Биылғы тойдың базарлығы көп

0 116

Кеше «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана», «Өзен әуендері» классикалық музыка кеші, «Астана-Арқау» түрік музыкасы фестивалінің ұйымдастырушылары баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы қызықты іс-шаралар туралы әңгімеледі. 

2013 жылы 4-7 шілде күндері «Хан Шатыр» сауда-ойын сауық кешені алдындағы алаңда «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көш­пенділер өркениетінің фестивалі өтеді.

– Еуразиялық көшпенділер өркениетінің негізгі нышаны – жылқы. Осының айғағы ретінде шабандоздар «Ат жалында» деп аталатын қиқулы ат спорты ойындарын көрсетеді. «Менің кішкентай ақ отауым» деп аталатын шоу-фестивальдің ең жас қонақтарына арнайы дайындалған тосын тарту. Киіз үйдің ғажап құрылымын, жасау-жабдықтарын, қалай тігілуін балалар да, ересектер де өз көздерімен көріп, тамашалай алады. Сондай-ақ, фестиваль аясында қолөнер бұйымдарының ұлан-асыр жәрмеңкесі қызады. Әрқилы жанрдағы қызықты тұрмыс-салт музыкасына құрылған «Фольклордағы ғұмыр» концерттік бағдарламасында жеке аспапта орындаушылар, әншілер, жыршы, ақындар, фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер өнерін көрсетеді, – деді баспасөз мәслихаты барысында «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалінің режиссері Вячеслав Гончаров.

Бұдан думаны кем емес «Өзен әуендері» классикалық музыка кеші де естен кетпестей қызықтарға толы болмақ. 4-6 шілде аралығында Есіл үстінде Брамс, Берлиоз, Штраус, Россини, Оффенбах, Равель, Сен-Санс, Чайковский, Джадзотто, тағы басқалардың тамаша туындыларының сазы қалықтайды. Оркестрге әлемге мәшһүр маэстро Кристиан Санду дирижерлік етеді. Кештің екінші күні айдың үстінде Дж.Вердидің 200 жылдығына орай әйгілі «Травиата» операсы қойылады. Операдағы жетекші партияларды (Альфред пен Виолетта) арнайы шақырылған кеш қонақтары – халықаралық конкурс лауреаттары Мариус Влад (тенор) пен Ирина Иордоческу (сопрано) орындайды. Кеш джаз музыкасының концертімен аяқталады. Астаналықтардың және елорда қонақтарының алдында бұл жолы Алматы мен АҚШ биг-бэндтері өнер көрсетпек.

3-5 шілде аралығында өтетін «Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалін ұйымдастырушылар да іс-шараның қызықты жайттарымен бөлісті. Этно-музыка зерттеушісі Ирфан Гурдалдың ойынша, бес жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалі өзіндік орны бар музыкалық шараға айналды. Осы жылдар ішінде фестивальге барлық түркі халықтарынан 400-ге тарта дәстүрлі музыка иелері мен музыка-зерттеуші ғалымдар қатысты. Фестиваль қонақтары биыл да әр елден келген әншілер мен аспаптық орындаушылардың ғажайып музыкалық композицияларын тыңдап, көруге мүмкіндік алады.

Әділбек Жапақ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + three =