БИЫЛҒЫ ТАҚЫРЫП – БIЛIМ БЕРУ ИННОВАЦИЯСЫ

0 320

ERA_8465

Бейсенбі күні Астанада «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты дамуының факторы» тақырыбында білім қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Онда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасап, нағыз ұстаздың бойында қандай қасиеттер болу керектігін, бүгінгі заман талабы оларға қандай міндеттер жүктеп отырғанын егжей-тегжейлі баяндап берді. Сондай-ақ, елордалық білім саласының былтырғы жұмыстары қорытындыланып, алдағы бағыт-бағдары айқындалды. Жиынға Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те қатысып, сөз сөйледі.

    

Жетістіктер мен жеңістер

Кеңес басталар алдында жұрт­шы­лыққа Астана қаласы білім саласының жетістіктерін баяндайтын бейнефильм көрсетілді. Бұдан кейін қалалық Білім басқармасының басшысы Эльмира Су­ханбердиева баяндама жасады. Білім басқармасының басшылық тізгінін қолға алғалы алғашқы Тамыз кеңесін өткізіп, жиынды жүргізген Эльмира Амангелдіқызының баяндамасы да мазмұнды болды. Онда елордадағы білім жүйесіне қатысты барлық мәселе қам­тылды деуге болады. Білім беру са­ла­сының жетістіктерінен бастап, түйт­кілді проблемалары, кем-кетіктері, алдағы мақсат-міндеттері кеңінен сөз болды. Қолданыстағы жүйені өзгер­тетін орынды ұсыныстар да айтылды.

– Биылғы оқу жылының тақырыбы – білім берудің инновациялық стратегиясы болмақ. Инновация дегеніміз – сапалы өсуді қамтамасыз ету. Ин­но­вацияның жарқын мысалы – Аста­наның өзі, – деп сөзін бастаған Эль­мира Амангелдіқызы алдымен алдағы оқу жылында болатын жақсы жаңа­лықтарды жария етті.

Атап айтқанда, биылғы 1 қыр­кү­йекте 8 балабақша мен 4 жаңа мек­теп пай­далануға берілмек.

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» аясындағы жобаларды жүзеге асыру барысында осы жылы 17 білім беру ұйымының аумағы абаттандырылып, оларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы шаруалар кезінде 700-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, өткен оқу жылында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалалары түгел ыстық тағаммен қамтамасыз етіліпті.

Ал, 2013-2014 оқу жылындағы қолжеткізген табыстарға тоқталған басқарма басшысы биыл ұлттық бі­рыңғай тестілеуге қатысушылардың саны 81-ден 87 пайызға өскенін жет­кізді. Осы орайда 94 астаналық түлек «Алтын белгісін» қорғап шығыпты.

– Соңғы жылдары елордалық оқу­шылар ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр­генін өздеріңіз жақсы білесіздер. Жыл өткен сайын 100 және одан көп балл жинаған түлектердің саны өсіп келеді. Айталық, 2013 жылы олардың саны – 629 болса, биыл 1081-ге жет­ті. Бұл білім сапасының артып келе жатқанын көрсетсе керек, – деді Эльмира Суханбердиева.

Астана қаласы оқушыларының командасы сегіз жыл қатарынан ғылыми жобаларды қорғау бойынша респуб­ликалық олимпиадалар мен жарыстарда бірінші орын алып, «Үздік команда» атанып келеді.

Он алты жылдың ішінде Астанада мемлекеттік мектептер 35 бірлікке артқан. 1998 жылы елордада 37 мектеп болса, 2014 жылы олардың саны 72-ге жетіпті. Осы жылдар ара­лығында 28 жаңа мектеп, 100-ден аса балабақша салынып, пайдалануға бе­рілген, 5 жеке меншік мектеп, 25 мек­тепке де­йінгі шағын орталық, 6 мек­тепке де­йінгі қосымша білім беру ұйымы, 23 техникалық және кәсіби білім беру нысаны іске қосылған.

Бүгінгі таңда қаланың білім кеңіс­тігінде 173 түрлі мектепке дейінгі мекеме, 84 жалпы білім беру мектебі, соның ішінде 12 жекеменшік мектеп жұмыс істейді.

Ал елордалық білім беру саласында 11856 педагог еңбек етеді. Соның 5873-і мектептерде жұмыс істейді.

Елордада оқу орындарын жаңа­дан бітіріп жатқан жастарды жұмысқа қабылдау мәселесі де жақсы жолға қойылған. 2013-2014 оқу жылында 714 маман жаңадан жұмысқа қабыл­данса, соның 178-і жас мұға­лімдер екен. Ал біліктілігін көтеру курсынан 1353 педагог өтсе, 37 білім ұйымының же­тек­шісі менеджмент бойынша қайта даярлаудан өтіпті.

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» аясындағы жобаларды жүзеге асыру барысында осы жылы 17 білім беру ұйымының аумағы абаттандырылып, оларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы шаруалар кезінде 700-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады.

    

Инновация – сапалы білімнің өзегі

Бүгінде елордамызда білім беру ісі инновациялық бағытта жүзеге асып жатқанын атап өту керек. Білім басқармасы басшысының айтуынша, қазірдің өзінде елорданың 10 мектебінде «Болашақ мектебі» жобасы жүзеге асырылып жатыр екен. Қалалық деңгейдегі 53 алаңда «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің интеграциялық моделін жүзеге асырудың бес қадамы» жобасы қолға алынған. Бұдан өзге, 41 білім мекемесінде электрондық оқытуды үйлестіретін «Е-learning» жобасы енгізіліпті. Тағы 4 коллледжде «Білім мен бизнес біріксе – ел игілігі» атты дуальдық оқыту жүйесі жолға қойылыпты.

Астана білім саласының иннова­ция­лық дамуының көрінісі ретінде ата-аналар мен мұғалімдерге және оқу­шыларға арналған ақпараттық-жалпы білім порталын атап өтуге болады. Жыл сайын осы сайттар арасында конкурстар ұйымдастырылып, олардың ең үздігі анықталатын көрінеді.

Елорданың білім жүйесін өркендету барысында мүмкіндігі шектеулі бала­лардың ой-өресін дамыту, дүние­таны­мын кеңейту, оларға сапалы білім беру мәселесі де қалыс қалған емес. Бүгінде қаланың 47 мектебінде 200 мүгедек оқушы ешкімнен кем қалмай білім алып жүр. Тоғыз мектепке дейінгі мекемеде түзету кабинеттері мен инклюзивті білім беретін бөлімдер бар. Биыл №23 балабақша базасында тұңғыш рет зағип балаларға арналған арнайы топ ашылған. Енді биылғы 2014-2015 оқу жылында инклюзивті білім беретін 4 мектеп ашу көзделіп отыр.

Әрине, Астана қаласының білім беру жүйесінде жетістіктерімен қатар, кем-кетіктері де жоқ емес. Соның ішіндегі өзекті мәселелерге тоқталған Білім бас­қармасының басшысы жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істейтін 5873 мұғалімнің тек 29 пайызында ғана жоғарғы санат бар екендігін, 21 пайызы әлі санатқа іліге қойма­ған­дығын атап көрсетті. Ал, жыл сайын бар­лық білім қызметкерлерінің 12 па­йы­зы ғана біліктілігін жетілді­реді. «Осы жағдайды ескере отырып, біз Астанада қалалық әдістемелік ресурстық орталық құруды ұсынамыз. Бұл ор­талық педагогтардың ин­но­вациялық әлеуетін дамыту ба­ғы­тында жұмыс істемек. Ең бастысы, әр мұғалім өз пәні бойын­ша білімін жетілдіре түсетін болады. Мұндай орталықты ашудың қажеттілігін дәлелдейтін деректер де қолымызда бар. Ол – былтырғы оқу жылында жүргізілген аудиттің нәтижесі», – дейді Эльмира Суханбердиева.

Сондай-ақ, басқарма басшысы мұғалімдерді қайта даярлау мен аттес­тациядан өткізу жүйесін өзгертуді де ұсынды. Бүгінгі талап бойынша, педагогтарды қайта даярлаудан өткізу 4 жылда бір рет, ал білім деңгейін тексеретін аттестация 5 жылда бір рет өткізілетіні белгілі. Эльмира Амангелдіқызының ойынша, мұндай қалыптасқан жүйенің тиімділігі аз. Мысалы, Финляндияда мұғалімдерді қайта даярлау жарты жылда бір рет өткізілсе, соның ішінде нақты бір пәннің мұғалімдері даярлықтан тұрақты өтіп тұрады. Бұл әдісті елордада қолға алса, артықтығы жоқ.

– Егер мұғалімнің дипломы мен еңбек өтілі болса болды, оған жоғары білікті маман деп қарау – қате пікір. Алайда, барлық кінә – оқытушыларда емес. Бұл – жалпы білім беру жүйесінің де проблемасы. Сондықтан белгілі бір пән оқытушыларын қайта даярлау барысында тың өзгеріс қажет. Мұғалімдердің біліктілік деңгейіне талап жоғары болуы тиіс. Сол себепті ұстаздар аттестациясына көзқарасты өзгертуді ұсынамын, – деді басқарма басшысы.

Жиында білім саласында кадр­лардың жетіспеушілігі де сөз болды. Қазірдің өзінде елорда мектеп­теріндегі бас­та­уыш сыныптарға 200-ге жуық мұғалім жетіспейді екен. Бұған қоса, 50 математика мұғалімі тапшы. Эльмира Аман­гелдіқызының айтуынша, бүгінде 700 педагог зейнеткерлік жасына таяп отыр. Олар 2016 жылға дейін мектептен кетуі мүмкін. Сонда мамандар тапшылығы 10 пайыздан асатын болады. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Оны қазірден бастап, шешпесек болмайды. Ол үшін жастарды мектепке тарту керек және кадрды алыс­тан іздеудің қажеті жоқ. Қолда барды оқытып, тәрбиелей білу – айтарлықтай нәтижеге алып келмек.

– Елорданың білім беру жүйесі – еліміздің басты назарында. Сондықтан біз өзгеге өнеге ретінде білім берудің инновациялық дамуының озық үлгісін енгізе білуіміз қажет. Педагогтардың тәжірибесі мен кәсіптік шеберлігі – жас ұрпақты тәрбиелеуді табысты жүргізудің кепілі, – деп сөзін түйіндеді Басқарма басшысы.

Бұдан кейін ұстаздар қауымы лебіз білдіріп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов білім саласындағы республика бойынша жетістіктеріге тоқтала келе, ең бас­ты­сы ретінде еліміздегі кішкентай тұр­ғындардың балабақшамен қамтылуы биыл 73-74 пайызға жеткенін атап өтті. Осылайша, бүгінде 709 мың бала 9 мыңнан аса мектепке дейінгі мекемеге барып жүр. Ендігі міндет – 2020 жылға дейін еліміздегі бар­лық балдырғанды балабақшамен қам­тамасыз ету.

Астанадағы білім беру жүйесі туралы жылы пікірін білдірген министр соның басты көрінісі – ҰБТ нәтижелері екендігін айтты.

Жиынның соңында Аслан Сәрін­жіпов елордалық бірқатар ұс­тазды арнайы білім наградаларымен марапаттады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 4 =