Бірқатар тапсырма берді

0 14

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзара бағалау көрсеткішінің екінші кезеңін ФАТФ халықаралық стандарттарына сәйкестендіруге қатысты Қазақстанның дайындығы жөнінде баяндалды. Агенттік төрағасы Президентке тәуекел­дер бойынша жасалған Ұлттық бағалаудың қорытындылары және ФАТФ-тың бірқатар маңызды ұсынымын ұлттық заңнамаға енгізуге мүмкіндік беретін заң жобасы Парламенттің қарауында жатқаны туралы айтты.

kz1-4285-2

Президент қылмыстық жолмен түскен табыстарды жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Атап айтқанда, қабылданған шаралар кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылдардың Basel AML Index индексі бойынша әлемдік рейтингтегі Қазақстанның орнын жақсартты.

Мемлекет басшысына еліміздегі көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде 490 іс қозғалды, оның 28-і жалған шот-фактура жазып берумен және қылмыстық жол арқылы қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тұлғаларға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру деректері бойынша жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Жанат Элиманов ­Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы пирамидаларын жабу жөнінде жүктеген тапсыр­масының іске асырылу барысы туралы баяндады. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі 15 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатып, зардап шеккендерге 2,3 миллиард теңге қайтарылды.

Президент агенттік басшысына құқық қорғау және басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Мемлекет басшысы азаматтарды қаржы пирамидаларына тартуға жол бермеу үшін шаралар кешенін қабылдау керек екенін айтты.

***

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты қабылдады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысына Қарулы Күштердің биылғы атқарған қызметінің негізгі қорытындылары, оның ішінде армияны техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру барысы туралы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскердің 2030 жылға дейінгі құрылымын қалыптастыруға бағытталған негізгі құжаттарға қатысты жұмыстардың аяқталғаны жөнінде мәлімет берілді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының әзірленуі және бекітілуі жайында айтылды. Бұл құжат шетелден қару-жарақ пен техника сатып алуға ғана емес, сондай-ақ отандық қару-жарақ үлгілерін әзірлеуге, инфрақұрылымды жетілдіруге, әскерді цифрландыруға байланысты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Мұрат Бектановтың айтуынша, ұлттық жобаның негізгі мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қорғаныс министрі Президентке ­қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету шаралары туралы және Қарулы Күштердің заманауи сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге төтеп беруге әзірлігі жөнінде есеп берді.

Сонымен қатар Мұрат Бектанов Жоғарғы Бас қолбасшыға Қазақстан халқына арналған Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың орындалуы туралы баяндады. Сондай-ақ әскери доктринаны қайта қарауға және экономиканың нақты секторындағы сұранысқа ие мамандықтарды мерзімді қызметтегі сарбаздардың меңгеруіне қатысты мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Кездесу соңында Президент еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =