Біз біргеміз – берік іргеміз

0 14

Мемлекет басшысы «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн форумына қатысты. Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев өз сөзінде әлемнің барлық елі, оның ішінде Қазақстанның да коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқанын айтты. Осыған орай, мемлекет тарапынан қолға алынған аса маңызды шараларға тоқталды.

– Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты Nur Otan партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Форум барысында Қасым-­Жомарт Тоқаев індеттен қайтыс болған азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Президент халықты осындай қиын-қыстау кезеңде зор жауап­кершілік танытып, өздерінің, туыстарының және жақындарының денсаулықтарына жанашырлықпен қарауға шақырды.– Дәрігерлер, медбикелер, санитарлар мен жедел жәрдем қызметкерлері! Эпидемиямен күресте ең ауыр жұмыс сіздерге жүктелді. Сіздер күн сайын бүкіл елге ерік-жігердің, қайсарлықтың, батылдықтың ерен үлгісін көрсетіп келесіздер. Біз бұдан нағыз патриотизмді көреміз. Аса қиын жағдайларда ерлікке тән әрекет жасайтындарыңызды білемін. Пандемияның қайта өршіп, ауқымы кеңейе түскен кезде сіздер қорғаныс киімдерінің, қажетті дәрі-дәрмектердің, нау­қастарға арналған орындардың жетіспеушілігі және басқа да қиындықтармен бетпе-бет келіп отырсыздар. ­Біз бұл проблемаларды жақын арада шешеміз. Аталған жағдайды шұғыл ретке келтіру үшін Үкіметке нақты тапсырма берілді, – деді ­Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстандағы әрбір 100 мың адамға шаққанда 80-нен аса азаматтың дертке шалдыққанын және мұның әлемдік статистика бойынша орташа көрсеткіш екенін айтты. Науқастар сапалы ем қабылдап жатыр. Бір топ медицина қызметкері жанкешті еңбектері үшін мемлекеттік орден-медальдармен марапатталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының жұмысын да жоғары бағалады.
«BIZ BIRGEMIZ» атты жалпыұлттық онлайн форумы аясында коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүріп, ерлік көрсеткен бірқатар азамат Қазақстан Президенті тағайындаған ­«Халық алғысы» арнаулы медалімен ­марапатталды. Сонымен қатар елордада пандемиямен күрестегі азаматтарымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау үшін ескерткіш орнатылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + three =