БІЗ ДЕ БАЛА БОЛҒАНБЫЗ…

0 127

Мереке күні Астана қалалық ішкі істер департаментінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы Якубова Зульфия Абдуллақызымен ой бөлістік.

– Уақыт көші бір орында тұрмайды. Сондықтан үлкен қаланың өзіндік ауқымды мәселелері болады. Соған байланысты біз әрбір қозғалысты жіті бақылауға аламыз. Нәтижесінде биыл 2 кәмелетке толмаған жастың мектепке бармай қалғанын анықтадық. Олқылықтың орын алуына тағы ата-ана кінәлі болып отыр. Енді жаз мезгілі келді. Серуен-сайран салатындардың қатары еселеп артады,-дейді ол. Айтқан сөзінің жаны бар. Компьютердегі мағынасыз ойынға қызыққан 71 баланы қолдарына түсіріп, үйіне қайтарады. Негізі, ата-ана сағат 23.00-ден кейін мектеп жасындағы баласын сыртқа шығармауы тиіс. Ал таңғы алтыға дейін жұмыс істейтін интернет клуб иелеріне баланың күнделікті келгені жақсы. Әлгі жоғарыда атап өтілген жастар таң шапағын осында атыруды әдетке айналдырыпты. Сонда «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздің» кері емес пе бұл?! Үлкендер сырт қалдырған нәрсеге З.Якупова басқаратын бөлім араласпағанда, қоймалжың тірлік одан әрі қоюлана беретін еді.
Астанада өркениет көшіне ілесетін ғаламат жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгін біз қолымызбен салған сол тарихи мұраларды жас ұрпаққа аманат етіп қалдырамыз. Бұл бағытта ойы озық оқушыны қалыптастыру мәселесі алғы кезекте тұр. Осы іс аяғына жетуі үшін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімге зор міндет жүктеледі. Жалпы елорда бойынша 24 аула клубы бар екен. Осында инспекция қызметкерлері балаларға заң талаптарын түсіндіреді. Аула клубында оқушының жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалған. Сондықтан әрбір баланың келіп тынығуына болады.
Өзекті өртер нәрсе де жоқ емес. Жасөспірімдер арасында ұялы телефон ұрлау ісі тыйылмай тұр. 8 рет қалта телефонын ұрлаған бір баланы қолға түсірген. Оны айтасыз отбасылық жағдайы ешкімнен кем түспейтін балғындар да осы істі кәдуілгі кәсіпке айналдырған. Хат орнын агент алмастырған қазіргі кезеңде үрке қарайтын тағы бір мәселе туындап отыр. Қысқа әрі нұсқа жазы латын жол жазбаларынан балалардың ойлау қабілеті тежеледі екен. Мұны психолог мамандар айтқанымен, өткір мәселе бәз баяғы пышақ жүзінде тұр. – Біз балаға мектепке ұялы телефон әкелме деп айта алмаймыз. Бірақ сабақ үстінде қолдануына қатаң тыйым салынады. Бір жасөспірім ұстаз дәріс беріп тұрағынында қалта телефонымен қайта-қайта ойнайды. Ақыры мұғалімнің телефонды алуына тура келеді. Сосын үйіне барарда қолына ұстатады. Осыны ата-анасы балама қысым жасады деп ұғынып, мектеп инспекторына шағымданған. Көрдіңіздер ме, қалайша жасөспірімді тәрбиелейтінімізді. Ал әке-шеше отбасында баласына дұрыс бағыт сілтесе, біз айтқан сөздер санасына қонған болар еді,-дейді бөлім бастығы әңгіме арасында.
Жоғарыдағы келеңсіздіктің алдын алу үшін «Астана lnnovations» акционерлік қоғамы мен «Финпеда» компаниясы алдағы мерзімде «Болашақ мектебі – бүгіннен» атты қанатқақты жобаны іске асырғалы отыр. Бұл бастаманың тиімділігін көруге елордамыздағы №54 лицей таңдап алынды. Яғни, таяуда мұндағы оқушылар смарт-картамен жүреді. Арнайы орнатылған мектептегі аппаратқа шәкірт жаңағы картаны тигізеді де әрі қарай өз сыныбына өтеді. Сол кезде ата-анасының ұялы телефонына сms-хат келіп түсіп, баласының қай уақытта мектепке барғанын біледі. Құжаттың ролін атқаратын смарт-картада оқушы жөнінде (қан тобына дейін) барлық мәліметтер қамтылған. Сабақтан қашып-пысып жүретін ауыл балаларына да осы игі бастама жетсе деген тілек бар. Өйткені, бар тіршіліктің қайнар көзі ауылдан бастау алып жатыр емес пе?
Біз де бала болғанбыз. Бірақ интернет клубты қуалап емес, доп қуып жетілдік. Сөйтіп жарыстарға қатысып, жүлделі орын алып ек. Қазіргі кейбір жастардың жан дүниесін интернет клубтары тұсаулап, көздерін тұмшалап отыр. Сол тұманды іспен күресіп жүрген құқық қорғау органдарының еңбегі өлшеусіз.

Әмірхан ТҰРМАХАНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + fourteen =