Үлескерлер үміті

Биыл 8 мыңға жуық үлескер пәтер кілтін алады

0 15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласын одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте үлескерлер проблемасына ерекше назар аударып, олардың мәселелерін шешуді тапсырды. Президенттің тапсырмасын орындау аясында қала әкімдігі елордадағы үлескерлік құрылыстың проблемалы нысандарын азайту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, өткен жылы осындай 10 үй пайдалануға беріліп, 2,5 мыңнан аса үлескердің мәселесі шешілді. Биыл қала билігі проблемалы үйлерді пайдалануға беру көрсеткішін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр.Қазір 7800 үлескерді қамтитын 20 нысан бойынша нақты жоспар жасалды. Мұндағы әр проблемалы нысанға қатысты жеке-жеке жұмыс жүргізіледі.
Таяуда өткен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің халыққа есеп беру кездесуі барысында «Шығыс» және «Жағалау» тұрғын үй кешендері үлескерлері мәселелерін шешуді өтінді. Қала басшысы оларды жеке қабылдап, тиісті әрекеттердің жоспарын белгіледі.
Осы жоспардың аясында атал­ған тұрғын үй кешендері үлес­керлерімен әр блок бойынша кездесулер өткізілді. Бұл «Шығыс» ТК 1А, 1В, 2А, 2В, 3А, 3В үлескерлері, 4-топ (1, 2 және 3-кезек), 5-топ (1, 2, 3-кезектер), «Жағалау-4» ТК (2, 3, 4-полигон ) – барлығы 3500 мыңнан аса адам.
– Мемлекет тұрғын үйлерді салып, азаматтарды өз проблемаларымен оңашада қалдырмайды. Әр үй бойынша жеке-жеке жоспар жасалды. Нысандарды өлшеп, әр үйге қатысты техникалық тексеруді және қаржылық аудитті өткіземіз, – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Алтынбек
Қайсағалиев.
Үлескерлермен кездесулер барысында әр блокта тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру туралы шешім шығарылды. Бұл – проблемалы нысандардың мәселелерін шешудің ең тиімді жолы. Осындай кооперативтерге кіру туралы үлескерлердің өтініштері «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-те (Тәуелсіздік даңғылы, 41, «Silk way center» БО, 7-қабат). ТҚК-ның басқарма мүшелері үлескерлердің өз ішінен таңдалады, ал төрағаны мемлекет тағайындайды. Барлық құжаттар ретке келтірілген соң өкілетті ұйым – «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС проблемалы үйлердің құрылысын бастайды, сондай-ақ бұл жұмысқа инвесторлар тартылады.
Өкілетті компания директоры Бауыржан Нұрышбековтің айтуынша, ТҚК-ны құру аяқталмаған нысандар құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл құрылыс салушыдан құқықтық құжаттарды тәркілеп, оларды мемлекет пен үлескерлердің өзіне тапсыру жолымен жүзеге асырылады.
– Біз проблемалы үйлер мәселесін шешуге бағытталған бағдарламаны толығымен қолдаймыз. Бізге назар аударып, қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы мен қала әкімдігіне алғыс айтамыз. Көптен күткен үйлеріміздің құрылысы аяқталатынына үміттіміз, – дейді «Шығыс» ТК үлескерлерінің бірі.
Кездесулер барысында үлескерлер пайдалануға беріліп жатқан үйлердің сапасы мәселесін көтерді. Қала әкімі орынбасарының сөзінше, бәрі құрылыс салушыларға байланысты. Құрылыс барысын өкілетті органдар, соның ішінде техникалық бақылау мен «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС қадағалайды. Сондай-ақ қоғамдық бақылау ұйымдастырылып, оған үлескерлердің өздері қатысады.
– Біз бәріміз алданған үлескерлер мәселесін шешуге мүдделіміз. Сіздермен бірге проблемалы үйлердің құрылысын аяқтаймыз. Сонымен қатар маңайдағы аумақтарды абаттандыруды да қолға алуымыз керек. Жалпы, мемлекет қолдауының арқасында астанада құрылысы ұзаққа созылған нысандар саны 10 тұрғын үй кешеніне азайып, 2,5 мың үлес­кер пәтер кілтін алды. Осы жылы 20 проблемалы тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл 8 мыңға жуық үлескердің мәселесін шешеді. Қалған нысандар үш жыл ішінде пайдалануға беріледі, – дейді Алтынбек Қайсағалиев.
Айта кетейік, аптасына екі рет қала әкімдігі жанын­дағы ведомствоаралық комиссияның отырыс­тары өткізіледі. Онда елордадағы проблемалық нысандардың мәселелері қаралады. Бұл отырыстарды «Facebook» әлеу­меттік желісінің «Astana Media» парақшасында тікелей эфирде көруге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды