©2020 Астана Ақшамы
БІРЫҢҒАЙ ҚОР, ЗЕЙНЕТІ ЗОР
Зейнетақы қорларын біріктіргеннен, салымшыларға ешқандай қиындық келмейді. Бұрын ай сайынғы салымдары қалай жинақталып жатса, солай жинақтала береді. Бір шетінен зейнетақы қорларын басқарушы компаниялардың ішінде салымшылардың қаражатын өз қаражаты сияқты басқарғандар болған. Олардың бәрін реттеймін дегенше, бірыңғай қорға біріктерген жеңіл, басқаруы да оңай болады. Ал, қоғамда бұл дұрыс емес деп байбалам салып жатқандар — қолындағы майлы жілігінен айырылып қалған жеке капиталистердің ойнатып отырған куклалары. Оларға құлақ асудың қажеті жоқ. Бағытымыз дұрыс.
Соңғы кездері қоғамды мазалаған ең өзекті мәселе – зейнетақы қорларын біріктіру болды. Бір қызығы, қызу талқылаушылардың алдын халық емес, сарапшылар мен мамандар алды. Газет беттері соңғы екеуінің пікірлерін жарыса беріп те үлгерді. Кеңселерді шарлап, өз қорларына болашақ зейнеткерлерді тартып жүрген агенттердің барлығы жұмыссыз қалады деп уайымдап, тілге тиек еткен сарапшыларды оқығанымда, жағамды тістедім. Ол агенттер, бүгін зейнетақы қорларынан кетсе, ертең барып банктерге жұмысқа орналасады. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін мұндай мамандар елімізді зор болашаққа жетелей алмайды.
Ең бастысы, нағыз жұмыста, өндіріс орындарында жұмыс істеп жүрген адамдардың ертеңін ойлау керек. Олар – еліміздің жалпы ішкі өнімін көтеріп жүрген көрінбес майданның ерлері. Олар жұмыс жоқ деп, жеңіл машинаға мініп, қалада таксилетіп жүргендер емес. Өз күшіне сеніп, қолына сайман ұстаған бүгінгі күннің батырлары. Олар үшін ертең зейнетке шыққанда не дайындап отырмыз мемлекет ретінде? Еуропаның шалдары мен кемпірлері зейнетке шыққанда, шет елдерді шарлап кетеді. Біздікілер Астанаға келіп тұра ала ма?
Зейнетақы қоры туралы, оларды біріктіру мәселесі көтерілмей тұрып та қызу талқыланған болатын. Бұған жол ашқан да, еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендердің саны. Оларды кейбіреулер, жасырын жұмыссыздар десе, кейбіреулер өзін-өзі жұмыспен қамтушылар дейді. Бұлардың саны аз емес – 2,9 миллионға жуық. Бір елде жұмыс қолы ретінде экономикалық белсенді халық санын көрсетеді. Бұл сан елімізде 8,5 миллион адамды құрайды. Сонда осы жұмыс істеу қабілеті бар, белсенді халықтың 35 пайызға жуығы өз басының қамында жүр. Бұлар кімдер? Базардағы адамдар, өз еркімен таксилетіп жүргендер, жеке кәсіпкер куәлігін алып жұмысқа жалданып жүргендер және орта сынып бизнес өкілдері.
Бұлар зейнетақы қорына ақша аудармайды, салық төлемейді, сонда ертең зейнеттік жасқа жеткенде қайтіп күн көреді? Зейнетақы қорының алдында тұрған ең басты мәселе – осы. Зейнетақы қорына қанша өзгеріс енгізсең де, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген адамдарға жұмыс орнын ұсына алмайтын болсаң, мәселе шешілмейді. Оларды жұмыспен қамтамасыз ету үшін, жұмыс орындары ашылуы керек. Үдемелі индустриалдық даму бағдарламасы барысында жұмыс орындары ашылып жатқан жоқ па деуіңіз мүмкін. Өз басым, оның ешқандай пайдасын көріп отырған жоқпын. Бағдарламадан бұрын ашылып жатқан жаңа өндіріс орындарын қазір қағаз бетіндегі есептерге көшірдік бар-жоғы. Ол есептердегі өндіріс ошақтары аталған бағдарламаның арқасында болып жатқан жоқ. Өз-өзімізді алдағанымыз кімге керек?
Бүгін өндіріс орнын ашу деген – қиын іс. Рұқсат қағаз алатын барлық жерге бір бума құжат тапсыруың керек, айлап жауап күтуің керек. Бұл бюрократия мен шай ішкіштерді жөнге салмай, өндіріс саласында санды да сапалы секіріс жасай алмайтын сияқтымыз.
Жарайды, зейнетақы қорларын біріктірдік делік. Бұл бірыңғай қор, жиналған қаражатты қайда салады? Ел экономикасына ма, әлде Американың экономикасына ма? Зейнетақы қорларын біріктіріп, оны басқаруды шетелдік компанияларға беруді ұсынған Дүниежүзілік Банкінің көздеген мақсаты не? Ұлттық қорымыз сияқты, бұл қорда жиналатын қаражат (бұл ақша аз емес, шамамен 16 миллиард АҚШ доллары) Америка мен Еуропаның құнды қағаздарына салғаннан не пайда?
Бұл туралы да жиі-жиі талқыланып тұрады. Неге еліміздің экономикасына салмаймыз дегенде, экономикамызға сыймайды дейді мамандар. Әсіресе, еліміздің басты қаржы саласын басқарып жүрген азаматтар. Сондықтан, оларды игерудің ең сенімді жолы шет елдік құнды қағаздарға салу деп көндіреді. Қазіргі таңда жеке меншік зейнетақы қорлары, жинаған қаражаттарының 87 пайызын еліміздің ішіндегі құнды қағаздарға салып отыр (50 пайызы – мемлекеттік қағаздар, 10 пайызы – банктердің депозиттерінде, 27 пайызы – отандық коммерциялық ұйымдардың құнды қағаздарында).
Осы тұрғыдан елімізге шетелдік технологияларды тарту бойынша, Қытайдың тәжірибесін қолдануымыз керек. Олар валюта-алтын қорында жиналған қаражатты құнды қағаздардың нарығына салудың орнына, шет елдік компанияларды сатып ала бастады. Осы арқылы олардың өндіріс технологиясын, басқару технологиясын өз елдеріне көшіреді. Мамандарды үнемі сол өндіріс орнына жіберу арқылы оқыта алады. Біз де осы бағытта жұмыс жасауымыз керек.
Негізі, біздің зейнетақы жүйесі, Чилидегі жүйеге қарап жасалынған. Ал ол жүйені Чилиге енгізген, Америкада оқыған және Милтон Фридманның шәкірттері Чилидің «Чикаго балалары» деген либерал жастар тобы болатын. Содан бері Чилидің зейнетақы реформасы, Дүниежүзілік Банк пен Халықаралық валюта қоры тарапынан кейіннен тәуелсіздік алған елдердің бәріне ұсынылып келеді. Мақсат – халықаралық қор нарығына арзан әрі ұзақ мерзімді қаражат шығару. Барлық зейнетақы қорлары, валюта-алтын қорлары, жоғары рейтингі бар мемлекеттердің құнды қағаздарына немесе жоғары рейтінгі бар банктердің (бұл банктердің басым бөлігі америкалық және Еуропалық алпауыт банктер) депозиттеріне салынады. Сосын ол банктер, біз сияқты мемлекеттердің банктерінің шығарған құнды қағаздарына салады. Сонда олар өз ақшамызбен, өзімізді несиелендіріп отыр. Ең бастысы, біздің банктеріміз арқылы несие беріп, біздің адамдарымыздың пайдасынан үлес алып отыр. Тұтыным несиелерін тарату арқылы, өз мемлекеттерінің тауарларын алуға сұраныс тудырып отыр. Тұтыным несие арқылы қандай тауарлар алып жатырмыз, техника сататын дүкендерге барып көріңіздер.
Зейнетақы қорларын біріктіру мәселесімен бірге Норвегия үлгісі де алға шықты. Норвегияда халықтың зейнетақы төлемдері мемлекеттік зейнетақы қорына жиналады, кейін зейнетақы қорын біздегі сияқты мұнай қорымен бірлестірген.
Елбасының берген тапсырмасы, осы бағытта әрекет жасау болса керек. Егер ертең зейнетақы қорын біздің ұлттық қормен бірлестірсек, ертеңгі күні зейнеттік жасқа шығатындарға лайықты зейнетақы бере алатын боламыз. Сондықтан, жеке кәсіпкерлерді, базардағыларды, таксидегілерді осы зейнетақы қорына тартуымыз керек. Бұл үшін базарлардың орнына, заманауи сауда-саттық орындарын ашып, базардағыларды сонда көшіру керек. Бұл бағытта облыстарда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екіншіден, такси саласын лицензиялап, лицензиясы жоқтарға такси қызметін беруге тыйым салу керек. Осы арқылы «көлеңке экономикасында» айналымда жүрген қаражаттар жарыққа шығып, салық төленетін болады, адамдардың зейнетақы салымдары артатын болады. Бұл әрекеттер бастапқы кезеңде жұмыссыздар санын арттырады, сондықтан, біздің жұмыс орындарын ашуда қарқындылық қажет болады. Олар жұмыссыз қалады деп, жабық қазанды жабулы күйінде қалдыруға болмайды. Қиналсақ та, осы бағыттағы жұмыстарды жөнге салып алуымыз керек. Бұл жұмыс нарығында бәсекелестікті де арттырады. Бұдан тек еліміздің өндірісі, экономикасы ұтады.
Зейнетақы қорларын біріктіргеннен, салымшыларға ешқандай қиындық келмейді. Бұрын ай сайынғы салымдары қалай жинақталып жатса, солай жинақтала береді. Бір шетінен зейнетақы қорларын басқарушы компаниялардың ішінде, салымшылардың қаражатын өз қаражаты сияқты басқарғандар болған. Олардың бәрін реттеймін дегенше, бірыңғай қорға біріктерген жеңіл, басқаруы да оңай болады. Ал, қоғамда бұл дұрыс емес деп байбалам салып жатқандар – қолындағы майлы жілігінен айырылып қалған жеке капиталистердің ойнатып отырған куклалары. Оларға құлақ асудың қажеті жоқ. Бағытымыз дұрыс.
Бекжан ДОСЫМ