Биыл бас қалада 16 мектеп салынады

0 10

Елорда әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осындай ақжолтай жаңалықпен бөлісті. Биыл бас қалада 40 мыңнан аса оқушыны қабылдау­ға мүмкіндік беретін 16 үлкен көлемдегі мектеп салынады. Қала басшысы құрылыс жұмыстарына жеке инвесторлардың да қаржысы тартылатынын мәлім етті.«Елордада мектеп санын арттыруды жалғастырамыз. Құрылыс жұмыстарына жеке қаражат та тартамыз. Бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Олар Ұлы Дала даңғылы мен Тұран даңғылының қиылысында, сондай-ақ Е103 көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында орналасқан. Alpamys school мен Tamos Space school екі ауысымда 4 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді» деп жазды А.Көлгінов.
Қала әкімі мектептердің құрылысы елорданың барлық аудандарында, соның ішінде елді мекендерде жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Биыл өткен жылдармен салыстырғанда көбірек мектеп саламыз. Үлкен көлемдегі 16 мектеп салынады. Олар биыл 40 мыңнан астам оқушы қабылдауға мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда оқушы орындарының саны 2 есе артық болса, 2019 жылмен салыстырғанда 4 еседен астам ұлғаяды» деп түсіндірді қала басшысы.
Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар әкімдік тарапынан инвестициялық кеңестерде 30-дан астам жекеменшік мектептің құрылысы мақұлданған. «Бұл шаралар үш ауысымда оқытатын, шамадан тыс жүктеме артылған мектептердің санын азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасалады» деді Алтай Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + seventeen =