Біз азаматтарымыздың тұлғасы даулы болған заманнан өткенбіз

0 44

Советтік идеология қысымымен біздің ұлттық тарихи жадымыз уланған. Жаңа буын, жас ұрпақ бұл дерттен арылып келеді. Бұл – сөзсіз жақсы үрдіс. Тәуелсіздікке жеткен қоғамның ең үлкен жетістігі. Ал қоғамдық өмірге енді аяқ басқан ұрпақтың талғам-түсінігін ғылыми негізде қалыптастыруға, бағыттауға біз – аға ұрпақ жауаптымыз. Ол ата-баба моласына тағзымнан, олардың бізге қалдырған аманатына адалдықтан басталады. Осы ретте бүгінгі біздің ұлттық жадымыздың әлсірегендігін көрсетіп тұрған мынадай бір тың фактіге көңіл аудару – парыз.Осыдан төрт-бес жыл бұрын бір топ ел азаматы Мәскеуден елге (Нұр-Сұлтанға) Смағұл ­Сәдуақасұлының күлін жеткізді. Бұл факті, әрине, ұлттың тарихи жадын бүгінгі сұранысқа лайық жаңғырту әрекеті еді. Бірақ жеткізілген бейіт­ті жерлеу ісі біраз кедергілерге тап болды. Бұл жағдайды, әрине, саналы түрде жасалған қарсылыққа балау тура болмас. Анығырақ айт­қанда, ол қоғамның бүгінгі рухани өміріне тікелей қатынасы бар тарихи фактіні өз дәрежесінде түсіне алмаушылықтан деп топшылаған жөн шығар. Біраз уақыт мешітте сақталып, әрекеттің арты Парламентте сөз болып, ақырында ­С.Сәдуақасұлының бейіті қаладағы ескі зираттан орын тапты. Оған да шүкір!
Смағұл Сәдуақасұлы кім? Бұл арада «еді» деген сөзді саналы түрде айтпай отырмын. Өйткені кезінде қалыптасып келе жатқан советтік отарлау жүйесіне теориялық тұрғыдан негізді, практикалық тұрғыдан сауатты қарсылық күресін бастаған тұлғалардың бірі де бірегейі Смағұл Сәдуақасұлының айтқан пікірі, көрсеткен үлгісі бүгін де өзектілігін жойған жоқ.
Бұл арада мен кезінде Смағұл тарапынан айтылып, кейінгі өмір туралығын көрсетіп берген екі-үш фактіге ғана жүгінейін. 1923 жылы Орынбор қаласында өткен ІІІ партия конференциясында келімсек, гастролер басшысымақ Вайнштейн деген (сол кезде үкімет төрағасының орынбасары) Қазақстанда құрылуға тиіс болған социалистік қоғамның материалдық техникалық базасын құру жолдары туралы баяндамасын жасап, «жол көрсеткенде, Смағұл оған жауап сөзінде «жолдас Вайнштейн сіз арқылы айтылып отырған «база» деген сөзді теріс оқысақ «азаб» болып шығады. Сол социализмнің бізге азап болып келмеу жағын кім қарастырды екен?» деген сұрау тастаған.
Араға үш-ақ жыл салып, яғни 1926 жылы партияның ІІ пленумында келесі гастролер келімсек Голощекин «қазақ ауылы үстінен «Кіші Октябрь» арқылы жүріп өту қажет» деп ұран тас­тап, И.Сталиннің қолдауын алғанда, оған Смағұл тағы да «Голощекин сөзінде демагогия­дан басқа ештеңе де жоқ. Ондай революциялық шараларға ешқандай да қажеттілік жоқ. Біздің қазақ қоғамындағы ендігі кезеңдегі ұстанымымыз азаматтық соғыс жолы емес, азаматтық бірлік тұтастық жолы болуға тиіс!» деп конфискация төтенше отырықшыландыру ұлттық мәдениет­ке шабуыл зиялыларды жою курсына ашық қарсылық танытты.
1928 жылы ол Мәскеуден шығатын «Коммунист» журналына мақала жариялап советтік индус­триализация саясатының қазақ үшін жаңа отарлау саясаты екендігін нақты дәлел арқылы әшкереледі. Мұндай мазмұндағы оның кемелдік және кемеңгерлік үлгісін тізбелеп айта беруге болады.
Смағұл Сәдуақасұлы 1927-1928 жылдары Ф.Голощекинді Қазақстандағы басшылықтан кетіру әрекетін бастап Троцкий және Зиновьев сияқты оппозициялық ұстанымдағы топпен келіссөз жүргізіп елге төніп келе жатқан апатты (1929-1933 жж.) болдырмауға жанұшыра кірісіп, советтік ессіз реформаларға ашық қарсылық күрес жүргізді.
Ал сол Смағұлдың күлі біраз уақыт өз орнын таба алмай, жетімсіреп тұрып, ең ақыры тағы да сол оны жеткізген азаматтардың парасатты әрекеті арқылы қаладағы ескі зиратқа жерленді. Бұл біздің жаңа саяси өміріміздегі аса маңызды жаңалық еді.
Егер оны ресми орындар ескермесе, бұл істі астанадағы зия­лылар мен жастар ұйымы неге қолға алып, әрбір желтоқсанның бір күні (Смағұлдың өмірден озған күні) отаншыл ұлы азаматтың басына гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырмасқа?! Мұндай әрекеттен белгісіз бір саяси астар іздеуге ешқандай да негіз жоқ. Мұндай әрекеттен лайланған жадты аршып тазарту әрекетін ғана көрген жөн.

Мәмбет Қойгелдиев,
тарих ғылымдарының
докторы, ҰҒА академигі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды