БІРЛІКТІҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ

0 199

IMG_8067

Толеранттық – мемлекетімізді біріктіретін және дамытушы факторлардың бірі. Десе де шынайы түсіністік пен сыйластық, адамдардың бір-біріне деген құрметі, риясыз көңілі жаныма жақын. Мұндай қоғамда әркім өзінің ұлттық болмысын сақтау арқылы мәдениеттердің сан алуандығы өркендеп, азаматтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.

2010 жылы қабылданған Ел бірлігі Доктринасында «Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этникалық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды. Тәуелсіздік орнығуының ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этнос­ара­лық жанжал мен қоғамның бөлі­нуіне жол берілген жоқ. Сол жылдары, кеңестік дәуірден қалған дағдарыстан өту, жаңа экономикалық және сая­си қатынастарды қалыптастыру жағдайында, қоғамды ұйыстыру ісі: ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық татулық және этносаралық келісім қағидалары негізінде жүзеге асқан еді»деп жазылуы да тегін емес.

Осы жылдары шыққан тегі мен діни сеніміне қарап бөлмейтін ұлтаралық келісімнің айырықша үлгісі, сенім мен бірлікке негізделген іргелі қоғам қалыптасты. Әрине, ырыс алды – бірліктің түп қазығы – қазақ халқы. Осы халықтың кеңдігі мен ерлігінің арқасында ондаған ұлттар мен ұлыс­тардың баласын бауырына басып, олардың құнарлы қазақ топырағында өркен жаюына  мүмкіндік берді. Осылайша, тағ­дыр­дың салуымен қазақ жерін тауып,  кездескен ауыртпалықтың бәрін жеңіп, Отанымызға адал қызмет етудің, тату көрші болып өмір сүрудің даналығын игердік.

Қазақстанның жетістігіне ай­нал­ған қоғамдық келісім мен бір­лігіміз әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуымыздың кепілі болып, мемлекетіміздің іргетасын нығайттық.

Әлі күнге дейін ұлтаралық бірлікті нығайту біздің мемлекеттік саясаттың стартегиялық басымдықтары болып қалып отыр. Бұл ретте Қазақстан халқы ассамблеясының сан қырлы жұмысы мақтауға тұрарлық. Ол ха­лық­аралық қатынастар саласын­дағы мемлекеттік саясатты сали­қалы жүр­гізуде, мемлекеттік тілді меңгеруде, Қазақстан халқын бірік­тіруде оң нәтижелі жұмысын жүргізіп келеді.

Бүгінде ассамблея еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық жаң­ғыртулардың белсенді жол бастау­шысы, тәжірибелі бастамашысы.  Мәжіліске ҚХА мүдделерін алып жүретін тоғыз депутат сайланды. Бұл Ассамблеяға ерекше статус береді. Халық қалаулылары тек өз ұлтының мүддесін ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың да көзқарасын биік мінберден білдіріп отыр.

Елдегі татулықты түлетуде түрлі этностардың ана тілі мен мәдениетін дамытып, тарихи отандарымен бай­ланысының шектелмеуі де оң әсер етеді. Біздің елде әрбір этнос өкілдерінің өз тілін ғана біліп қоймай, қалаған оқу орнында білім алып, қалауынша қызмет жолын жалғастыруға барлық жағдай жасалған.

Әрбір этнос өкілдері өз орта­лық­тарының мәдени өмірі айналасында шектеліп қалмай, өзге ұлт өкілдерінің мереке-тойларына қатысып, бірін-бірі жақсы тануына мол мүмкіндік бар. Ұлттар мен ұлыстар етене ара­ласқан сайын өзара сыйластығы ар­татыны белгілі. Адамдардың шы­дам­сыздық
танытып, орын алған оқиғаларды бір­жақты қабылдап, соның салдарынан қоғамдық пікірді ширықтыруға құ­мартып тұратын кездері де жеткілікті.  Кейбір елдерде экстремизмнің ашықтан ашық насихатталып жатқаны да көңілді қатты алаңдатады.

Бүгінде этника аралық, конфессия аралық келісім әлемдік қауымдастық үшін аса маңызды мәселенің бірі болып тұр. Байқағанымыздай, бір аймақты жалт ете қалған оттың бүкіл әлемді жа­лынға орап кетуі де әп-сәтте екен.

Сол себепті де толеранттық, қоғам­ның ынтымағы мен халықтардың  ауызбіршілігі мемлекеттің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етудегі басты факторға айналып отыр. Көптеген елдердің қазақстандық ноу-хау деп қабылдаған ұлтаралық қатынастың жаңа үлгісі халықаралық деңгейде сұранысқа ие болып,  оның  нәтижелі тәжірибесін қолдануға ниет етіп жүргендердің саны көбеюі де сондықтан.

Біз корейлердің әлемдік бизнес фо­румының мүшесіміз, басқа да бірқатар шетелдік бизнес құры­лым­дармен бірлесе жұмыс істейміз. Ірі қаларда шағын және орта бизнес­ке арналған іскерлік орталықтары құрылды. Оңтүстік Ко­реяның ірі компанияларымен байланыс орнатып, тиімді жобалардың қазақстандық нарыққа шығуына жол ашамыз. ҚХА қолдауымен Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарының бірінде Қазақ мәдени орталығын ашып, қазақ тілі мен мәдениетін, тарихын білгісі келетіндерге жағдай жасадық. Жыл сайын мәдени, білім беру, әлеуметтік саладағы нақты жобалар оңтүстік корейлермен бірге  іске асырылып жатқаны айта кету керек.

Әрине, инновациялық технология­лар елімізге өздігінен келмейді. Пай­далы жобалардың осы жақта қанат қағуына өзіміздің тарапымыз­дан қызығушылық танытып, қолдау көрсеткен жөн. Мүд­делер тоғы­сатын ортақ алаңдардың нақ ортасында Қазақстан халқы ассамблеясы
мүшелерінің жүруі еліміздегі ұлтара­лық саясаттың жаңа сипаты, кең өрісі деп бағаланған жөн.

Роман КИМ,

Мәжіліс депутаты, Қазақстандық корейлер Ассоциациясының төрағасы 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =