Биылғы той бұрынғыдан өзгешерек

0 137

ортком

Орталық коммуникация­лар қызметінде Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен
брифинг өтті.

Қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысы Болат Тілепов пен Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, «Оберег» украин этно­бірлестігінің жетекшісі Тамара Ширмер, астаналық корейлер ассоциациясы төрағасының орынбасары Роза Пак және өзбек этномәдени орталығының жетекшісі Шерзод Пулатов 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік іс-шаралар барысымен таныстырды.

Мереке күні қала аумағында 40-қа жуық концерт, әсерлі фестивалдар, спорттық сайыстар, түрлі жәрмеңкелер мен көрмелер өтеді. Осы күні бүкіл халық әдеттегідей «Қазақ елі» монументін бетке алмақ. Онда қаз қатар орнатылған үш бірдей сахнада түрлі сауықтық-концерттік қойылымдар көрсетіледі.

Ал, негізгі сахнада сағат 11:00-14:00 арлығында жеті жүзден астам өнер шеберлерінің қатысуымен үлкен концерт өтеді. Жиналған қауым жұдырықтай жұмылып, бір­лесе құраған сиқырлы «Құрақ көрпені» қалай жасағанының куәсі болады. Театрландырылған қойы­лымдар мемлекетіміздің қуатын, ел тұтастығын дәріптейтін салтанатты көріністерді алға тартады.

Мереке күндері елордаға ат басын тірейтін белгілі ұжымдарда көп. Олар – «Наз» мемлекеттік би театры, өскемендік «Флэш» шоу-балеті, қарағандылық «Искорка» би ансамблі, шырайлы Шымкент қаласының «Шасминұр» және «Айгөлек» би ансамблдері. Соны­мен бірге, Омбы мемлекеттік ән және би ансамблі, Шешен Республикасынан келетін «Вайнах» би ансамблі, Тбилисидегі ұлттық хор мен Анкара қаласының Түрік ұлттық хоры өнерлерін ортаға салмақшы. Шет елден ат арытып келетін өнерпаздар арасында Зихтер (Германия), Мадан Оак (Үндістан), Чжу (ҚХР) және өзбектің «Ялла» тобы бар. Қорлан Қартенбаева, Ардақ Балажанова, «Алаш ұлы» тобы, Индира Расылхан отандық өнерпаздар көшін бастамақ.

Осы күні елордалық этномәдени бірлестіктердің концерттік бағ­дарламасы да мереке шымылдығын ашпақшы. Оған 400 адам қаты­сады. Бұл күні әр этностың салт-дәстүрін бей­­не­лейтін ұлттық әріптегі үйлер тұр­ғызылып, әр этнос өкілдерінің тұрмыс-тіршілігімен танысудың мүмкіндігі туады. Әр халықтың ас мәзірін татып көремін деушілерге де қазан-қазан ас тартылады.

Астананың бас алаңында 100000-ға тарта қала тұрғындары мен қонақ­тары жиналмақшы. Бұл тойда додаға түсіп, спорттық сайыста бағын сынаймын дегендерге де жүлде бар. Алаңда арқан тарту, армрестлинг, кір көтеру, тоғызқұмалақ ойындары ұйымдастырылады.

«Қазақстан халқы бірлігі мерекесі – ел санасында қашанда бейбітшілік пен ынтымақ күні ретінде қалыптасқан ерекше дата. Жаңа заманда тәуелсіз Қазақстанның бірлік пен келісімге ұмтылысын паш ететін, үлкен идео­логиялық маңыз беретін мереке. Сондықтан да осыған қатысты ме­рекелік шаралар жоғары деңгейде өткізілуі тиіс» деді Болат Тілепов.

Мазмұндық жағынан келсек, ме­рекелік шаралар бірнеше бағытқа бө­лінген екен. Ішкі саясат басқармасы басшысының айтуынша, рухани, идеологиялық бағыттағы шаралар легі бойынша қаламыздың көптеген мекемелері мен ұйымдарында, оқу орын­дарында бірлік пен ынтымақтың құндылықтарын насихаттайтын шаралар өткізілген. Әлеуметтік маңызы зор шаралар аясында – мұқтаж жан­дарға көмек беру, оларды қолдау қарас­тырылған. Жергілікті бюджеттен жалғызілікті 615 зейнеткерге бір реттік әлеуметтік көмек беру – осының айғағы. Сонымен қатар, қаланың сауда орындарында кейбір азық түлік өнімдеріне жеңіл­діктер қарастырылып отыр.

Иә, биылғы той бұрынғылардан өзгешерек. Брифингте сөз сөйлеген этномәдени бірлестіктердің жетек­шілері де биылғы мерекенің ерек­шелігін жария етіп, қала жұртшы­лығын шат көңіл, шадыман шақты бірге өткеруге шақырды.

Айгүл УАЙСОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 13 =