«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Биыл 6 мың отбасы баспаналы болады

0 129

Бұл туралы кеше Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мәлімдеді. «1 мамырдан бастап біз көпбалалы отбасыларға пәтер беруді бастаймыз. Екі жылдың ішінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 22,5 мың отбасы жеңілдетілген несие алады» деді Үкімет басшысы.

Ол «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы Мемлекет басшысының халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға негізделгенін атап өтті. 2019 жылы елімізде 13,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл жоспар орындалуы үшін өңір әкімдері жер бөлу, құрылыс алаңдарына коммуникациялар тарту жұмыстарын жеделдетуі тиіс. Президенттің халықты әлеуметтік қолдау шаралары шеңберінде Қазақстандағы 6 мың көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Заңнамалық актілерге өзгерістер енгізіліп болғаннан кейін, пәтерлер бөлініп беріле бастайды.
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жыл басынан бері елімізде 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін хабарлады. Алдағы уақытта жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысына рес­публикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражатқа шамамен 4500 пәтер салынады.
«Мемлекет басшысының тапсыр­масын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылдың бюджетін нақтылау аясында көпбалалы отбасыларға арналған жалға берілетін баспаналарды салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жеті жылдың ішінде 350 млрд теңге бөлінеді» деп түсіндірді Роман Скляр. Ол еліміз бойынша әкімдіктердің желісі бойынша облигациялық қарыздардың есебінен салынған 2 мың пәтер сатып алынатынын да жеткізді. Үш еселік айналымның есебінен 25 жылдың ішінде 56 мың көпбалалы отбасыларға қарыз беріледі. Сонымен қатар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы жұмыс істейтін жастарға арналып салынатын кем дегенде 1000 пәтерге 2019 жылы 7,2 млрд теңге қарастырылған.
Асқар Мамин өз кезегінде жекеменшік тұрғын үй құрылысы барысында ортақ сәулеттік тұрпатын сақтау қажеттігін ескертті. Бүгінге дейін бұл тапсырманы үш облыс: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары ғана орындаған. Сондай-ақ Үкімет басшысы құрылыста жергілікті мазмұнды 90 пайызға дейін жеткізу міндетіне ерекше назар аударды. Оның пайымдауынша, бұл өнеркәсіпті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды