Биыл ҰБТ қалай өтеді?

0 108

Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді, оған еліміздегі 130 мыңнан астам түлек қатысады. Оның 111017-сі биылғы түлек болса, 20 мыңға жуығы – мектеп және колледждің бұрынғы түлегі. Биыл ҰБТ алғаш рет жаңа жағдайда өтеді: ең алдымен түлектер індетке байланысты енгізілген карантиннің қатаң талаптарын сақтауы тиіс. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халыққа есеп беру кезінде ҰБТ-ны өткізудегі бірқатар өзгерістерге тоқталды.

ҰБТ-да калькуляторды қалай қолданады?

Биыл мектеп түлектері ҰБТ тапсырғанда калькулятор қолдана алады. Бірақ калькуляторды кіргізуге болмайды. Ұлттық тестілеу орталығы қарапайым калькуляторларды ҰБТ тапсыратын жерлерге әкеліп қояды. Тыйым салынған заттарды кіргізген жағдайда қатаң шара қолданылады. Сондай-ақ тестілеудің бейнежазбасы қаралады. Егер жазбада ереже бұзушылық анықталса да, қатаң шара қолданылады. Сондай-ақ тапсыр­маны орындауға берілетін уақыт ұзарды. Министр тағы бір сүйінші жаңалықпен ­қуантты. Енді колледж түлектері жоғары оқу орнына ақылы түрде ұқсас мамандыққа түсу үшін ҰБТ тапсырмайды.
«2019 жылдан бастап ҰБТ-ны бірнеше рет өткізу қаралды. Техникалық-кәсіптік білімі бар колледж түлектері университетке ұқсас мамандықтарға ақылы түрде тапсыратын кезде ҰБТ-дан босатылды. 2020 жылда халықаралық стандарттардағы SAT, AСT, ІB тестілердің нәтижесін ҰБТ балына ауыстыру шкаласын енгіземіз және одан әрі олар мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады» деді ол.

Өткізу базасы қайта қаралуда

Бұл дегеніміз – тест сұрақтарының мазмұнына өзгеріс енгізу. Бұл, әрине, өте маңызды. Сол себепті ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша электронды тестілеуге көшу мәселесі – бас­ты орында.
«Ең маңызды мәселе – тест сұрақтарының мазмұнын өзгерту. Сұрақтар ақпаратты еске сақтау немесе қандай да бір фактіні, оқиғаны білу емес, сауаттылығын өлшеу, білімін пайдалана білу, сыни ойлай білу және талдауға байланыс­ты болу керек. Қазір ҰБТ-ны өткізу бойынша база қайта қаралып жатыр. Сұрақтар тек функционалды сауаттылығына қатысты болу керек деген тапсырма тұр» деді Асхат ­Аймағамбетов.

Шәкіртақы өседі

Бұдан бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін айтып, педагогикалық мамандыққа түсу балын және шәкіртақыны 26 мыңнан 42000 теңгеге өсіру туралы нақты тапсырма берген болатын. 2020 жылдың қыркү­йегінен бастап, Президенттің тапсырмасына сәйкес, шәкірт­ақыны 42500 теңгеге дейін көтеру және педагогикалық мамандықтарға түсудің шекті балын 70-ке дейін ұлғайту көзделген.

Қағазбастылықтан арыламыз

Қағазбастылыққа қарсы жаңашылдық. Енді биылдан бастап университетке құжаттар электронды түрде тапсырылады. Яғни мектеп түлектері университетке түсу үшін құжатын онлайн және egov электронды үкімет порталы арқылы тапсыруға мүмкіндіктері бар. Бұл таңертеңнен бастап кезекке тұру мен қағазбастылықты жоюға көмектеседі. Сонымен қоса, ҰБТ сертификаты және грант берілгені туралы куәліктің электронды нұсқасы болады.

Биыл не өзгереді?

– ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді;
– Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады;
– ҰБТ 5 пән (3 міндетті және 2 бейіндік) бойынша қағаз жүзінде өткізіледі. Тест тап­сыр­маларының саны – 120. Ең жоғары балл – 140.

Жаңашылдықтар:

– Тұлғаның бет-әлпетін тану көмегімен (Face ID) сәйкестендіру;
– Электрондық сертификат және білім беру грантын тағайындау туралы электрондық куәлік;
– SAT, ACТ және IB халық­аралық стандартталған тес­т­терінің балдарын ҰБТ балына аудару;
– Шектік балл жинамаған тұлғаларға ҰБТ-ны қайтадан тапсыру мүмкіндігі беріледі;
– Болашақ педагогтар үшін шекті балл – 70;
– ҰБТ барысында түсірілген бейнежазба сарапталады. Тест тапсырушылары тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесі де, тағайындалған білім беру гранты да күшін жояды;
– ҰБТ тапсыру орындарында калькулятор беріледі;
– Тестілеу уақыты – 4 сағат.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + six =