«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Биыл баспана көп беріледі

0 133

Үкімет жанынан құрылған азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы елордадағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылармен кезекті кездесуін өткізді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың бастамасымен осыған дейін бас қаладағы Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр аудандары тұрғындарымен кездескен топ мүшелері бұл жолы Алматы ауданына ат басын тіреді.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мемлекет тарапынан азаматтарды қолдау бағытында қолға алынып отырған шараларды баяндағаннан кейін сұрақ-жауапқа кезек берілді. Бас қала тұрғындарының көпшілігін баспана мәселесі мазалайтыны жасырын емес. Алғашқы қойылған сұрақтар да осы туралы болды.
Раушан Қарабекова есімді тұрғын Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысынан елордаға осыдан екі жыл бұрын көшіп келгенін айтты. «Бас қалаға мүгедек баламызды емдету үшін қоныс аударған едік. Бірақ өткен жылдың жазында жолдасыммен ажырасып кеттік. Қазір жалғыз төрт баланы тәрбиелеп отырмын. Емшектегі балам болғандықтан, жұмыс істемеймін. Көпбалалы ана ретінде алатын ақша мен баламның мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақыны қосқанда ай сайынғы табысымыз 83 мың теңгені құрайды. Осындағы бір бөлмені жалға алып, тұрып жатырмыз. Ол үшін 45 мың теңге төлеймін. Елордада тіркеуге тұрғанымызға екі жыл болды. Тұрғын үй кезегінде жоқпын. Осыған дейін банкте жиналған ақшам да жоқ. Баспана жағынан қатты қиналып отырмыз. Бізге қандай көмек бере аласыздар? Тым құрығанда балаларым өсіп, өзім жұмысқа тұрғанша жатақханадан бөлме берсеңіздер екен» деді ол.


Оны мұқият тыңдаған қала басшысы Бақыт Сұлтанов: «Осында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы жүр. Мәселеңіз бойынша соған жолығыңыз. Мүгедек балаңыздың мәселесі мен сіздің ең болмаса жарты күндік жұмысқа шығуыңыз үшін жағдайларды ол қарастырады. Нақты шешімдерді қабылдаймыз. Бірақ тұрғын үй кезегінде тұрмағаныңыздан кейін баспана бере алмаймыз. Себебі муниципалды үй жоқ. Тұрғын үй кезегіне қоюдың өз ережелері бар. Соған сәйкес адамда бес жыл көлемінде баспана болмау керек. Ол бес жыл елордада тіркеуде тұруы тиіс. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 45 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың 20 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар. Өкінішке қарай, біз бөлінген ақшаға сәйкес тұрғын үйлерді салып жатырмыз. Соған сай қимылдап, өткен жылы 188 пәтер ғана пайдалануға бердік. Былтыр айтарлықтай кезек жылжымағанын да барлығы байқаған болуы керек. Кейбіреу­лердің кезегі, тіпті, артқа жылжып кетті» деді Б.Сұлтанов.
Мұның себебін түсіндірген әкім кейбір тұрғындар кезек тезірек жылжиды деп ойлап, мемлекеттік қызметкерлерге арналған кезектен көпбалалы отбасылар кезегіне ауысқанын айтты. «Баспана кезегі тезірек жету үшін бізге тұрғын үй құрылысын көбейту керек. Тұрғындарға да тиісті экономикалық жағдайларды тудыруымыз қажет. Себебі баспанаға ие болудың басқа да механизмдері бар. Мысалы, 2, 6 пайыздық несиелер беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй алуға болады. Енді кезек тезірек жылжу үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Биыл 781 пәтер береміз деп жоспарлағанбыз. Қосымша қаржы бөлудің арқасында осы жылы 1900 пәтер береміз. Келесі жылдан бастап әр жыл сайын 3 мың, мүмкіндік болса 4 мың пәтерге дейін беруге тырысамыз. Бұл жағдай кезектің жылжуын тездетеді» деді қала басшысы.
13 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрып, екі-үш күн бұрын қала басшысының қолынан пәтер кілтін алған бір тұрғын қуанышымен бөлісті. «Міне, көріп отырсыздар, адам қаншама жыл кезекте тұрып, мақсатына жетті. Тұрғын үй құрылысы көлемін арттырсақ, барлығыңыз да 13 жылда емес, бұйыртса, алдағы 4-5 жылдың көлемінде баспанаға ие боласыздар» деді Б.Сұлтанов.
Өзін Гүлнәр Дүйсенова деп таныстырған келіншек елордада 13 жылдан бері тұрып жатқанын айтты. «Перинаталды орталықта 11 жыл бойы жұмыс істеймін. Қазір бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Тұрғын үй кезегінде бармын. Жолдасым жоқ, жалғыз 3 баланы асырап отырмын. Кішкентайым сал ауруы, эпилепсияға шалдыққан. Пәтерді 85 мың теңгеге жалдап тұрамын. Үйдің іші сыз тартқандықтан кенжем жиі ауырады» деді ол.
Б.Сұлтанов оған қала әкімдігі тарапынан денсаулық сақтау, білім, полиция, әлеуметтік сала қызметкерлеріне 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары берілетінін жеткізді. «Перинаталды орталықта жұмыс істейді екенсіз, осы жеңілдікке ие бола аласыз. Осында соған жауапты адамдар жүр. Соларға жолығыңыз, олар бәрін түсіндіріп береді» деді қала басшысы.
Алты баланың анасы Айнагүл Мұсайбекова атаулы әлеуметтік көмек туралы сұрап: «Жас отбасы» бағдарламасының 2008-2011 жылдарға арналған екінші кезеңі бойынша тұрғын үйге ие болдық. Қазір жұбайым екеу­міздің табысымызды қосқанда, ол 84 мың теңгені құрайды. Егер бізде пәтер болса, атаулы әлеуметтік көмекті ала алмаймыз ба?» деген сауал тастады.
Оған жауап берген Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек отбасының табысына қарап тағайындалатынын айтты. «Табысыңыз 84 мың теңге болса, оны сіздің отбасы мүшелеріне, яғни 8 адамға бөлеміз. 10 мың теңге көлемінде шығады. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылысыз. Өйткені өткен сәуір айынан бастап бір бала үшін оның көлемі 15409 теңгеден 21572 теңгеге өсті» деді министр.
Көпбалалы аналардың кейбіреуі тігіншілікпен айналысып, табыс тапқысы келеді екен. Бұл сұраққа: «Қазір елордадағы Достық үйінде Рза Тұрсынзада деген кәсіпкер тегін қолөнер сабақтарын өткізіп жатыр. Оған барсаңыздар, қабылдайды деп ойлаймын» деп жол сілтеді қала басшысы Бақыт Сұлтанов.
Бұған қоса, тіс емдету, жалпы білім беру қорынан көмек алу, өзге де өзекті мәселелер қозғалды. Бұл сауалдарға да нақты жауаптар берілді. Тұрғындар осылар жайлы кездесуге қатысқан тиісті басқармалар басшыларынан толығырақ білді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды