©2020 Астана Ақшамы
«Біз – әлі де әлем үшін бейтаныс елміз»
Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы
– Меніңше, жалпыадамзат біздің мәдениетімізге қаныға түседі. Иә, еліміздің аты шығып, даңқы жыл сайын артып келе жатыр. Біз Олимпиада ойындарында топ жарып, EXPO-ны ұтып жатырмыз. Осы жеңістер мен жетістіктердің арқасында бізді танып, мойындап жатыр. Бірақ біз – әлі де болса әлем үшін бейтаныс елміз. Тек Қазақстанды ғана емес, Орталық Азияның өзін көп ешкім біле бермейді. Мен бұрынырақта аймақтың көне саяси карталарын жинаумен әуестендім. Сонда байқағаным, қай елді алсаңыз да географиялық атаулары бағзыдан қазірге дейін бір атаумен аталады. Орталық Азияны қазақ, өзбек, қырғыз деп емес, «Тартария» деп көрсеткен. Орта ғасырларда да, XVIII ғасырда да солай аталған. Тартария – белгісіз халықтардың мекені деген мағынаны береді. ХІХ ғасырдағы француздар жасаған картаны қарасам, «ешкімге бағынбайтын халықтар мекені» деп көрсетілген. Бір жағынан жақсы естілгенімен, екінші жағынан жабайы дегенге келтірілген. Орталық Азияны күні бүгінге дейін жеке аймақ ретінде мойындау жоқ. Пентагонда біздің өңірмен Пәкістан мен Ауғанстанға арналған департаменті айналысады екен. Сыртқы істер ведомствосында Орталық Азияны зерттеумен Ресей департаменті шұғылданады. Міне, осыларға қарап, біз өзімізді жеке бір аймақ ретінде мойындата алмай жатырмыз ба деп ойлаймын.
(«Алаш айнасы» газетінен)
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ