БИЫЛ 20 ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНЫП БІТЕДІ

0 110

Батыржан-Комекбайулы2Естеріңізде болса, газетіміздің №47 санында «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жолдамасы бойынша жас отбасыларға арналған бағдарламаны жүзеге асыру тәсімі жарияланған еді. Үкімет 2012 жылы бекіткен аталмыш бағдарламаның «жеке меншікке өтетін арендалық баспана» тармағының негізгі операторы – «Қазақстан ипотекалық компаниясы ИҰ» АҚ. Осы орайда, компанияның жанынан арнайы құрылған «Қазақстанның тұрғын үй – құрылыс корпорация­сы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Батыржан Қаракөзовтен азаматтарға бағасына сайлы баспана ұсыну жолында қандай істер атқа­рылғанын сұрап білген едік.

– Батыржан Көмекбайұлы, Елбасы өзінің Жолдауында жыл сайын елімізде кем дегенде 6 млн шаршы метр жаңа үй пайдалануға берілуі керектігін тапсырғаны мәлім. Осы меженің орындалуына «Қазақстан ипотекалық компаниясы» қандай үлес қосып жатыр?

– Өзімізге артылған міндетке жауап­кершілік танытып, тұрғын үй құрылысын сапалы әрі дер кезінде орындау үшін 2012 жылдың тамызында «Қазақстан­ның тұрғын үй – құрылыс корпорация­сы» құрылды. Корпорацияға құры­лыс­тың барлық технологиялық процесін бақылау, яғни, жобалаудан бастап тұр­ғын үйді қабылдауға дейінгі барлық қызмет міндеті жүктелді. Осы мақсатта рес­пуб­ликалық бюджеттен былтыр 15 млрд теңге бөлінді. Атқарған жұмыстың нәтижесі ретінде корпорация 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің 4 аймағында 20 тұрғын үй нысанын тапсыруға ниетті екенін
баса айтқымыз келеді.

– Атап айтқанда, қай аймақтар?

– Санамалап айтсақ, Алматы қаласында жалпы аумағы 6022 шаршы метрді құрайтын 108 пәтерлік 2 тұрғын үй, Шымкент қаласында 56 195 шаршы метрлік немесе 1080 пәтерлік, тоғыз қабатты 15 тұрғын үй және Қарағанды қаласында 20 176 м2 құрайтын, 325 пәтерлік бес қабатты 3 тұрғын үй және Павлодар қаласында 9 450 м2 құрайтын 180 пәтерлік тоғыз қабатты 1 тұрғын үй салынып бітеді.

– Енді арендалық баспананың берілу тәртібін айта кетсеңіз.

– Арендалық баспана арендаторға
15 жыл мерзімге беріледі. 1 шаршы метрдің құны шамамен 1000 – 1 300 теңге. Он жылдан кейін арендатор баспананы уақытынан бұрын төлемін жасап сатып алуына болады. Оған қоса, жалға алу мерзімі кезінде арендатордың өтініші негізінде пәтерін кеңейтуге жағдай жасалған.
Ескере кетерлігі, Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс корпорациясы тұрғызған арендалық баспана жергілікті әкімдіктің тізімі бойынша беріледі. Яғни, баспананы алуға үміткерлерді тіркеу кезінде алдымен шын мұқтаж топтардың мүддесі ескеріледі.
– Жалпы, корпорацияның «Қол­жетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында салынатын үйлері еліміздің бүкіл аумағын қамти ма?
– Әрине, биыл тағы еліміздің бірнеше аймағында тұрғын үй құрылысын бас­тамақшымыз. Анығырақ айтсақ, Орал, Ақтөбе, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Тараз, Қызылорда, Көкшетау және Астанада көп қабатты үйлер салынады. Егер санмен сөйлетсек, «Қазақстан тұрғын үй – құрылыс корпорациясы» бағдарламаның «жеке меншікке өтетін арендалық баспана» тармағы бойынша ағымдағы жылы 136 000 шаршы метр, 2015 жылы 250 000 ш.м тұрғын үйді пайдалануға бермек. Ал, 2016 жылдан бастап бағдарлама аясында жыл сайын 530 000 м2 баспана салу көзделіп отыр. Бұл дегеніміз – 9-9,5 мың пәтер.

Әділбек ЖАПАҚ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =