өңкей өзіміз: темекі тұтатқан ер адам, бала жетектеген әйел, телефон ұста­ған қыз, бір-бірімен қал­жыңдасқан жастар. Бірақ, бәрі басқа тілде сөйлейді.
Біздің кинотеатр. Көр­сетілімде шетелдік фильмдер. Өз тілімізде сөйлеп жатқан кино жоқ. Өзіміздің режиссер түсірген бір ғана фильм бар екен. Рольді сомдаған да – қазақтар. Алайда тілдері – аралас, дүбәра.
Біздің мейрамхана. Ас мәзірі келді. Екі тілде – орыс және француз. Даяшы – өзіміздің аза­мат. Бірақ, ана тілін біл­мейді.
Біздің кітап дүкеніміз. Жүз­деген-мыңдаған кітап – орыс тілінде, онға жетер-жетпесі ғана – қазақ тілінде. Оқымайтын, жазбайтын, ой­лан­байтын ел сияқтымыз. Ұл­тымыз оянбаған, жаңар­ма­ған, дамымаған сияқты боп көрінеді.
Біздің телеарна. Ойын-күлкі, ән мен би. Орысша бұлбұлдай сайраған, ал қазақшаны ежелеп оқыған ақ жағалылар. Ана тілін менсінбеген бей­бақтар. Кино. Сериал. Айтыс-тартыс. Сосын қайтадан ойын-күлкі, ән мен би.
Біздің тұрмысымыз. Шетел­дік бұйымдар. Өзге тілде сайраған заттар. Жат жұрттық киім-кешек. Жеген асымыз ғана, онда да…

Екі метр жер

Өзінен кейінгі ұрпақ Шер-аға деп құрметтейтін Шерхан Мұртаза атамыз: «Жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, «біз жиылсақ – көппіз, жайылсақ – жоқпыз» деп жазады. Құдайға шүкір, тағдыр елімізді шашыратпай, төрт құбыламыз түгел болып отырмыз.
Бірақ аз ғана қазақтың әлі де шалқар далаға сыймай, ұлтарақтай жерге жете алмай жүргені таңғалдырады. Сол аз қазақты жылатпай, алақанға салуға болмас па?! Сай-сайды сағалап, жыра-жылғаны жағалап қанша қазақтың баласы баспанасыз жүр.
Жеріміз кең де, жігеріміз кем.
Терезесі тең қазақтың
керегесі кең еді ғой.
Әлде «түбі екі метр жер
бұйырады ғой» дей ме екен?
Қайырсыз санаға құрбан
болған басымыз-ай!

Мәлік ОТАРБАЕВ 

  1. Луиза :

    Тақырыптары көрінбей қалыпты. Тамаша жазылған дүние.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − one =