«Біз біргеміз» челленджі қолдау тапты

0 257

Білетіндер биылғы қыста қардың қалың жауғанына қарап, ырысты, несібелі жыл болады деп отыр. Десек те, коммуналдық қызметтерде дамыл жоқ. Мыңдаған техника мен адамдар күні-түні қар тазалау жұмыстарына жұмылдырылды. Елордалық волонтерлер осы іске септесу мақсатында әлеуметтік желілерде «Біз біргеміз» челленджін бастады. Бұларға белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов, тележүргізуші Асхат Садырбай қосылды. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады.– Белгілі әртіс Тұрсынбек Қабатовтың астанамыздың аулаларын қардан тазартып, #БізБіргеміз хештегімен видео жариялау туралы ұсынысын қолдаймын. Волонтер жылына сай бастама, – деп жазды Президент өзінің Twitter парақшасына.
Өз тарапынан Т. Қабатов Мемлекет басшысы биылғы жылды Волонтерлер жылы деп жариялағанын атап өтіп, аталмыш челленджге қала шетінде тұратын мұқтаж жандарға, ардагерлерге көмегін тигізу мақсатында қосылғанын айтты. Онымен қатар акцияға «Nomad City Hall» ұжымы, «Әзіл әлемі», «Назар аудар» театрлары, қала жастары қатысып жатқанын жеткізіп, эстафетаны «Алау» мұз айдыны сарайына, «Формат» тобына, «А.И.» музыкалық театрына және «Астана» футбол клубына жолдады.
Алматы ауданы әкімдігі аппараты да бұл игі іске қосылып, Байқоңыр, Сарыарқа және Есіл аудандарындағы әріптестерін қолдауға шақырды. Кеше «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» ұранымен Ұлттық музей ұжымы да акцияға атсалысты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =