©2020 Астана Ақшамы
Бірқатар айыппұл көлемі төмендеді
ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне бірқатар өзгертулер енгізіліп, соның ішінде ҚР ӘҚБК әкімшілік құқық бұзушылықтарының 40 құрамы бойынша әкімшілік айыппұлдар көлемі азайтылған.
Астана ІІД баспасөзі қызметінің хабарлауынша, бұған дейін міндетті сақтандыру туралы келісімді бекітуден жалтарған тұлғаға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынса, қазір міндетті сақтандыру келісімін бекітуден жалтарғаны үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Мүгедектерге арналған автотұраққа көлік қою бойынша 50 АЕК айыппұл 10 АЕК-ке немесе 24 050 теңгеге дейін төмендетілді. Өткен жылы бұл құқық бұзушылық үшін көлік тізгіндеушілер 113 450 теңге төлейтін.
Сонымен бірге, жаяу жүргіншілердің немесе жол қозғалысының өзге де қатысушыларының ережені бұзғаны үшін тағайындалатын айыппұл көлемі 5 АЕК-тен (11 345 теңге) 2 АЕК-ке немесе 4 810 теңге дейін азайған. Ал көлік жылдамдығын сағатына 10 шақырымнан 20 шақырымға дейін арттырғандарға (ҚР ӘҚБК 595-бабы) салынатын айыппұл 10 АЕК-тен 5 АЕК-ке дейін, 20 шақырымнан 40 шақырымға жылдамдықты арттырғандар үшін – 15 АЕК-тен 10 АЕК-ке, 40 шақырымнан жоғары жылдамдықты арттырғандар үшін – 30 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін төмендетілген. Аталған құқық бұзушылықты әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанған жағдайда төленетін айыппұл көлемі 40 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін азайтылды.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 28 желтоқсанында Мемлекет басшысы қол қойған «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы 2018 жылдың 9 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ, автокөлік иелері айыппұлды бірнеше тәсілмен төлей алады. Мысалы, «Қазпошта» АҚ немесе екінші деңгейлі банктердің есеп-кассалық бөлімшелері арқылы және Kaspi, QIWI кошелек төлем қызметі терминалдары арқылы қолма-қол ақшалай қаражатпен төлеуге мүмкіндік бар. Одан бөлек, egov.kz порталында тіркелу арқылы банк картасымен, екінші деңгейлі банктердің интернет-сайттарында онлайн-төлем тәсілдерін қолдануға да болады. Жол қозғалысы қағидаларын бұзу бойынша айыппұлдарды egov.kz, HandyPay, MyPay сынды мобильді құрылғылар арқылы да төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Айыппұлдың бар-жоғын тексеріп отыру үшін Telegram мессенджерінде @KazPostBot парақшасына жазылу қажет. Астана ішкі істер департаментінің хабарлауынша, айыппұлдың төленгені туралы түбіртекті әкімшілік полиция бөлімшелеріне әкелудің қажеті жоқ. Төленген айыппұлдар туралы барлық хабарламалар ІІМ әкімшілік құқық бұзушылықтар есебінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсіп отырады.
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ