БІРЫҢҒАЙ ОРТАЛЫҚТЫҢ БҰНЫСЫ НЕСІ?

0 113

cfveuf

Астанада «Бірыңғай есептеу орталығы» («Астана-ЕРЦ») құрылғанда тұрғындар қуанып қалып еді. Расымен де бірнеше коммуналдық қызметтің ақысы бір түбіртекке жинақталуы қалалықтарға ыңғайлы әрі уақыт пен қаржыны үнемдеуге қолайлы-ақ. Алайда, бұл мекеменің бір «сырқаты» бар: телефон тұтқасын алдырту қияметтің қиыны. Осыған байланысты әнеугүні бір тұрғын шағым айтып кетті. Нау­рыз айының соңғы күні өзіміз де қоңырау соғып, жарты сағат бойы хабарласа алмадық. Ақыры, өткен айда тұтынған коммуналдық қызметтің көрсеткіштерін бере алмай кеттік.

«Астана Бірыңғай есептеу орталығы» ЖШС-да екі call-орталық бар. «707-444» нөмірлі диспетчерлік орталық 9.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін үзіліссіз және демалыссыз жұмыс істейді. Осында ауысыммен жұмыс істейтін 24 оператордың өзі жеткіліксіз болған соң,былтыр ақпан айында тағы бір call-орталық іске қосылған еді. Оның телефоны: 999-633. Бұл екі телефондағы операторлардың дауысын есту біз үшін мұң болып жүр. Кеше тағы хабарластық. Тұтқаны «жып» етіп ала қойған оператор қыз: «біз суық және ыстық судың көрсеткіштерін әр айдың 10-нан 31-не дейін қабылдаймыз. Қазір базамыз жабық. Көрсеткіштерді қабылдамаймыз» деп қуана хабарлады.

Бұдан кейін мекеменің бөлім басшысы Елена Югриновамен тілдесіп, мән-жайды сұрадық. Оның түсіндіруінше,  айдың аяғына қарай телефон желісіне кемі 20 адам қатар хабарласады екен. Солардың бәріне жауап бергенше, біршама уақыт өтіп кететін көрінеді, телефон босамайтыны да сондықтан.

– Біз ыстық және суық судың көрсеткіштерін ғана қабылдап қоймаймыз. Осы екі телефон арқылы қабылданатын қызметтің түрі 20-дан асады. Айталық, есептеу құрылғыларына пломба қою, түбіртектердегі есептеулерге байланысты арыз-шағымдарды қабылдау, бақылаушыны үйге шақыру сынды қызметтердің бәрі осы телефондар арқылы қабылданады. Көрсеткіштерді қабылдауға ғана арналған бөлек телефон орнатуға әзірше техникалық мүмкіндігіміз жетпей жатыр. Биыл тағы бір  call-орталықты іске қосу жоспарда бар. Сол кезде бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын, – дейді Елена Владимировна.

«Астана-Бірыңғай есептеу орталығы» ЖШС-ның операторлары айына 50 мыңнан астам телефон қоңырауларын қабылдайды екен. Сондықтан ыстық және суық су көрсеткіштерін берудің ең қолайлы уақыты әр айдың 10-25 күндері аралығы көрінеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + fourteen =