Биыл 115 көше жөнделеді

0 15

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында қала тұрғындарының өмір сүру жайлылығын арттыру үшін жолдарды салып, жөндеу маңызды екенін атап айтты. Елордадағы климаттық жағдайға байланысты абаттандыру және жол салу, жөндеу жұмыс­тарын жүргізу маусымы қысқа. Дегенмен қолайлы жағдай туындағаннан кейін қалада жолдарды жөндеу және аудандарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізу басталады. «Биыл 115 көшені салып, жөндейміз. Өткен жылдағыдай қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге баса назар аударамыз. Жұмыстар қаланың барлық аудандарында жүргізіліп жатыр. Бүгін Бектұров көшесінің Е67 көшесінен Е22 көшесіне дейінгі (Есіл ауданы) учаскесіндегі құрылыс жұмыстарының барысымен таныстым. Бұл – салынып жатқан жаңа аудандардың бірі. Жол құрылысы бірден бірнеше көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Мердігерге жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырдым. Сапасыз жөнделген не салынған жолдарды қабылдамаймыз. Мердігер өз есебінен қалпына келтіреді, бұдан басқа, жұмысқа немқұрайлы қарайтын компаниялармен келісімшарттарды тоқтатамыз. Өткен жылы 170-тен астам көше жөнделді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу саласында 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды» деп жазды қала әкімі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 10 =