«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бірыңғай жиынтық төлем: не күтеміз?

0 355

Елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізу жоспарлануда. Қарапайым жұрт «жұмыссыздарға салынатын салық» деп атаған төлемнің бұл түрі өзін-өзі жұмыспен қамтитындарды тіркеуді, олардың қызметін заңдастыруды жеңілдету үшін енгізілмек. 2018 жылдың 20 қыркүйегінде өткен «Бірыңғай жиынтық төлемнен не күтеміз?» атты сарапшылар бас қосқан дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова БЖТ-ны енгізу үш мәселені шешуге жол ашатынын мәлім етті.

Үш мәселе оң шешіледі

Біріншіден, өзін-өзі жұмыс­пен қамтитындар міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру (МӘМС) жү­йесіне қатысып, медициналық қызметтерге (қызмет түрі мен қаражат көлеміне шектеу қойыл­майды) қол жеткізеді. Екіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысып, аталған жүйеге қаты­су өтіліне қарамастан базалық зейнетақы төлемдерін алады. Үшіншіден, еңбекке жарамсыз­ды­ғына, жұмысынан, асыраушысынан айырылуына, жүктілігі мен бала тууына, ұл немесе қыз баланы асырап алуына, баланы 1 жасқа дейін күтуіне байланыс­ты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндігі болады.
Құзырлы министрлік БЖТ-ның республикалық маңызы бар қалалардағы, елордадағы және облыс орталықтарындағы көлемі – 1 айлық есептік көрсеткішті (2019 жылы – 2525 теңге), басқа елді мекендерде 0,5 айлық есептік көрсеткішті (2019 жылы – 1263 теңге) құрайтынын белгіледі. Енгізу мерзімі – 5 жыл. Бұл қара­жаттың қаншасы қай қорға жібері­летіні да анықталған: 10 пайызы – же­ке табыс салығына, 20 па­йызы – мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорына, 30 пайызы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 40 пайызы МӘМС-ке аударылады. Ең бастысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі БЖТ өзін-өзі жұмыспен қамтитындарды «кө­лең­кеден» шығарады деп болжауда. Шынында солай ма? Осы мәселеге өзімізше талдау жасауды жөн көрдік.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушы деген кім?

Көрсететін қызметі ресми құ­жатта жазылмаған, мемлекетке салық пен жарна төлемейтіндердің барлығын осы санатқа жатқызуға болады. Олардың қатарына ауыл­дағы фермер де, қаладағы қан базардағы жалдамалы жұмыс­шы да, арба итеруші де, автокөлік жөндейтіндер мен қас-кірпік бояй­тындар да жатады. Сондай-ақ бұл тізімге бала күтуші, по­йыз стансасындағы саудагер, фри­лансер, репетитор, дизайнер, шаштараз, көлік жуушы, ұста, құрылысшы, малшы, таксиші, гүл сатушы да кіреді. Бұлардың бәрі – өзін-өзі асырайтындар. Айтпақ­шы, олардың табысы да әр алуан. Ресми деректерде Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2,1 млн адам деп көрсетілген. Алайда бейресми дерекке сүйенсек, олардың саны 2,7 млн-ға жетеді. Бұл – қазақстандықтардың эко­номикалық жағынан белсенді бө­лігінің төрттен бірі. Елімізде «көлеңкеде» табыс табатын, мәртебесі расталмаған 1025177 адам бар көрінеді. Олардың басым бөлігі ауылда тұратыны мәлім. Табысы да мардымсыз. Сонда дейміз-ау, құзырлы министрліктегілер ойлағандай, жылына 100 ең тө­менгі жалақы алмайтын, өзін-өзі асырайтындар ресми тіркеліп, БЖТ-ны төлейді дегенге кім сенеді?
Қолданбалы экономика зерттеу­лер орталығының ғылыми же­текшісі Жақсыбек Күлекеевтің пікірінше, өзін-өзі жұмыспен қамтитын адам дегеніміз – вокзал­дың бір бұрышында темекіні бір-бірлеп сататын жартылай қаң­ғыбас емес, 25-34 жастағы, орта немесе жоғары білімі бар ауыл тұрғыны. Экономист-ғалым қо­ғам үшін «көлеңкедегілерден» гө­рі ауылдағы еңбек ресурстарын пайдалануға жағдай туғызу аса маңызды екенін айтады. Ж.Күлекеев басшылық ететін орталық еліміздің оңтүстіктегі 4 облысында тұратын 4 мың адамға сауалнама жүргізген. Ол – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үлесі үнемі өсіп келе жатқан Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан), Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстары.
Зерттеуден белгілі болғанын­дай, өзін-өзі жұмыспен қамтитын­дардың 30 пайызының табысы 100 мың теңгеден сәл асады, 53 пайызынікі – 30-дан 100 мың теңгеге дейін. Мысалы, Астанада жан басына шаққандағы орташа табыс – 145 мың теңгені, ал Жамбылда 44 мың теңгені құрайды. Таңғаларлығы, өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 70 пайызы өз жағдайына көңілі толады. Жақсыбек Күлекеев мынадай түйін жасады: Түркістан облысында мемлекеттік орган­дар жеке кәсіпкерлерді тіркеуге шектеу қойыпты. Неге? Өйткені жеңілдік көп. Жалдамалы жұ­мыскер жалақысының 30 па­йызын салыққа төлейді, ал жеке кәсіпкердікі – бірнеше есе төмен. Егер біз БЖТ-ны енгізетін болсақ, Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтитындар саны күрт өседі. Демек, жұрттың бәрі БЖТ-ны тө­леушіге айналса, бюджет салықтан түсетін түсімнен айырылады. Бұл мемлекеттің негізіне қауіп төн­діреді.

Қарашаға салық салу дұрыс па?

Бұл мақаламды жазу мақса­тында Астанадағы бірнеше өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен жандармен жүздесіп, олардың ой-пікірлеріне құлақ түрдім. Әуелі «Артем» базарының маңына бардым. Жұмыссыздардың жиналатын жері – осы. Жұпыны киініп, арқасына дорба асынып, топ-топ болып тұрғандарға жақындадым. Бәрі – қазақтар. Мені жұмыс беруші адам деп ойласа керек, жапа-тармағай қоршап алды. «Аға, не жұмыс бар? Мен барайын! Мені алыңызшы!» деп таласа кетті. Мен өзімнің журналист екенімді айтып едім, бәрі теріс айналды. Жанымда бір-екеуі ғана қалды. Жасы 50-ге жақындаған жігіт ағасының есімі – Арман. Кәсібі – жүргізуші. «Ареке, мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға салық салмақшы. Сіз осы жаңалықты естідіңіз бе? Бұған қалай қарайсыз?» деп сұ­рап едім, «Естіген жоқпын» деп басын шайқады. Бірыңғай жиынтық төлем дегенді өзімше қарапайым тілмен түсіндірдім. «Қарапайым халыққа салық салу – ақымақтық! Мен онымен ешқандай келіспеймін. Ай са­йын 2525 теңге төлеу – өте ауыр. Айлығым бар-жоғы – 60 мың теңге. Кейде 30000-40000 теңге табыс табамын. Мұндай айлықпен отбасымды әзер асырап жүрмін. Меніңше, мемлекеттің мұндай бастамасы қоғамға пайда емес, керісінше, зиян әкеледі. Бірлігіміз бен тыныштығымыз бұзылады» деді Арман өзінің ой-пікірін ашық жеткізіп.
Гүл сатушылар Ольга мен Алтынай да жұмыссыздарға салынатын салықтың тығырыққа тірейтінін айтады. «Әлбетте, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету­шілердің барлығы БЖТ-ға қарсы болары анық. Себебі айтпаса да түсінікті. Біз онсыз да мемлекетке көп салық төлейміз. Бірақ мемлекет, өз кезегінде, қарапайым адам­дардың қал-жағдайын жақ­­сартуға дұрыстап көңіл бөл­мейді. Президент «қарапайым ха­лыққа қолайлы, жайлы жағдай жасаңдар» деп айтады. Алайда нақты нәтиже көрінбейді. Жағдайымыз жақсарып жатқан жоқ. Мысалы, дүкендер мен базарлардағы азық-түліктердің бағасы күн сайын қымбаттайды. Салықтар мен әртүрлі төлемдер де ұлғаюда. Енді жаңа жылдан бастап БЖТ-ны енгізетін болса, ілдәлдап күнін көріп жүрген жандарға ауыр тиеді. Өз басым мұндай салыққа түбегейлі қарсымын!» деп ағынан жарылды Д.Қонаев көшесіндегі «Сакура» гүл дүкенінің қызметкері Ольга. Оның әріптесі Алтынай әлеумет үшін аса маңызды мәселелердің қоғамда жаппай талқыланбайтынына қынжылады. «Менің бір түсін­бей­тінім, мемлекет бір жақта, қа­рапайым халық бір жақта өмір сүретін сияқты. Мысалы, бірыңғай жиынтық төлем енгізу мәселесі тұтас мемлекет деңгейінде ашық талқыланбайды. Қарапайым халықтың ой-пікірін ешкім сұрамайды. Сұрап жатса да биліктің сөзін сөйлейтін белгілі бір адамдар ғана пікір білдіреді. Бізде көзбояушылық көптігіне осының өзі нақты дәлел» дейді гүл сатушы Алтынай.

Мұндай мәселеде асықпаған абзал

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2018 жылдың соңына дейін БЖТ-ны енгізу туралы заң жобасын дайындап, қабылдауды тапсырғаны мәлім. Үкімет аталған заң жобасын дайындады, бірақ ол әлі Мәжілістің заң жобалары суырмасына түспегенін біз депутаттардың өз аузынан естідік. Төменгі палатаның әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев заң жобасының Парламентке әлі келмегенін айтты. Құзырлы комитет бұл мәселені 2018 жылдың 25 желтоқсанында талқылайды.
Бейбіт Мамраев айтады:
«Бұл – ішкі саясатты, оның ішін­де фискалды саясатты реттеуге бағытталған дүние. Себебі мемлекет өз азаматтарына қам­қоршы болуы керек. Әрине, күні кешегі тарихқа көз жүгіртсек, экономикалық, әлеуметтік өмірді реттейтін іс-шаралар бірден қолдау таппаған. Бірдей қолдау табады деу де артықтау болады. Әр адамның пікірі әртүрлі. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарды әлеуметтік қамту жүйесіне кіргізу үшін мәселені жан-жақты зерттеу керек. Әуелі нақты санын білуіміз керек, ол кісілер немен шұғылданады, үй шаруашылығы ма әлде тіркелмей отырған кә­сіптері бар ма? Айналып келгенде, бұл тек мемлекет бюд­жетін реттеуге ғана емес, тұ­тас қоғамның әлеуметтік кө­ңіл күйін реттейтін дүние деп қабылдау керек. Әрине, бұл мәселе бірден шешілмейді. Оны 2018 жылдың 25 желтоқсанында «Нұр Отан» фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңесте талқылаймыз. Әрине, бұл мәселені талқылауда қоғамның, жеке адамның пікіріне де құлақ асамыз. Менің ойымша, мұндай нәрседе асықпаған абзал. Екіншіден, оны жан-жақты түсіндіріп, нақты нәтижеге келе­тіндей жасау керек. Мұның бәрі бір эксперимент ретінде қалмау керек. Ол оңай нәрсе емес. Былайша қарасақ, 18 млн халықтың 8 млн-ы қызмет жасайды, оның қандай қиындығы бар деп ойлауы мүмкін. Мәселе онда емес. Айналып келгенде, халықтың әл-ауқаты жақсаруы тиіс. Өйткені қай саланы алсақ та, бірден қоғам қабылдай қоймайды. Бұл – үнемі дамып, өзгеріп отыратын мәсе­ле. Сон­дықтан Үкіметтің заманның сұ­рақтарына жауап беретін ме­ханизмдері болуы керек».

Әлемдік тәжірибеде қалай?

Украинада еңбекке жарамды, бірақ жұмысы жоқ азаматтар мемлекеттен жәрдемақша алу үшін бірыңғай әлеуметтік жарна төлейді.
Норвегияда зейнетақы, әлеу­меттік және медициналық сақтандыру туралы заңдар бір жүйеге біріктіріліп, бірыңғай ұлттық әлеуметтік полис деп аталған. Полисті иеленген азаматтарға мемлекет 100 пайыз тегін бастауыш, орта, арнайы және жоғары білім алуға кепілдік береді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды