Біз барлығын бауыр санаумыз керек

0 123

Биыл Абай атамыздың туғанына 175 жыл толып отыр. Бірақ тұғырлы тұлғаны әлі де толық танып болдық деп айта алмаймыз. Абай түбі шексіз, алып мұхит секілді. Осы орайда көрнек­ті ғалым Жабайхан ӘБДІЛДИНМЕН ақынның болмысы мен мазмұнды, терең ойларына тағы бір бойлап көрдік.– Жабайхан Мүбәрәк­ұлы, өткен жолғы әлемнің «екінші ұстазы» атанған әл-Фараби бабамыз туралы сұхбатымызда cіз ғалымның елді білімге, ғылымға шақырған идеясын Абай атамыз одан әрі жалғады деп едіңіз. Енді әңгімеміздің әлқиссасын содан өрбітсек…
– Жер беті жаралғаннан бері адамзатты «нағыз адам мен бақыт» туралы ойлар үнемі мазалап келеді. Бұл мәні зор мәселеге ақылы ерен, ойы терең ғұламалар да толғанған. Соның ішінде ұлы философ деп ардақ тұтатын Сократ пен Платон да бар. Олардың ойынша, нағыз адам мен шынайы мемлекет болу үшін олар өздерінің идеясы мен ұғымына сай болу керек. Ең биік деңгейдегі идея – бақыт. Ондай мемлекетті ғұлама философтар басқару керек дейді. Сократ пен Платонның идеясын одан әрі әл-Фараби бабамыз ұштап, жан-жақты дамытты. Ұлы ғалымның ойынша, адам бақытты болу үшін ізгіліктің ме­йірімі тұнған қайырымды елде өмір сүру қажет. Ол кісі де мемлекетті философ­тар басқарған дұрыс деген идея­ны қолдайды. Осы түйіні шиеленіп қалған мазмұнды мәселеге Абай да өрнекті ойын қосып, оны ілгері көтеріп әкетті. Ақынның ойынша, әсіресе, жеке адам бақытты болуы үшін өмірден өз орнын табуы керек. Ақынның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дегені осыдан келіп шығады. Шын мәнінде, тіршілікте өз орныңды табу оңай емес. Өмір бір қалыпта тұрмайды, ағын судай өзгеріп отырады. Бұл жайында хакім: «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел, Алдыңғы толқын – ағалар, Артқы толқын – інілер, Кезекпенен өлінер, Баяғыдай көрінер» деп философиялық ой түйіндейді. Сонымен, диірменнің тасындай дөңгелеген дүниеден өз орныңды қалай табасың? Абай оған қалай жетуге болады деген жолды да нұсқайды. Ақынның пікірінше, өмірден өз орныңды табамын десең, алдыға ұмтылып, талаптан. Егер сен талапты, жігерлі болмасаң, өмірден өз орныңды ешқашан таба алмайсың.
– Ол үшін не істеуге болады?
– Кемеңгер бұған сан қырынан, жан-жақты үңіледі. Ақын «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» немесе «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Данышпанның ойынша, біреуге көзіңді сату, тіленші болу – қорлық. Абай қанағат пен рақым туралы да келелі ой қозғайды. Бірде ол «Адамның өмірде өз орны болу үшін оның басқаға деген рақымы болуы қажет» дейді. Ертеде бір ғұламаның «Кедей – кедей емес, жетпеген адам кедей» деп айтқаны бар екен. Мәселен, дәулетіңіз асып-төгілген, шылқыған бай болып, қанағатыңыз болмаса, оның бәрі аз көрінеді. Бұл бүгіннің де өзекті проблемасына айналды. Біреу миллион долларым, екі миллион долларым болса деп армандайды. Оған қолы жеткеннен кейін одан да көбірек болса дейді. Мұны бұрынғы аталарымыз «Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Қазір нарықтық экономикада өмір сүріп отырмыз. Мұндағы басты мақсат – баю. Өйткені бәсекелестік күшті. Адам солай алға ұмтылады. Асқан білімді, технологияны байлыққа жұмсап, пайда көрсем дейді. Пайданың түбі жоқ, ол – шексіз.
– Тағы қандай кемшілікті айтасыз?
– Абай адамның өмірден өз орнын таба алмауына «Өтірік, өсек, бос мақтан» секілді жағымсыз мінездердің кері әсері бар екендігін айтады. Ақын жиырма бірінші қара сөзінде: «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, бі­реуін мақтаншақтық дей­мін» деп ой қорытады. Сондықтан пенденің бір нәрсеге қолы жетпей жа­тып, «мен жеттім» деп ай­ту­дың өзі өсуге, өнуге, дамуға кесірін тигізеді. Сонымен бірге данышпан кейбір жандардың «бекер мал шашпақ» қасиетін сынайды. Бұрынғылардан «Біреуден байлығыммен, киіміммен озам демей, ақылыммен озып, қарапайым болу керек» деген тәмсіл қалыпты. Бүгінгі заманның өткен дәуірден айырмасы жер мен көктей. Бұрынғы байлар алтыннан алқа тағып, күмістен сақина киіп, зәулім сарай салып, сонда тұрып өмір сүрсе, қазіргі қалталылар қарапайым киініп, байлығын босқа шашпай, артық ақшасы болса өндіріске салып, оны ұлғайтып, адамдарды жұмыспен қамтып, бәсекелестікке лайық болуға талпынады. Осыған қарап басқа мәселелердің туындағанын байқайсыз. Мысалы, ертедегі адамдар онша әдемі киінбеген. Ұлы философ Сократ жалаң аяқ жүрсе, Диоген бөшкеде өмір сүріпті. Олар кейінгілерге «қарапайым киініп, біреуден артық болма» деп тағылым қалдырған. Бірақ қазіргі дамыған өндіріс сұранысты да арттырды.
– Сіз ғылыми еңбектеріңізде ардақты ақынның «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген ұстанымын біраз зерттепсіз. Осыған тоқталасыз ба?
– Абай осы ойы арқылы сонау Сократ, Платондардан жалғасқан қағиданы одан әрі дамытады. Негізінен, адам баласының түрі бір. Мәселен, бір түрге жататын жан-жануарларды білеміз. Ертеде гректер: «Гректі құл қылуға болмайды, ал көрші халықтарды жаулап, құл етуге болады» деп ойлаған. Осы идеяны кешегі фашистер де ұстанды. Олар адамды биология­лық негізбен «өмірге ла­йығы бар, лайық емесі бар» деп бөлген. Осы залым пиғыл жер бетінен жойы­лып кеткен жоқ. Бүгінге дейін жалғасып келеді. Ұлы ақын осыны терең ұғып: «Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол!» дейді. Бұл салмақты сөзді көпшілік әлі жете түсінген жоқ. Кейбіреулер «адамзаттың баласы бол» деп жүр. Анығында, данышпан бұл арада сен әкеңнің ғана баласы емессің, адамның баласысың дегенді айтып отыр. Біз қай ұлтқа, ұлысқа жатсақ та, адамбыз. Абай өз өлеңінде: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» деп керемет айтады. Хакімнің ойынша, барлығымыз бір-бірімізді бауыр санауымыз керек. Бұл жағынан ақынның ойы, қазіргі тілмен айтқанда, адам құқығымен ұштасып жатыр. Оның ойын­ша, жер де адамға ортақ. Ол қайда өмір сүрем, қайда тұрам десе де өз құқығы бар. Өйткені осы дүниедегінің бәрі – адамзаттың мұрасы. Сондықтан жерді сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – әр адамның борышы. Мәселен, кеңес заманында Арал теңізі жер бетінен жо­йылуға тақау қалды. Оның зардабы елге, адамға көп тиді. Бірақ осы экологиялық апат Қазақ­станға немесе теңіздің жие­гінде отыр­ған көрші елге ғана емес, адамзаттың қайғы-қасіреті болды. Өз заманында бұл мәселені Марк Аврелий, Сенека сияқты ойшылдар да көтерді. Бір сөзбен айт­қанда, ұлы тұлға жұртқа барлығымыздың адамның баласы екенімізді түсіндіруге тырысқан.
– Ақылы дария атамыздың дін туралы айтқандары да біраз ойды қозғап өтеді. Сіз бұл жайында не айтасыз?
– Ақын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейді. Абай – Аллаға шынайы сенген адам. Ол дін жолына жай адамдардай емес, терең түсіністікпен келген. Хакім бір қара сөзінде: «Жұрт айтады: қит етсе осының бәрі Құдайдың әмірі дейді. Егер мен ауыратын болсам, ол Құдайдан, жаманшылық жасасам, ол Құдайдан, мен кедей болсам, ол Құдайдан» деп өз ойын өрнектейді. Атақты Біржан салдың өзі бір өлеңінде «Бай қылмақ, кедей қылмақ – Құдайдан» деп айтқаны бар. Ақынның ойынша, жақсылық пен жамандықты, әділдік пен қиянатты, ізгілік пен арамдықты, байлық пен кедейлікті жаратқан Құдай. Бірақ сені қиянатшыл еткен, кедей, еріншек, жалқау, ұрлықшы еткен Құдай емес. Оған айыпты өзің. Сонымен бірге оның өмір мен өлім туралы айтқандары да философиялық ойларға жетелейді. Әрине, өмір мен өлім – мәңгіліктің сұрағы. Ақынның «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген өлеңіндегі: «Мені» мен «менікінің» айырылғанын, «өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес» дегенді жұртшылық оның деңгейінде түсінген жоқ. Абай – үлкен философия мен ынта-білімді, мазмұны терең мәдениетті бо­йына сіңірген кемеңгер. Данышпанның сөзінше, жеке адам өледі, о дүниеге кетеді. Ал бірақ жарық дүниеде не өлмейді? Абайдың ойынша, жұмыр басты пенде екі нәрседен тұрады: біріншісі – табиғаты, екіншісі – істеген ісі. Сондықтан да өмірден өткен адамның артында істеген ісі, қалдырған ізі болса, ол өлмейді. Айталық, Платон қай заманда өлді, бірақ ол қазір де тірі секілді көрінеді. Оның еңбектерін әлі күнге қайта-қайта оқимыз. Әл-Фараби бабамыз қай дәуірде өмірден өтті, бірақ біз ол жайында ғылыми диссертация қорғап, кітап жазамыз. Гомер қай заманда қайтыс болды… Міне, ұлылардың мәңгілік екендігі осыдан. Абай да осы биіктегі мәңгілік тұлға.
– Кез келген шынайы өнер адамының болмысынан жалғыздық сарыны байқалып тұрады. Данышпанның жалғыздығынан не ой түйесіз?
– Ақын шығармаларында жалғыздық туралы көп ой айтылады. «Сегіз аяқ» деген өлеңінде «…Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жайым жоқ. Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным!» дейді. Оның ойынша, жалғыздық психологиялық мәселе емес, ол адам мен адамның қатынасынан өмір­дің мәні көрінетіндігін меңзейді. Егер сіздің айт­қаныңызды, ойыңызды еш­кім түсінбесе, оған көңіл бөлмесе – шын жалғыздық сол. Экзюпери: «Ең үлкен байлық – адамдық қарым- қатынас» депті. Сондықтан адам мен адам араласып, бір-бірімен түсінісіп, сұхбаттаса білуі қажет. Содан барлық жақсылық өрбиді. Жалғыздық мәселесі қазіргі жаһандану ғасырында көкейтесті мәселеге айналып отыр. Былай қарағанда, жер бетіндегі барлық ел бір-бірімен аралас-құралас жатқан секілді. Бірақ соның өзінде жалғыздықтан жапа шегетін адамдар бар. Мұны біз психологиялық жағдай деп топшылаймыз. Кемеңгердің ойынша, бұл – психологиялық емес, қоғамдық мәселе. Адамдар арасындағы диалог жоқ жерде бір-бірімен ой, сөз араластыратын уақыт болмағанда, адамның бақыты кем түседі. Сонымен бірге Абайдың билік, махаббат, әйел туралы сөздері де үлкен философиялық еңбекке жүк.
Қорыта келгенде, Абайдың терең мағыналы ойлары халықты толғандырып жүрген бүгінгі күннің мәселесімен өзектес, ұштасып жатыр. Біз ұлы тұлғаны қаншалықты түсіне білсек, соншалықты өмірге сай боламыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =