БИЫЛ АЛТЫН АЛАМЫЗ БА?

0 29

Токиода жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанғалы 10 күн өтті. Ал ел үмітін үкілеп аттанған Қазақстан спортшыларының бірінен соң бірінің сүрінуінен көпшіліктің көкейінде «Биыл алтын аламыз ба?» деген сұраққа жауап табылмай тұр. Дегенмен әлі де үміт оты өшкен жоқ.

Әйтсе де боксшы Әбілхан Аманқұлдың ширек финалда бразилиялық боксшыға есе жіберуі бокс жанкүйерлерінің жанына батты. Есесіне ресейлік боксшыдан басым түскен Қамшыбек Қоңқабаевтың жеңісі бәрін жуып шайғандай болды. Қазір Олимпиа­даның ашылу салтанатын ұлттық құраманың туын ұстап шыққан Қамшыбектің аты алтын алуы мүмкін спортшылардың қатарында айтылып жүр. Сол секілді Зәкір Сафиуллин мен Сәкен Бибосынов­тың да жүлдегерлер қатарынан табылуға мүмкіндігі бар.

Жеңілістен көз
ашпай тұрмыз

Арада 40 жыл өткен соң Жақсылық Үшкемпіровтің жарқын жеңісін қайталамаққа аттанған балуандарымыз да ақтық сынға жетпей, жеңіліп жатыр. Жексенбі күні бозкілемге шыққан Мейрамбек Айнақұлов қырғыз балуаны Жоламан Шаршенбековтен айласын асыра алмады. Әйелдер арасында ел намысын қорғаған Эльмира Сыздықованы да дәл осы Жоламанның жерлесі жарыс жолынан шығарды. Кеше таңертең жапониялық Якибу Сохеймен белдескен Демеу Жадыраевтың да жауырыны жер иіскеп қалды.
Мұнан өзге жеңіл атлетикадан Михайл Литвин, Ольга
Сафронова, байдарка мен каноэ есуден сайыстарынан ағайынды Емельяновтар мен Наталья Сергеева, нысан көздеуші Юрий Юрков, садақ атудан Ильфат Абдуллин де елге нәтижесіз оралады. Топтық кезеңде қарсыластарының барлығына жол берген су добынан ерлер командасы да осы қатардан табылмақ.
Спорттық гимнастикадан Милад Карими ақтық сынға дейін жеткенімен шешуші сәтте сүрініп, 5-орынды қанағат тұтты. Жалпыкомандалық есеп бойынша қоржынында 3 қоласы бар Қазақстан ұлттық құрамасы 69-орында тұр.

Әмбебап «жанкүйер»
атандық

Бір қызығы биылғы Олимпиада ойындарында алғашқы сайыстан біздің спортшылардан айласын асырған спортшылардың ақтық сынға дейін сүрінбеуін тілейтін жағдайға жеттік. Сонда ғана ә-дегеннен қарсыласына есе жіберген спортшыларымыз тым құрығанда қолаға таласуға мүмкіндік алмақ. Өткен аптада қазақстандық таэквондошылар Дениз Жансель мен Руслан Жапаровты жеңген Оңтүстік Корея мен Ұлыбритания спортшысына жанкүйер болдық.
Апта соңында Мейрамбек Айнағұлов пен Эльмира Сыз­дықованы жарыс жолынан шығарған қырғызстандық балуандар Жоламан Шаршенбеков пен Айпері Медетқызының ақтық сынға жетуін тіледік. Енді кеше Демеу Жадыраевтан басым түскен жапониялық Якибу Сохейдің жанкүйеріне айналып шыға келдік. Әрине өзіміздің спортшылар бірінен соң бірі қарсыластарын қоғадай жапырып жатса, мұндай күй кешпесіміз анық нәрсе. Басқа түскен соң амал жоқ «әмбебап» жанкүйердің кейпіне енуге тура келіп тұр.

Олимпиадада
осындай да болып
тұрады

Токио төрінде өз тарихында тұңғыш рет көрерменсіз өтіп жатқан Олимпиаданың қызықтары таусылмайды. Кеше жазғы Олимпиада ойындарында 110 жылдан соң алғаш рет ақтық сында екі алтын медаль берілді. Катарлық жеңіл атлет Мутаз Эсса Баршим мен италиялық Джанмарко Тамберидің көрсеткен нәтижелері бірдей болды. Ақтық сында қос спортшы да 2,37 метрге секірген. Сайыс соңында әділқазы алқасының шешімімен спортшылардың екеуі де Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ жарыстың алғашқы күндерінде дзюдодан Жапонияның намысын қорғаған туған бауырлар Ута Абе мен Хифуми Абе алтыннан алқа тағынды. Әуелі 21 жастағы Ута Абе 52 келіде әйелдер арасында дзюдодан Олимпиада чемпионы атанды. Арада 30 минуттан соң Утаның туған ағасы Хифуми Абе дзюдодан 66 келі салмақта барлық қарсыласынан басым түсіп, Олимпиада алтынын иеленді. Мамандар туған бауырлардың бір күнде Олимп шыңын қатар бағындыру – Олимпиада тарихында болмағанын айтып жатыр.
Сол секілді грек-рим күресінен қаны қазақ 3 балуанның өнер көрсетуі де спорт жанкүйерлері айта жүретін жағдай болды. Мұнда Мейрамбек Айнағұлов бозкілемге Қазақстанның атынан шықты. Ал қаны қазақ Елмұрат Тасмұратов Өзбекстан құрамасының сапында болса, Уәлихан Сайлике Қытай Халық Республикасының намысын қорғайды. Уәлихан кеше Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 12 =